- Advertisement -

Өрісіне құт дарыған мекен

73

- Advertisement -

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі Қарасай ауылдық округінен басталған еді. Бүгінге дейін 8 ауылдың тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан басшысы қордаланған мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Түйткілдердің түйінін тарқатудың жолын талқылап, азаматтардың өтініш-пікірлеріне құлақ түрді.
Негізі Қарасай – аудан орталығынан шалғай жатқанымен, шаруасы шалқыған, өрісіне құт дарып, ел ішіне бақ қонған ауыл. Бұл таулы аймақтағы елді мекеннің азаматтары шетінен еңбексүйгіш. Көптің пейіліне қарай шығар, соңғы жылдары мұнда талай уақыттан бері тұрғындар шешімін күткен күрмеуі қиын мәселелердің түйіні тарқатылып келеді. Әсіресе жұрт ауылға барар жолдың жөнделгеніне қуанады. Түнде көше шамдарының жарқырап тұрғанын, ауызсу жүйесінің жаңғыртылғанын да көпшілік біткен іс санайды. Бұл ауылда тұрғындардың ортақ игілігіне арналған жұмыстар былтыр да жалғасын тауыпты. Кездесуде белгілі болғандай, өткен жылы елді мекенде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен Жанқойлы би көшесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Бәйтелі батыр көшесіне асфальт төселіпті.
Таулы аймақтың табиғаты да ерекше келетіні бар емес пе?! Қарасайда көктем-күз мезгілінде жауған ақ жауыннан сел жүру қаупі көп туындайтын. Сондықтан былтыр аудан әкімі Б.Байтөленің бастамасымен Сұраншы батыр көшесі жөнделіп, Қырғау көшесі грейдермен тегістелген. Арықтар да кеңейтіліп, қажет жерлерге бетон плиталар орнатылған еді.
Қарасай ауылында біраз көкейкесті мәселелер шешімін тауып жатқанымен, Қаракемер елді мекенінде кезегін күткен түйткілді жайттар баршылық. Соның бірін жиында ауыл ақсақалы Н.Жайықбаев көтерді. Оның айтуынша, елді мекенге типтік үлгіде жаңа емхана керек. Тозығы жеткен мектеп те күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Дегенмен аудан әкімі Б.Байтөленің сөзіне сүйенсек, емдеу мекемесінің мәселесі көп ұзамай мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында шешілетін көрінеді. Ауылдағы ескі стадионның орнынан болашақта жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарланыпты. Ал мектептің жағдайы облыс басшылығының назарында екен. Нақтырақ айтсақ, Қаракемердегі ескі мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілген. Бұл мәселемен ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков те танысып қайтқан.
Қаракемер ауылында өткен жиында тұрғындар пошта ғимаратының қазіргі жағдайын айтып, оған жөндеу жұмыстары мен жылыту жүйесін жүргізу қажет екенін жеткізді. Бұл мәселені аудан әкімі облыстық «Қазпошта» АҚ басшылығының назарына жеткізіп, хат жолдайтынын тілге тиек етті.
Қаракемер ауылындағы өзекті мәселенің бірі – Қарақоңыз өзенінің арнасы еді. Бұған дейінгі жиындарда тұрғындар өзен арнасының бірнеше жерден жырылып, трансформатор мен электр бағаналарына қауіп төндіргенін айтып, мәселе көтерген болатын. Былтыр аудан басшысының бастамасымен бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген түйткілдің түйіні тарқатылып, өзен арнасының 1720 метр қауіпті аумағын бекітіп, дамба жасауға аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыс жүргізілген-ді. Жиында биыл қалған 350 метр жердің жөнге келтірілетіні белгілі болды. Осылайша, дер кезінде жасалған жүйелі жұмыстың арқасында күн тәртібіндегі тағы бір сұрақ шешімін тауып, Б.Орынтай, С.Әлиев, Н.Жайықбаев бастаған ауыл азаматтары аудан әкімі Б.Байтөлеге алғысын айтты.
Былтырғы кездесуде қаракемерліктер Халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтама алу мәселесінің қиындығын көтерген болатын. Аз ғана уақытта бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып, 2018 жылы ауыл әкімдігінің ғимаратынан бір реттік парольмен 50 қызмет көрсететін «Қоғамдық бұрыш» журналы ашылып, бұл жұмыс біршама жеңілдеген еді. Жалпы тірлігі мен бірлігі жарасқан Қаракемер ауылында өткен жылы бұдан басқа да ауқымды істер атқарылып, көптеген мәселелер шешімін тапты. Атап айтсақ, өткен жылы ауылдың бес көшесіне 200-ге жуық көше шамдары орнатылып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында респуликалық және аудандық бюджет есебінен Төле би көшесінің 416 метріне, ал М.Мәметова көшесінің 600 метріне жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сондай-ақ округте жергілікті кәсіпкерлер есебінен құны 25 және 10 миллион теңгені құрайтын екі бірдей мал бордақылау алаңы құрылып, 45 миллион теңге қаражат жұмсалып, «Айсұлтан» жекеменшік балабақшасы бой көтерді.

Әлібек ОСПАНОВ,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support