Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат — Осы аптада Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды. Бұдан бөлек, жергілікті мемлекеттік органдарда бірқатар ауыс-түйістер болды. ҚазАқпарат тілшісі апта ішінде болған кадрлық тағайындауларды ұсынады.

Ағымдағы аптада ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы Серік Сәпиевтің мандатын тоқтату бойынша дауыс беруден басталды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешовтің айтуынша, С.Сәпиев депутаттықтан кету туралы өтінішті өзі берген. Соның негізінде оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным әзірленді. Мәжіліс депутаттары қарсылық білдірген жоқ, арнайы қаулыға бірауыздан дауыс берді. Ал спикер Нұрлан Нығматулин палата депутаттарының атынан Серік Сәпиевтің атқарған еңбегіне ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті. Өз кезегінде, Олимпиада чемпионы да алғысын жеткізді. «Берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлына маған артқан сенімі үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді. Спорт алаңында да, қазір де Елбасының қолдауын әрдайым сезініп жүреміз. Сондай-ақ, құрметті әріптестер, әрбіреуіңізге ақыл-кеңестеріңіз бен қолдауларыңыз үшін рақмет айтамын. Бұл жерде мен біраз тәжірибе жинадым. Еліміздің өркендеуі жолында сіздермен тығыз жұмыс жасауды жалғастыра береміз деп сенемін», — деді С.Сәпиев. 

Сол күні чемпионымыз бірден ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Осылайша, екі жыл депутат болған Серік Жұманғалиұлы комитетке кетіп қалды.

Спорт саласындағы тағы бір жаңалық — «Қазақстан барысы» әрі екі мәрте «Әлем барысы» атанған балуан Айбек Нұғымаров Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болып тағайындалды.

Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы да өзгерді. Бұл қызметті 42 жастағы Александр Москаленко атқаратын болды. Ал оның көмекшісі болып соңғы жылдары Қазақстан Ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабында қызмет атқарған Қайрат Нұрдәулетов тағайындалды. 

Айтпақшы, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков өз еркімен қызметінен босатылған болатын. Оны Ұлттық олимпиада комитетінің Бас хатшысы қызметіне сайлады.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов та басқа жұмысқа ауысып кетті. Оның орнына Алексей Калайчиди келді. Ол 1963 жылы 3 қаңтарда туған, ұлты грек. 1985 жылы — Фрунзе политехникалық институтын, 1990 жылы — КСРО ІІМ Жоғары курстарын, 2008 жылы — Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы шілде айында Қырғыз КСР Тоқмақ қ. №93 арнайы басқармада шебер ретінде бастаған, содан кейін Шымкент қ. «Южгорсельпроект» мемлекеттік жобалық институтында инженер болып жұмыс істеген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1990 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент облысы Абай аудандық ІІБ қылмыстық іздестіру жедел уәкілінен бастаған. Әкімшілік полиция жүйесінде лауазымдық сатының барлық жолдарынан өткен: инспектор, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД және ІІМ орталық аппаратында басқарма бастығы. 2005-2006 жылдары ІІМ заң қызметіне, сондай-ақ жеке құрам бойынша инспекцияға басшылық жасаған. 2006 жылдың қараша айынан 2008 жылдың наурыз айы аралығында Жамбыл облысы ІІД бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2008 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді: инспектор, сектор меңгерушісі, құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Соңғы тағайындалуға дейін 2016 жылдың маусым айынан бастап Мемлекет басшысының өкімімен Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. «Құрмет» (2012 жыл) орденімен және 5 мерекелік медальмен марапатталған. Үйленген, екі баласы және немересі бар.

Қостанай қаласына жаңа әкім келді. Аталған қызметке Қайрат Ахметов тағайындалды. «Қайрат Ахметов Федоров ауданы экономикасы мен әлеуметтік саласының көркеюіне көп жұмыс жасады. Тәжірибелі әкім облыстағы ең ірі Қостанай ауданының тізгінін ұстады. Енді ол Қостанай қаласында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын болады. Қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, жол, инфрақұрылым мәселелерін шешуді тапсырамын», — дейді облыс басшысы Архимед Мұхамбетов.

Ал Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев жаңа орынбасарын жұмысқа алды.

Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының екі ауданына, сондай-ақ Қарағанды облысының Нұра ауданына жаңа әкімдер тағайындалды.  Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті  мен Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға да жаңа басшылар келді.

kazinform.kz

 

Comments are closed.

микро займ на карту