«Байланыс аясынан тыс жердегі» ауыл

Шу ауданы мен Меркі ауданының шекарасында орналасқан Тасөткел ауылдық округіне жұмыс сапарымен барғанбыз. Ондағы мақсат – аудан іргесіндегі ауылда жаңадан ашылған фельдшерлік-акушерлік пункттің жай-күйімен танысу еді. Тұтастай алғанда, бұл ауылдағы туған топырағын қимаған 1000-нан аса тұрғынның тұрмысы қалыпты. Төрт түлігін төскейге түлетіп отырған жайы бар. Алайда…
Жаңа медициналық мекеменің ашылуына жиналған тасөткелдік тұрғындар бізбен әңгіме барысында мынадай бір тосындау тақырыптың шетін шығарды. Тосындау дейтініміз сол, бұл ауылда ұялы байланыс қызметі мүлде жоқ көрінеді. «Шу қаласынан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан біздің ауыл ғаламтор дегеніңізден ада», – деп бастады сөзін Разақ Жолдасбаев есімді ақсақал. «Басқасын былай қойғанда, қарапайым ұялы байланыс та жоқ. Жастарға интернет болмаған соң, телефоныңыздың да керегі шамалы. Әрі-беріден соң, ғаламтор желісі мына тұрған мектеп пен медициналық мекемеге ауадай қажет емес пе?! Оның себебін айтпаса да белгілі ғой. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдың бойында, оған қоса аудан іргесінде тұрады деген аты болмаса, «көгілдір отынға» да қолымыз жетпей тұр», – деп күйінеді ол.
Ақпараттар ағыны сәт сайын жаңарып, еліміз өркениет көшіне бет бұрған қазіргі заманда ұялы байланыстың жоқтығы әлдекімге күлкілі болып көрінуі мүмкін, алайда бұл шындық. Біреумен байланысқа шығу үшін төбе қуалап, не болмаса ауылдың шетіне шығуға мәжбүр болып жүрген Тасөткел ауылының тұрғындары үшін мұндай көрініс ұзақ жылдар бойы қалыпты жағдайға айналған. Бір қызығы, бұл тек сөйлесу үшін ғана. Әрине, өзгелер секілді бұл ауылдың да жастары өркениет көшінен қалыс қалмай, түрлі әлеуметтік желілердегі күнделікті жаңалықтарды дер кезінде оқып, шартараптың тыныс-тіршілігінен хабардар болуды қалайды. Ал ауыл жастары ғаламторды аудан орталығына барғанда ғана пайдаланады. Әлбетте, ұялы байланысы жоқ ауылда интернет қайдан болсын? Мектептегі мұғалімдер өздеріне қажетті ақпаратты қалтасындағы смартфоннан алып, көптеген жаңашылдықтарды үйренгісі-ақ келеді. Алайда бұның бәрі тасөткелдіктер үшін жай ғана арман болып тұр. Ауыл халқы да алыстағы ағайын, студент балаларымен амандық-саулық сұрасқанға ұялы телефонның қолайлы екенін айтады. Бүгінгі заманға сай өзгелерден қалыс қалғысы келмейді. Мұндағы ағайын жаңа дәуірдің озық жаңалығы бізге де қолжетімді болса дейді. Естуімізше, ұялы байланыс операторлары ауылдағы халық саны 500 адамнан асқанда ғана байланыс желісін орнататын көрінеді. Дегенмен, аталған ауылдағы тұрғын саны мыңнан асып жығылады емес пе?! Осы ретте Тасөткел ауылдық округінің тұтастай тірлігіне жауапты ауыл әкімі Батырбай Жақсымбетовпен сөйлесіп, аталмыш мәселеге қатысты пікіріне құлақ асқан едік.
