- Advertisement -

Жарияланбаған соғыстың жампоздары

162

- Advertisement -

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейтін бұрынғылар. Сергейдің мұсылманша атының Серікбай екендігін бірен-саран кісі ғана білетін. Үйде де, түзде де орысша есіммен аталған ол ақыры сол есіммен қалды. Әрі Суворов атындағы училищедегі офицерлер оның қазақша есімімен атап, тілімізді бұрмалағанша Сергей деп қысқа қайырғанды жөн көрген тәрізді.
Сергейдің әкесі – Тұрымқұл Мақашов Талас ауданы Ойық ауылында туған. Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан. Бүкіл өмірі кеңес әскері қатарында өтті. Гвардия полковнигі дәрежесінде зейнетке шықты. Туған жеріне ат ізін жиі салатын. Әр келген сайын ұлы Сергейді туған жеріне ерте келетін. Бүгінде Тұрымқұл ауылы сол кісінің есімімен аталады.
Ұшарын жел, қонарын сай білетін әскери өмірде Тұрымқұл мен Людмила жалғыз ұлды бізден де артық тәрбиелейді деп училищеге берген-ді. Ес білгеннен әскери гарнизонда өсіп, «раз-двадан» басқаны естіп көрмеген бала да темірдей тәртіп орнаған ортаға бейімделді. Әскерилерде «маршал боламын деп армандамаған солдат солдат емес» деген қағида бар.
Свердловск (қазіргі Нижний Новгород) қаласындағы Суворов училищесін бітірген соң, Алматы қаласында Қонаев атындағы әскери училищесінде оқуын жалғастырып, оны 1977 жылы бітіріп шыққан лейтенант шеніндегі жас офицер Қапшағай қаласындағы әскери-әуе күштері құрамасына взвод командирі болып тағайындалады.
1978 жылы офицерлер мен солдаттар арасында Ауғанстан туралы арнайы әңгімелер өткізіліп, лекциялар оқылатын. Қапшағайдағы әскери-әуе күштерінің құрамы мен десанттары арасында төте шабуылға шығу мен із жасырып кету турасында жекелеген сабақтар, жаттығулар өте бастағанда, Сергейге бір мосқалдау полковник: «Сірә, бір үлкен соғыстың исі шығатын түрі бар» деген.
Сәуір айының басында Сергейлер құпия жиынға шақырылды. Подполковниктік қос жұлдызы жарқыраған, Мәскеуден келген офицердің айтысы: «Дос, туысқан, бауырлас ауған халқы кеңес өкіметінен көмек сұрайды-мыс. Өйтпесе, бұл ел империалистердің қақпанына түсіп, халқы азап көреді».
Солдат та, офицер де, генерал да өз Отанының ұлы, жауынгері, сақтаушысы. Өйткені солдатқа бұйрық берілсе, ол талқылауға жатпайды, орындалады. Орындамасқа хақысы жоқ, Ауғанстанға соғысқа бармаймын деп айтуға да рұқсаты және жоқ. Қапшағайдан асығыс-үсігіс Алматыдағы әке-шешесіне телефон шалған Сергейдің айтқаны: «Мен ұзақ мерзімді командировкаға барамын».
Әскери адамдар үшін ар жағы айтпаса да түсінікті. Тұрымқұл мен Людмила дәл айта алмаса да ұлдарының «ыстық нүктеге» аттанатынын іштері сезеді.
…Ауғанстанға Кеңес одағының 150 мың әскері жан-жақтан лап қойды. Міне сөйтіп, ауған халқына қайғы-қасірет әкелген жарияланбаған соғыс басталды. Онда өмір кино мен кітаптағыдан мүлде басқаша. Әсіресе ауған жерінде. Өйткені ол жақта екі жақтың да майдан шекарасы әскери картаға түсіп белгіленбеген. «Кіндіккүштің» сілемдері парсы жеріне дейін жетеді. Тау-тастары күн сәулесінен қатып, мүжіліп, жалаңаштанып тұрады. Американдықтар салған тау жолының сол жағы тауға тірелсе, оң жағы құз, жартас болып келеді. Етегінде есіңді шығарар ыстық ауамен тұншықсаң, ортаңғы белі көкке малынып, бірен-саран бұтақты ағашы көзге ұрса, биігіне барсаң кәдімгі қар жатады. Арғы бетке жеткенше 14 рет жер асты жолынан өтесің. Оның ішінде ауа жоқтың-қасы. Кіреберісте тұрғындар саған аузыңа оттегі беретін қапшық беріп тұрады, оны шығар тесікте қарауылдап тұрған екінші солдатқа тапсырасың.
«Кіндіккүштің» күнгейінен шығып, төмен қарасаң қылтанағы аз, қызыл түстес жазық көзге түседі. Оны «Өлім алабы» деп атайды. Сол алқапта кеңестік көптеген жауынгерлер өлім тырнағына ілікті.
1981 жылдың қазанынан 1983 жылдың қаңтарына дейін 105-ші ішкі әуе-десант дивизиясында арнаулы барлау тобының взвод, кейін ротаны басқарған, капитан Сергей Тұрымқұлұлы төрт жыл ішінде не көрмеді. Ол басқарған взвод, рота дұшмандармен қай жерде шайқасып, қан төгіспеді. Нұқыл жасыл әскери форма киініп, бірақ бастарынан шалмаларын тастамайтын Ауғанстан армиясының сарбаздарымен, белгілі әскери формасы жоқ ауғандықтар арасында қиян-кескі соғыстар болды деу қиын. Есесіне кеңес әскерлері тау мен тас, құз бен ағаш арасына жасырынған дұшмандардың ылғи қарауылында тұрады.
Бұрынырақ Кабулдағы операция кезінде көзге түскен Сергейді шенді офицерлер ұнатып-ақ қалса керек, өздерін қорғайтын жасағын жасап алған қорлықтарын айтсаңшы. Құндыз, Жалалабад қалаларындағы шайқаста жаудың штабын талқандауға тиіс арнаулы бөлім сүйкімі жоқ месқарын полковникті тұрса да, жатса да жанынан бір елі қалмай, қорғап әлек.
Ауған жерінің солтүстігі құм басқан шөл дала, ми қайнатар ыстық. Қышлақтарындағы үйлер саз балшықтан соғылып, біріне-бірі жалғаса салынады, тіпті көшесі қайсы екенін кейде ажырата алмайсың. Үй мен үйдің арасы дуалдан көз аштырмайды. Еркектері ауы кең шалбар киіп, жасы-кәрісі түгел сақал, мұрт қойып алған, анықтап сұрап алмасаң жасын да ажырата алмайсың. Әйел біткен бетін пәренжемен жауып, жүзін көрсетпейді. Бірен-саран комсомол, партия белсендісімін дейтін қыз-қырқын болмаса, көбісі солай жүреді.
Кейде жау әйелдің пәренжесін жамылып алып, әскер қосынына кіріп кетіп, қырып жатады. Ондайда жауап беріп, таяқ жейтін, әрине, барлау бөліміндегі жауынгерлер. Елдің солтүстігінде өзбектер, тәжіктер, түркімендер ара-тұра қазақтар ұшырасса, оңтүстігін пуштумдар, хазарлықтар, үнділер, пәкістандықтар мекендейді. Ол жақтың жері сулы, нулы болып келеді. Жеміс ағашында анар, өрік, алма, жүзім, шиеге тұнып тұр. Алқап-алқап етіп егіп тастаған қарасора да сонда. Есірткінің саудасын қыздыратындар да кезігеді.
Арнаулы тапсырмалар жөніндегі барлау бөлімін басқарып жүрген Сергей полковниктің арамдығын сезетін. Әсіресе ортаазиялық жауынгерлерді оқтың өтіне байлап, «баран», «чурбан» деп кемсітіп, боқтап, балағаттайтынына да іші қазандай қайнайтын. Тіпті біреулер арқылы героинге қару-жарақ айырбастайтынын да сезімтал жүрегі сезіп қалған. Әділетсіздікті сезсе әкесін де аямайтын жас офицердің қаны басына шапшып, күндердің күнінде полковникке мұныңыз дұрыс емес деп айтып қалсын.
– Ақыл айтатын сен маған кімсің?! – деді ол түтігіп. – Жала жапқаның үшін мен сені әскери сотқа беремін.
– Берсең бер! – деді Сергей өжеттеніп, – Мен де бар шындықты жайып саламын.
Полковниктің әскери сотқа беруге шамасы келмеді. «Арыма тиді, бұйрықты орындамады» деп полктегі бастауыш партия ұйымының бюросына шағымданды. Қарға қарғаның көзін шұқи ма? Оның үстіне командирге екі дүниеде кім дауыс көтеруі тиіс. Қарсы шығу – бар абыройыңнан айырылу. Ал мынау, араққа сылқия тойып алып, аузынан жөні түзу сөз шықпайды.
Қойшы сонымен партбюроның жеті мүшесінің төртеуі Сергейді қаралап, үшеуі жақтай сөйледі. Әсіресе «қара капитан» атанған, бұжбан қара, ала көз, күлгенінен томсырайып жүргені көп Сұраған Қарымбаев қызына сөйлеп:
– Жолдас полковник, – деді, – Шындықты айтқаны үшін аға лейтенантты жазғырғаныңыз тіпті офицерлікке жатпайды.
– Шындықты алдымен дәлелдеу керек.
Полковник те өліспей берісер емес. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегендей оның ішінде командирдің сөзі заң.
Партия ұйымының хатшысы Трофимов:
– Кешірім сұрасын, – деп мәймөңкеге басқан.
– Сұрамаймын, – деп Сергей де қырсықты да қалды.
Екі жақ ақырында жұмсарып, Сергей Тұрымқұлұлына есеп карточкасына жазылған сөгіс жаздырды. Ол кезде мұндай жаза алу – әскери баспалдақтармен өсуге нүкте қойғанмен бірдей.
Полковник тіпті екіленіп кетті, «құпия бөлімді бұған басқартуға болмайды. Өзінің әуе-десанттық ротасына кетсін». Сергей Қарынбаевтың қарамағына осылай топ ете түсті. Енді жалғыз полковникті емес, бүкіл полктың алдыңғы шебінде жүріп, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді мұның ротасына. Шынын айтқанда, полковник Сергейдің ротасын – дұшман мергендері мен гранатометчиктерінің нысанасына мықтап байлап берді. Соғыста қаншама айлакер, ылдым-жылдым дегеніңмен оқ сені бәрібір табады.
1983 жылы қаңтар айында Қандағар қаласына қарай ұбап-шұбап бара жатқан танкілер, БТР-лар, жүк көліктері басқа да әскери техникалар. Бұлар әдеттегідей құз-қияны қиып өтіп, алда келе жатқан. Кенет жолдың екі қапталынан дұшмандар гранатометпен оқты қарша боратсын.
– БТР-дан түсіп, тас-тасты қалқалаңдар, – деді Сергей жанұшыра айқайлап.
Олай дейтіні қанша темір дегенімен БТР-ларың гранатометтің оғының алдында қауқарсыз. Біреуі қабырғасын тессе, ішіндегі бес-алты жауынгерді жоқ етеді. Сергейлер де ыңғайлы қуыстарды паналап, жау жаққа оқты жаудырған. Бірақ дұшмандар дәл көздейтін сияқты. Оның да себебі жоқ емес. Дұшмандарға туған жерінің әрбір тасы таныс, қалтарыстан, қиядан оқты жаудырып-жаудырып тастайды да бір сәтте құмға сіңгендей жоқ болып кетіп, басқа жерден атып діңкелетеді.
– Көздеп атыңдар!
Сергей де соғысқан бес жыл ішінде әбден ысылып қалған. Алғашқы кезде «қалпақпен ұрып аламыз» деп барған талай боздақтар соғыс тәсілін білмегендіктен босқа оққа ұшқан жоқ па? Бес жыл ішінде бұл қаншама есіл достарынан ажырады. Тіпті бірде қолға түскен бір тәжік орысшалап:
– Сені бұл ауғанға кім жіберді? Не үшін, кім үшін соғысып жүрсің? Біздің ата-бабамыздың жерінде не әкеңнің құны бар? – деп айқайлаған.
