- Advertisement -

Сарысуда серпіліс бар

50

- Advertisement -

Досбол ауылдық округінде өткен есеп беру кездесуінде аудан әкімі Балабек Нарбаев өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салалар бойынша жүзеге асырылған шаруаларға тоқталып, алдағы жоспарлы жұмыстарды таныстырды. Жұрттың пікірін тыңдап, көкейкесті мәселелерді шешу жолын тұрғындармен бірге талқылады.
Есептік жиында жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны М.Жаманқараев: «2017 жылы ауылдың кіреберісіне ауызсуға ұңғы бұрғылау жұмыстары жүргізілген еді. Таза ауызсуға қашан қолымыз жетеді? Елді мекенде электр бағаналары мен желілері тозған. Оларға жөндеу жұмыстары жүргізілсе», деген өтінішін жеткізді. Аудан әкімі ауызсу жүйесі бойынша биыл 2 ауылда сметалық құжат әзірленгенін айтып, алдағы уақытта бұл түйінді мәселе өз шешімін табатынын жеткізді. Ал екінші сауал бойынша тиісті мекеме басшысы жауап беріп, электр бағаналарының алдағы уақытта кезең-кезеңімен ауыстырылатынын айтты.
Сондай-ақ жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Алтынбеков елді мекендегі интернет жылдамдығы арттырылса деген өтініш айтып, жастардың өз кәсібін ашуына қолжетімді несие берілуін сұрады. Бұл сауалға жауап берген аудандық телекоммуникация торабының директоры Н.Данияров биыл Тоғызкент ауылына дейін кабельді интернет тарту жұмыстары басталғанын атап өтсе, аудан басшысы Б.Нарбаев кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастар үшін әрқашан қолдау көрсетілетінін түсіндірді.
Жиында аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарына жергілікті тұрғындар қанағаттанарлық деген бағаларын берді.
Бұл күні есеп беру кездесулері Тоғызкент ауылдық округінде де жалғасып, округ әкімі А.Орынбеков былтыр атқарылған жұмыстар жайын баян етті. Сонымен қатар аудан әкімі Б.Нарбаевтың 2018 жылдың қорытындылары туралы және алдағы міндеттері туралы есебі тыңдалды.
Жиында ақсақалдар алқасының төрағасы Шейілбек Тайменов елді мекенге тартылған газды әрбір үйге қосу үшін төленетін сома тұрғындарға қолжетімді болса деген өтінішін жеткізді. Балабек Нарбаев бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында екенін айтып, әрбір үйге газ тарту жұмыстарының ақысын қымбаттатпау үшін тиісті келіссөздер жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын сөз етті.
Осындай есепті жиын Жайылма ауылдық округінде де өтті. Кездесуде ауыл тұрғындары К.Оспанов, Ж.Қуандықов, Т.Жәкенов, С.Мұқанов, А.Жылқыбаев, О.Қабанбаев көпке ортақ мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, шабындық жерлер, елді мекенге тоған салу, ауызсу жайын қозғады. Қызылдихан ауылында жастарға арналған шағын футбол алаңы салынса деген өтініш айтты.
Тұрғындардың ұсыныстары мен қойған сауалдарына аудан әкімі нақты жауап берді. Жиналғандар аудан әкімінің есебін бірауыздан жоғары бағалады.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
журналист.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support