– Ауылымызда ұялы байланыстың жоқтығы жасырын емес. Ұялы байланыс операторларына да құлаш-құлаш хат жаздық. Еш нәтиже болмай тұр. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын «Kcell» ұялы байланыс операторына хатпен шықтық. Олардың мамандары ауылға келіп, жағдаймен танысты. Тіпті, ауылдың кіреберісінен арнайы жер де бөліп бердік. Алайда бұл мамандар уәделі уақытта келмей, кейіннен мұнда байланыс орнатуға мүмкіндіктері болмай тұрғанын жеткізді. Бұдан соң 2016 жылы «Beeline» ұялы байланыс операторына хабарластық. Ауыл шетінен жер де бөлдік. Уақыт өте келе, олар да мүмкіндіктерінің жоқтығын айтып, осылайша «баяғы жартас сол жартас» қалпында қалды. Бұған дейін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы іске қосылғанда, Тасөткелдегі байланыс та бір жақты болады деп сенген едік. Себебі ауылымыздың іргесіндегі алып жобаның құрылысы басталғанда-ақ, мамандар осылай сендірген-ді. Бірақ қазіргі кезде арнайы экономикалық аймақта байланыс қызметі жұмыс істеп тұр. Тек оның қуаттылығы біздің ауылға жетпейді. Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта, оның қуаттылығын арттыруды көздеп отырған көрінеді, – дейді Батырбай Сауранбайұлы.
Осыдан екі жыл бұрын Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы жарияланғаны белгілі. Аталмыш құжатта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметіне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Міне, дәл осы бағдарламаның ең бірінші бағыты ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған болатын. Әрине, заман ағымы ілгерілеген сайын тиісінше сұраныстың да артатыны сөзсіз. Оның үстіне, сөз арасында айтып өткеніміздей, ел Үкіметі қағазбастылықтан арылып, электронды жүйеге көшетінімізді мәлімдеп үлгергелі қашан. Бақсақ, одан бері де екі жыл өтіпті. Ал Шу ауданындағы тасөткелдіктердің жағдайы бәз-баяғы қалпында тұр. Мұндайда кімге де болсын аудан шекарасының шетінде орналасқан шағын ғана ауыл шеті сынған кеседей шетте қалғаны ма деген ой келетіні сөзсіз. Содан болса керек, дәл осы түйткілдер тасөткелдік тұрғындардың титығына тиіп біткен. Жоғарыда аталған ауыл әкімінің «бірнеше ұялы байланыс операторларына хат жаздық» дегені, Елбасы Жолдауына дейін атқарылған жұмыс екенін аңғартады. Сонда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаннан кейін бұл аймақта ешқандай шара қолға алынбаған ба? Әлде, шекара шетіндегі ауыл шулық шенділердің назарынан тыс қалды ма? Осы сауалдың жауабын білу мақсатында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бас сұққан едік. Аталмыш бөлімнің бас маманы Ернұр Қожанбердиевтің айтуынша, Тасөткел ауылы бір емес, бірнеше ұялы байланыс операторларымен қамтылған көрінеді. «Өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, облысқа аудандағы елді мекендердің ұялы байланыс операторларымен қамтылуы туралы ақпарат берген болатынбыз. Аталған тапсырмаға сай, біз аудандағы барлық ауылдардың әкімдеріне хабарласып, ұялы байланыс операторларына қатысты ақпарат алдық. Біздегі ауыл әкімінің берген мәліметі бойынша, Тасөткел ауылында «Beeline» және «Aсtiv» ұялы байланыс операторлары, сондай-ақ G, 2G интернет желісі ұстайды», – дейді бас маман.
Байқауымызша, ауыл әкімі мен аудан әкіміне қарасты бөлім мамандарының сөзі бір жерден шықпай тұрғанға ұқсайды. Бұл өз кезегінде аудандағы шенділердің бірлесе жұмыс атқара алмайтындығын аңғартса керек-ті. Әйтпесе, ауыл әкімі мен бөлім басшылары бірлесе жұмыс істеп, Тасөткелдегі түйткілді мәселені оңтайландырудың оң тәсілін іздесе, ауылдықтардың мазасын кетірген бұл мәселені де ретке келтіруге болатыны сөзсіз.
Осылайша қазіргі кезде Тасөткел мен өркениеттің арасы жер мен көктей болып тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, цифрлық технология дегеніңіз күн сайын дамып жатқанымен, шекара шетіндегі ауыл ұялы байланыссыз қалып жатыр. Аудандағы жауапты мамандардың облыс орталығына берген «Тасөткелде ұялы байланыс желісі жұмыс істеп тұр» деген мәліметтеріне қарағанда, бұл мәселе жуық арада шешіле қоймайтын сыңайлы.
Әзірге ауылдағы ахуал осы. Бәлкім, шенділерден тиісті пәрмен болса, бұл түйткілдің де түйіні тарқатылар. Солай болса, қанеки!

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту