- Advertisement -

Құлманбетовтің қазыналы қоймасы

58

- Advertisement -

халық қажетін өтеп, жеңсік ас жеміс-жидектің жаздағыдай жасаң күйінде сақталуын қамтамасыз етіп отыр

«Жаңа Кемер құрылыс» ЖШС – өңіріміздегі көпсалалы агроқұрылымдардың бірі. Серіктестік өткен жылы «Даму» қорының таңдауы бойынша 20 үздік тауар өндіруші шоғырынан көрінді. Қазіргі уақытта құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүзеге асыру үстінде. Мұнда, сондай-ақ жолға арналған құрылыс материалдары, төсем тастар, аяқ жол тақтатастары мен брусчаткалар да дайындалады. Серіктестіктің ауқымды сақтау қоймасының игілігін де ел көруде. Айта кету керек, мұндай сақтау қоймасы еліміздің екі қаласында – Алматы мен Таразда ғана бар. Агроөнеркәсіптік өңірдің әкімшілік орталығы ретінде мұндай кәсіпорынның Тараз үшін өте-мөте қажет екені белгілі. Кәсіпкер оны қала іргесіндегі Бектөбе ауылынан «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ тарапынан берілген несиелік қаражат есебінен тұрғызған. Сақтау қоймасының сыйымдылығы 2000 тоннаны құрайды. Алманы өздері де өсіреді, алайда қазір мұнда сақталып отырған 250 тонна өнімнің басым дені өңірдегі алма өсірушілерге тиесілі. Келесі жылы картоп өнімдерін сақтауға алуды бастамақ.
Мұның барлығы да тараздық іскер азамат Көшкінбай Құлманбетовтің өзінің кәсіпкерлік ісін ғылыммен ұштастыра ізденіспен өрістетуінің де жемісі екені анық. Бүгінгі мақаламызда кейіпкеріміздің бір ғана қыры – еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі сақталуына қосып отырған үлесі тұрғысында әңгімелемекпіз. Кәсіпкер азамат ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұра алу әдісін де ойлап тауып отыр. Жаңа әдіс деуге де келмейді, бұл Еуропа елдерінде бұрыннан бар тәжірибе. Мұның мәнісі – жеміс-жидек өнімдері мейлінше бабына келтіріліп, қыста да жасаң күйінде сақталуына қол жеткізілуі. Яғни өркениеттік үлгіде салынған. Мұнда барлығы 12 камера жұмыс істейді. Әрқайсысының тоңазытқыштық, ылғалдатқыштық, ауыр заттарды бойына сіңіріп алушылық секілді жеке ерекшеліктері бар. Этилен газын көмір қышқыл газымен алмастыратын құрылғылармен жабдықталған. Әдетте, алма өз бойынан этилен газын бөледі де, ол арнайы құрылғы көмегімен көмір қышқыл газына айналдырылады. Соның әсерімен алма «ұйықтау режіміне» көшіріледі, бұл жағдай 7-8 ай бойы жалғасады. Кәсіпкердің өзі тұрғызған сақтау қоймасының арқасында жергілікті жерде өсірілген алма өнімдері биыл айтарлықтай төмендетілген бағамен өткерілу үстінде екенін де айта кеткен жөн.
Ол өзінің аумағы бір жарым гектарлық сақтау алаңы аумағында алдағы уақытта көкөністер мен жеміс-жидектерді сақтаумен шектелмей, оларды өңдеу-ұқсату ісін ұйымдастыруды да ойластыруда. Мұнда кептірілген жемістер, қалбырланған және ұнтақ түріндегі жеміс өнімдері шығарылмақ.
Көшкінбай Құлманбетов адам үшін ең пайдалы дағды – жергілікті жерде өсірілген экологиялық тұрғыда таза азық-түлік өнімдерін пайдалану екеніне де сенімді.
– Бізде тұтыну мәдениеті қалыптаспай отыр. Барлық ауруларымыз бен жалпы өмір тіршілігіміздің арқауы да ас. Тұрғындардың денсаулығын қалыпты жағдайда сақтай алатын да басқа емес, өзіміз. Біз жергілікті жерде өндірілген көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерінен емдік косметикалық дәрумендер дайындап, олардың көмегімен адамдардың емделуіне айтарлықтай көмегімізді тигізе де аламыз. Алайда бұл үшін шетелдерден инвестициялар тартуымызға тура келеді, – дейді ол.
«Жаңа Кемер құрылыс» ЖШС-ның директоры К.Құлманбетов алдағы уақытта аграрлық корпорация құруды жоспарлап отыр. Бұл идеяны жүзеге асыруы үшін оған барлық сақтау талаптарына жауап берерліктей сапалы өнімдер керек болады. Оның айтуынша, кез келген көкөніс пен жеміс түрі ұзақ сақтауға келмейді. Мысалы, Жуалының ақ картобының өзі ұзақ мерзімге сақтауға жарамсыз. Кәсіпкердің қажетті өнімдер талапқа сай болуы үшін өзі егіп өсіруі қажет екен. Ал бұл ретте егістік жердің қажет болатыны айтпаса да түсінікті. «Ауыл шаруашылығымен тікелей өзім айналысуға қуана келісер едім. Мәселе жақын маңда бос егістік жердің жоқтығында болып отыр. Ал алыстағы егістік телімдерін пайдалану артық шығын жұмсауға әкеліп соқпақ», – дейді оның өзі.
Кәсіпкер азамат салада кездескен қиындықтарды еңсере отырып, өзінің 2011 жылы құрылған серіктестігін бүгінгі күнгідей деңгейге жеткізген. Қазір агроқұрылым 30 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Олар қала, аудандардағы көріктендіру және көгеріштендіру жұмыстарына да үзбей атсалысумен келеді. «Жаңакемерқұрылыстықтар» өткен жылы Тараз қаласының абаттандырылуы аясында 40 мың шаршы метр аумаққа тастөсемдер төселуіне қол жеткізген.
«Бай болсаң, елге пайдаң тисін» деген қағиданы ұстанатын серіктестік басшысы Қаракемер ауылындағы көмекке мұқтаж 20-30 отбасына азық-түлікпен көмектесіп келеді, жуырда осындай санаттағы азаматтарға 200 кило алма тегін таратылып беріліпті. Көшкінбай Құлманбетов басқа да қайырымдылық шараларын жүзеге асырып отыр.
Қысқасы, көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерінен халықтың қыста да тарықпай, дастархандарынан жеңсік асты үзбеуіне септесумен отырған серіктестік ұжымының еңбегі қалай мақтасаң да тұрарлық-ақ.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support