- Advertisement -

Өртке оранған бүлдіршіндер тағдыры ешкімді бейжай қалдырмады

47

- Advertisement -

Елордамыз Астанада болған жантүршігерлік жағдай кімді болса да бейжай қалдырмағаны рас. «Баламның табанына кірген жаңқа менің маңдайыма қадалсын» деп отыратын ана мен әке бүгінде қара жамылған қамкөңіл ата-анаға айналды. Лашықтай үйін кең сарайдай еткен бес перзентінен айырылған қос жанның етегі жасқа толды. Қан жылап, жүректеріне жазылмас шемен бітті. Күні кеше базардай болған үйдің бүгінде адам қарайтын сиқы кейпі де қалмаған. Қаралы жағдай орын алған мекенде болмаса да, теледидар мен ғаламтордан көрген әрбір жанның көңілі құлазып, көзіне жас үйірілді.

Қайғы жұтқан отбасының басына түскен жайға қабырғасы қайысқан азаматтар хал-қадерінше көмек қолын созуға тырысып бағуда. Жәрдемдесе алмағандардың өзі де іштей дұға-тілексіз емес. Қазақстандықтардың көбеюін тілейтін халқымыз үшін бұл қаралы күндей болғаны анық. Қайғы жұтқан ата-ананың қазіргі жай-күйін ешбір әсерлі де бейнелі сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Қуықтай үйді паналап отырған ата-ана бақытты бағалауға тырысса да, тілсіз жау өрімдей қыздарды жалмап кетті. Бауыр еті балаларының мәйітін көріп, есеңгіреген ата-ана сол жағдайға лағынет айтып, отағасының жүрегі мұзға, елжіреген ананың бауыры тасқа айналып, әр нәрестені өсіру барысында онсыз да жырым-жырым болған жүрегі тілімденіп кеткені хақ. Мұндайда қойылар сауал көп, жауап – біреу, бәріне уақыт емші. Бірақ ажалға да балаларымды менен бұрын алма, «Жылауық болса да, бала жақсы» дейтін жарымжандарға көрсетіліп жатқан бұл көмектер де, бұл уақыт та емші бола алсын ба?! Өйткені тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген балапандарын әке-шешесі бұдан былай құшағына алып иіскеп, боталарының мөлдіреген жанарын, асыр сап ойнағандарын көре алмайды. Жабырқаса «әкетай, саған не болды», «анашым, мұңаймашы» деп көкірегіне бас қойып, былдыраған тілімен жұбатуға тырысып, мақтадай алақанымен маңдайынан сипап, бетін құшырлана сүйгені, жұмыстан шаршап келгенінде, бәрін ұмыттырып, кіп-кішкентай жүрегімен-ақ үлкен мейірімге бөлейтін жақұттардың барлығы да көзден ғайып болды. Енді тек зеңгір көктен ғана шапағатшы болатын періштелері қамшының сабындай бұл өмірдің бес күндігін көріп үлгерместен, отқа оранып, о дүниелік болғаны бір отбасын ғана емес, бар шаңырақты есеңгіретіп кетті.
Әлеуметтік желідегі парақшаларын ашқан біз жүзінен мейірім-шуағы төгілген 32 жастағы ана мен 35-ке аяқ басқан әкенің бейнелерін, балапандарының топталып, бір-бірін құшақтап, бал-бұл жанған сәттерін көрдік. Бір өкініштісі – қандай жағдай жасалып, қанша уақыт өтсе де сол періштелер енді алыс сапарынан оралмайды, жұмыр жерге қайта келмейді. Ең ауыры – сол сәттердің кері айналып келмеуі, зар илеген ана мен әкенің көзқуаныштарының ең болмағанда мауқын басар біреуінің де тірі қалмауы. Бала кейіпте есте қалған олардың артына қалдырғаны тек жазып-сызғандары мен құндақтаған қуыршақтары. Бірақ бұлар жұбаныш бола ала ма?! Сәт сайын бүгінгі қайғыға душар еткен күнді ғана еске сала берері анық.
Қыршынынан қиылған жауқазындардың ерте солғанына жамбылдықтар да күңіренді. Осыған байланысты Әулиеата топырағында қаралы жиын ұйымдастырылды. Махаббат аллеясына жиылған қауымның бұл күні жанары солғын, жүзі сынық, үн қатуы да әлсін шықты. Тіпті сөз сөйлетудің өзі сыр суыртпақтаумен тең болды. Іс-шараны ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли қаралы жағдайға қатысты облыста, мемлекет деңгейінде түрлі көмек-қолдау көрсетіліп жатқандығын жеткізе келе:
– Елбасы арнайы көңіл айтты. Премьер-Министріміз Бақытжан Сағынтаев та Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысын марқұм сәбилердің туған-туыстарының қайғысын бөлісуден бастап, Астана қаласының әкіміне лайықты түрде соңғы сапарға шығарып салуды жүктеді. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа оқиғаны жан-жақты зерделеп, халықты хабардар етіп және мұндай оқиғаның алдағы уақытта қайталанбауы үшін тиісті шаралар жүргізуді тапсырды.
Әрине, мұның бәрі де уақытты кейін шегінте алмаса да, қазалы оқиғалардың алдын алу шаралары деп қабылдағанымыз жөн. Бұған бірнеше белсенді азамат пен блогерлердің өтініштері негіз болғандығын және осыған байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметов те қайғыға ортақ екендігін айта кеткеніміз абзал, – деді.
Келесі сөзді алған Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл осы жағдайға қатысты халқымыздың да жұдырықтай жұмылып, шаһар мешіттері бүлдіршіндерге арнап құран бағыштағанын жеткізді.
– Барлығымыз да балақайлардың ата-аналарына демеу, жүректеріне сабыр берсін деп дұға жасаудамыз. Бұл біздің шын жүректен жасалған игі тілегіміз бен ниетіміз, – деп Қанат Әділханұлы бүлдіршіндердің әруағына құран бағыштады. Бұдан кейін ортаға шыққан ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы:
– Қасіреттің үлкен-кішісі болмайды. Мұндай қайғылы жағдайда бір-бірімізге
мейірлене түсейік. Отанымызда мұндай жағдай енді болмасын! – деп, жақсылықтың жаршысы болуға шақырды.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мөрбеков қазір еріктілермен бірге көмекке мұқтаж жандар анықталып, жиналған мәліметтерден дерекқор жасалынып, «Өркениет» қоры құрылғанынан хабардар етті. Келесі кезекте Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері Ақнұр Сұлтанбекова, Әйгерім Есалиева мен Назерке Ниязалы Жұмағали Саин, Мұқағали Мақатаев сынды ақындардың өлеңдерін оқыды.
Жиын соңында ескерткішке гүл шоқтары мен ойыншықтар қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Әттең, осының бәрі «Айналайын әкемнен, айналайын анамнан, күн сияқты ашылар, қамқоршым да осылар» дейтін балдай тәтті балақайларды қайтара алса… Ата-ананың жұдырықтай жүрегін жібітіп, онда қатқан жараны жаза алса ғой, шіркін… Көптің ендігі тілеуі қайсар әке мен болаттай ананың бұл қиындыққа өзегі өртеніп, қабырғалары қайысса да, морт сынбай, төтеп беріп, сабыр сақтап, мойымаса екен дейді.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support