- Advertisement -

Португалия құрамасынан айласын асырды

33

- Advertisement -

Девис кубогі аясында өткен кездесуді Елбасы тамашалады

Үлкен теннистен Девис кубогі аясында өткен командалық кездесуде Қазақстан спортшылары португалиялық қарсыластарынан басым түсті. Іріктеу кезеңіндегі додада ұлттық құраманың намысын қорғаған саңлақтарымыз жарқын жеңістерімен көзге түсіп, жанкүйерлерді қуантты.
Бірінші ойында кортқа шыққан Александр Бублик Жоау Соузадан 2:1 есебімен айласын асырды. Дегенмен Бублик бірінші сетте қарсыласына 6:7 есебімен есе жіберіп алды. Бірақ екінші және үшінші кезеңде 6:4 есебімен есе қайтарып, құрама қоржынына алғашқы ұпайды салды. Екінші ойында еліміздің бірінші ракеткасы саналатын Михаил Кукушкин Педро Соузаны екі сетте жеңе білді. Ол 6:2 және 6:0 есебімен айқын басымдық танытты.
Жұптық кездесуде Қазақстан намысын қорғаған Тимур Хабибуллин мен Александр Недовесов жеңісті жорықты жалғастырғанда ұлттық құрама үш ойын қорытындысы бойынша мерзімінен бұрын жеңіске жететін еді. Алайда олар Гаштау Элиаш пен Жоау Соузаға 1:2 есебімен ұтылып қалды.
Алайда Қазақстан құрамасы төртінші ойында мерзімінен бұрын жеңіс тойын тойлады. Михаил Кукушкин Жоау Соузаны екі сет қорытындысы бойынша жеңіп, ұлттық құраманы келесі кезеңге алып шықты.
Португалия құрамасынан басым түскен Қазақстан теннисшілері финалдық кезең жолдамасын қалтаға салды. Финалдық дода Испания астанасы Мадридте өтетіні мәлім. Аталмыш аламанда 18 елдің құрамасы бақ сынайтын болады.
Девис кубогі аясында өткен іріктеу кездесуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келіп, ойынды тамаша­лағаны теннис­шілерімізді жігерлендіргені анық.
«Мен Елбасы кіріп келген сәтте қарсыластың олқы тұсын дөп тауып, брейк істедім. Әлбетте, Мемлекет басшысының ойынымды тамашалағанына қуаныштымын. Қобалжығанымды жасыра алмаймын. Әйткенмен мен Елбасының көз алдында үшінші немесе төртінші мәрте ойнағандықтан шығар, толқынысымды баса алдым. Кортта не істеуім керектігін сезіндім. Қарсыласымды айқын басымдықпен жеңуіме Президенттің келуі өз септігін тигізді деп ойлаймын. Бізге қолдау көрсеткені үшін зор алғысымды білдіремін. Арнайы уақыт тауып, жарысты көруге келгені бізді қанаттандыра түседі», – дейді Михаил Кукушкин өз ойымен бөлісіп.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support