– Отан.
– Отан. Сенде белгілі Отан бар ма? Сергейдің қаны басына шауып, қаруына қол салғаны сол, әкесінің: «Балам, қай уақытта да ұстамдылық жақсы. Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегені есіне түсіп, сабасына түсті. Тәжік те ер екен. Сенің қолыңнан өлгенше өзім өлейін деді де қойнына тыққан кездігін суырып алып, ішіне бір-ақ ұрды. Сол жерде «Алла» деп жан-тәсілім етті.
Бүйтіп атыса берсе, оқтары таусылатынын ұғынған Сергей тәуекелге бел буып, ротаны шабуылға көтермекке ыңғайланып: «Ура!» – деп үлкен қойтасты тасалай құзға қарай жүгіргенін біледі… Жарық дүние қызыл-жасыл күйге бөленіп, енді бір сәт құлап бара жатты. Дұшман мұның бар қимылын бағып тұр екен…
– Командира убили! – деп солдат жанұшыра айқайлады. Сол мезет оқ себелеген ауыр ұшақтар тау үстіне шыға келіп, мынау дұшман, мынау кеңес солдаты деген жоқ бомбалай бастаған. Соғыста осындай да сұмдықтар кездесетін. Олар одан кейін белгілі майдан шебінің жоқтығын айтып, ақталатын. Ол жағын сол сәтте Сергей білмейді. Есіл ер қойтастың шетінде аузынан қан ағып шала жансар күйінде жатқан-ды.
Сергей Тұрымқұлұлының ажалы жоқ екен. Сүйген жарының сыйлаған бойтұмары жанын сақтап қалыпты. Гвардия полковнигінің ұлы Сергей Кабул қаласындағы әскери госпитальда темір кереуетке таңылып, өлім мен өмір арасында ғұмыр кешіп, тұп-тура 6 ай жатты. Қырық жыл қырғын болса да қыршын жасын қия алмаған оқтан аман қалған ол қайтып дұшмандармен қару салыстыра алған жоқ. Әскери комиссия оны азаматтық әскери қызметке ауыстыруға шешім қабылдады. Маршал болуды армандаған гвардия капитаны Ауған соғысынан үмітін өшіріп қайтқандай болды.
Жарияланбаған соғыстан КСРО-ға 17500-ге жуық сарбаз темір табытқа салынып оралды. 75 мың адам түрлі жарақат алды. Жан жарасы сонымен біте ме? Елге оралған соң соғысты кинодан көргендер «Сені Ауған соғысына кім жіберді?» деп сөккенде, жүрегің жылап, өзегің өртенеді екен», – дейді Сергей осы күні. Әрине, обал-сауабы Кремльдің көсемдерінде, дегенмен қолына қару алып, Отанын қорғаған ауғандықтарда не кінә бар?! Олар Отан-Ананың бұйрығын орындады.
Ауған соғысының ардагері Сергей Тұрымқұлұлы Мақашев қазір Алматы қаласында тұрады. Оның өткен күндерден еске алатыны – қазақ халқын ұятқа қалдырмай, майдан даласында ерге тән ерлік көрсеткені ғана.
Мен Сергеймен хабарласып, өзін өлімге байлаған полк командирі туралы жайлап сұрастырғанымда «Жә, оның аты-жөнін атауға да жиіркенемін», – деді.
Осыдан-ақ оның тектінің тұяғы екендігін таныдым. Кейін Сергейді Талас ауданындағы ауғандықтармен таныстырдым.Үйінде қонақта болған Құлахметов деген майдандас досы оның өкінішін де жеткізді. «Әкемнің туып-өскен жеріне баруға ұяламын, себебі, қазақша жақсы сөйлей алмаймын» депті.Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрымқұл Мақашовтың ұлы Ауған соғысының қаһарманы Сергей Тұрымқұлұлы туралы айтарымыз осы.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support