Нан бағасы 5 теңгеге қымбат тады

Облысымызда әлеуметтік нан бағасы апта басында 5 теңгеге қымбаттады. Қазір бір бөлке нан сауда нүктелерінде 65 теңгенің орнына 70 теңгеден өткерілуде. Осыған орай облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, нан бағасының көтерілу себебін түсіндіруге тырысты.
Бүгінде Тараз қаласында ірілі-ұсақты 8 наубайхана жұмыс істеп тұр. Олар тәулігіне 90 мыңға дейін бөлке нан пісіреді. Осы көлемді сақтап тұру үшін наубайханалар күніне 50-55 тонна ұн пайдаланатын көрінеді. Жалпы, былтырға дейін нан бағасы өзгеріссіз, тұрақтылығын сақтап келген. Тек өткен жылдың қазан айынан бастап наубайхана басшылары ұн бағасының қымбаттауына байланысты нан бағасын 10 теңгеге көтеру жөнінде әкімдікке хат жолдаған болатын. Былтырғы қараша айында баға бір көтеріліп барып, қайта қалпына келгені есте. Басқарма басшысының айтуынша, сала мамандары нан бағасын бірден 10 теңгеге қымбаттату мәселесі көтерілгенмен, тұрғындардың да жағдайы ескеріліп отырса керек.
– Нан бағасын бір қалыпта ұстау мақсатында тұрақтандыру қорынан соңғы 4 айда наубайханаларға 68 миллион теңгені құрайтын 854 тонна ұн босатылды. 456 тонна ұн тұрақтандыру қоры тарапынан берілсе, 398 тонна Қостанай облысынан сатып алынды. Бағаны ұстап тұру мақсатында ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүңгіршектер арқылы 92 мың әлеуметтік бөлке нан өткерілді. Талдау көрсеткендей, солтүстік өңірлердегі бидай бағасы келісіне 45-50 теңгеден 65-70 теңгеге, ұнның бағасы 65-70 теңгеден 85-90 теңгеге жоғарылаған. Осыған орай үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында облыс әкімдігінде наубайхана басшыларының қатысуымен өткен отырыс барысында нан бағасын 5 теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылданды, – деді Берік Болатұлы.
Айта кетерлігі, өңірде бөлке нанның бағасы 70 теңгеден аспайды. Орта есеппен еліміздегі ең төменгі нан бағасы бізде сақталып отыр. Сондай-ақ брифингте облыстық тұрақтандыру қорының директоры Саха Манатов әлеуметтік дүңгіршектер мен ірі сауда орындары арқылы бөлке нанды 55 теңгеден өткеру жалғастырыла беретінін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде облыс орталығында 10 әлеуметтік дүкен жұмыс істеуде. Ендігі кезекте өңір басшысының тапсырмасымен осындай 100 дүкен ашу жоспарланып, оның қазіргі таңда 25-інің қай жерде орналасатындығы анықталып отырған сыңайлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту