- Advertisement -

Биылғы қыс пен көктем райының аужайы

128

- Advertisement -

Қазақ халқының болжамдарына сүйенетін болсақ, «жылдың басын қалай қарсы алсаң солай өтеді» деген қағида бар. Сол сияқты жылдың басындағы бірінші, екінші күндері ауа райы қалай болса, сол жылдың ауа райы да солай болады дейді. Ол болжам тексерілген, зерттеліп дәлелденген. Сол секілді «жаңа ай туғасын айдың басы бірінші, екінші күні ауа райы қалай болса, ол айдың ауа райы сол 2 күнге ұқсас болып өтеді», – деген болжам да айтылады. Ол болжам да менің өз тарапымнан дәл келетіні зерттеліп, дәлелденген.
Биылғы ақпан айының жаңа туатын айында бірінші, екінші күнінде яғни 5, 6, 7-леріне күн жауын-шашынды және аязды болғалы тұр. Ол деген сөз ақпан айының 6-сы мен келесі жаңа ай туғанға дейінгі аралықта, яғни 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне дейін жауын-шашынды, қар, соңы аязды болады деген сөз.
Тағы бір дәлел келтіретін болсақ, қазақ халқының басқа халықтан бір ерекшелігі мақал-мәтелдерді және ауа райы туралы амалдарды, болжамдарды, ырымдарды, салт-дәстүрлерді өмірден көріп айтқан. Сол амалдардың бірінде ақпан айы туралы «Амалдың аты». «Бөрі сырғақ». «Ақпан айының қысы да ақырып келеді» деген екен.
Ат құлағы көрінбейтін боран осы айда көбейеді. Ай аяғындағы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың ұйығуы басталады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршектерін айтады. Және жауын-шашынды болған айды қазақ «сырғағынан болды» дейтін. Көне көз қариялар бұл амалдың атауы осы айда бөрілердің ұйығуына байланысты аталғанын айтады. Бұл амал арқаның, солтүстіктің және шығыстың ауа райына арналған.

Тағы бір амал «өліара» деп аталады. Ескі ай бітіп, жаңа ай туғанға дейінгі аралық. Бұл – өліарадағы ауа райы. Егер өліарада жауын-шашын болса, жаңа кірген, туған айда ауа райы жауын-шашынды болады. Ақпан айында «өліара» жаңа ай туатын 5-і күнгі түннің алдындағы 3, 4, 5-күндеріне сәйкес келейін деп тұр.
Демек, жаңа кіретін 6 ақпан мен 8 наурыз аралығында болатын ай, сырғағынан жауын-шашынды, қар мол әрі суық болуы тиіс. Ол 8 наурызда басталып, 7 сәуірде бітетін келесі айға да әсер етуі мүмкін. Наурыз айында күн жылы болғанымен табиғат заңы бойынша күн бұзылатын өліара, тоғыс, ескі айдың жиырмасы күндері жаңбыр жауып, арты қарға айналып кетуі мүмкін.
Демек, қыс созылып, көктем кеш шығуы ықтимал. Бұл туралы қазақ амалдарында да айтылған екен. Амалдың аты – құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Бұл кезде құстардың келуімен жаңбыр соңынан қар жауады, суық жел тұрады. Оны қазақ «құс қанатымен келген қар немесе дегелек қар» деп те атаған. Демек, шаруалар шөбін үнемдегені дұрыс.
Ал алдағы көктемге келетін болсақ. Құдай қаласа жаңбырлы болмақ. Егінді еге берсе болады. Оған дәлел:, «Қазақ бір амалда құрғақшылық әрбір 4 жылда бір айналып келеді» деп айтқан екен. 2018 жылы көктемде оңтүстік облыстардың таулы аудандарынан басқа жерінің көбінде құрғақшылық болғанын ескерсек, келесі құрғақшылық енді 4 жылдан кейін, 2022 жылы болуы тиіс. Ортадағы 2019, 2020, 2021 жылдары көктемде жаңбыр жақсы жаууы керек. Осы амалдарды ескеріп дұрыс пайдалана білсек, әр шаруа 1 миллион теңгеден пайда тапқанда облысқа, ауыл шаруашылығына миллиардтап пайда келеді.

Нұрғабыл ҚОЗЫБАЙ,
ауа райына болжам жасаушы.

Шымкент қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support