- Advertisement -

Ақсайда шағын электр стансасы салынады

41

- Advertisement -

Ақсай ауылдық округі тұрғындарының алдындағы есеп беру кездесуінде аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов өткен жылды қорытындылап, қол жеткізген жетістіктер мен шешімін күткен мәселелерге тоқталды.
– Өткен жыл ауданымыз үшін табысты болды. 12 айдың көрсеткішіне сүйенсек, Жуалы – облыс бойынша екінші орынға тұрақтады. Алайда бізде өндіріс орындары аз. Былтыр «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 20 МВт-ты құрайтын шағын су электр стансасының құрылысы басталды. Биыл инвестиция тарту арқылы «Ақсай» каналынан шағын су электр стансасын салуды жоспарлап отырмыз. Аталған жобалар аяқталса, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне үлкен үлес қосар еді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – осы ауылдық округте өткен «Қымызмұрындық» фестивалі, – дей келе Мемлекет басшысынның «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы Теріс ауылында белгілі болған Баркуаб қалашығындағы қазба жұмыстарының жандануына түрткі болғанын сөз етті.
Археологтердың қызығушылығын тудырған нысан екі мыңжылдық тарихы бар Тараз қаласымен пара-пар деген болжам айтылады. Аудан әкімінің айтуынша, тарихи орыннан табылған жәдігерлер қазір сынама жасау үшін Жапонияға жіберіліпті.
Бақтияр Бейсембайұлы ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, қазір ауданда шаруа қожалықтардың иелігіндегі жер телімдерін заңдастыру, яғни бірыңғай электронды картасын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бүгінгі талап бойынша шаруа қожалық төрағалары мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алуы үшін міндетті түрде «МинАгро» геопарталына тіркелуі керек.
Жарыссөзге шыққан ауылдық округтің ардагерлер алқасының төрағасы Кәрібай Құрмашев 2018 жылы атқарылған жұмыстарды қанағаттанарлық деп бағалап, Мыңбұлақ орта мектебіне күрделі жөндеу қажеттігін баса айтты.
Қайрат ауылында жастардың спортпен шұғылданатын орны жоқ. Сондықтан жастар ескі мешітке жиналады. Ал ғимараттың газ бен жарығының төлемдері жаңа мешіттің есебінен төленіп отыр. Жиында аудан әкімінен осы мәселеге көмектесуін өтінген ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков Диқан ауылынан жаңа мектептің қашан салынатынын да сұрады.
Қарияның бұл өтінішіне аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұт Арзымбетов заң талаптары бойынша ескі мешіт діни басқармадан аудандық спорт мектебінің балансына берілсе, тек газ, жарық төлемдерін ғана емес, ғимаратты жөндеу, оған қарауыл алу, қызметкерлердің жалақысы секілді мәселелердің барлығы шешілетінін жеткізді. Сонымен бірге бөлім басшысы аудан орталығындағы орталық саябақтан тағы бір спорт кешенін салу жоспарланып отырғанын айтып, көпшілікті құлағдар етті.
Диқан ауылындағы көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе бойынша жауап берген аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сауырбаев 180 орындық мектептің құрылысын жүргізу үшін сараптамалық құжаттар әзірлену керектігін айтты.
Жиынды қорытындылаған аудандық алқа билер алқасының төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы тұрмысы төмен отбасыларға тауарлы несие беруді қолға алсақ деген ұсынысын жеткізді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support