- Advertisement -

АЛПЫС ҮШ ЖЫЛДАН БЕРІ «AQ JOL»-=ДЫҢ ОҚЫРМАНЫ ӘРІ АВТОРЫМЫН

79

- Advertisement -

1950 жылы облыс орталығындағы Жамбыл мектебін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, қоғам қайраткері, атақты қаламгер Шерхан Мұртаза, құқық қорғау органының полковнигі, бүгінде Ақтау қаласында тұратын Жамалбек Рахметуллаев және Ергеш Есімов бесеуміз бірге бітірдік. Бәрімізде оқуға зерек едік. Соғыстан кейінгі сол бір ауыр жылдардың өзінде мерзімді басылымдарды жібермей оқитынбыз.

Ергеш екеуміз Ленинград қаласындағы темір жол оқуын бітіріп келген 1956 жылдан еңбек жолымыз осы салада басталып, зейнеткерлікке шыққанша еңбек еттік. Мен жас маман ретінде сол жылдан бастап облыстың бас басылымы – қазіргі «Аq jol» газетінің тұрақты оқырманы әрі авторымын. Темір жол саласындағы мәселелерді көтерген мақалаларым, еңбек адамдары туралы журналистиканың әртүрлі жанрында жазған, өз қолыммен редакцияға апаратын дүниелерім «Аq jol»-да әлі күнге дейін жарияланып келеді. Кей-кейде 87 жасқа дейін аман-сау жүргенім құдіреті күшті бір Алланың қалауы шығар, екінші жаныма рухани азық беретін әрі қаламсаппен жазған мақалаларымның аға басылымда үздіксіз жарияланып, көңілімді марқайтып отыратынынан шығар деп ойлаймын. Редакцияға бас сұққанда «аталап» алдымнан құрақ ұшып тұратын журналист балаларыма да ризамын.
«Аq jol»-дың әр жылғы тігінділері үйде сақтаулы. Облыстан тысқары жерде әр салада еңбек етіп жүрген балаларым мен немерелерім қара шаңыраққа келгенде «папа, ата, қане, газетіңіз не жазып жатыр, қарап шығайық» деп, аман-саулықтан кейін облыстың бас басылымын сұрайтыны да жаныма қуат береді. Басылым – кешегі еңбек жолымыз өткен кеңес заманының өзінде барлық тақырыпқа батыл қалам тарта білген батыр газет. Асанбай Асқаровтай арыстың нақақтан-нақақ жала жабылып, көрші қырғыз елінде соты өтіп жатқанда да ақиқатын айтып, ақтау қажеттігі жайлы үн қатқаны ше?! Оны республикалық басылымдар көшіріп басқаны есте.
Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде ел болуға жұмылған қалың елді Елбасының жанына ұйыстыруда, облыстағы қадау-қадау мәселелерді, қол жеткен табыстарды да оқырмандарынан сүйінші сұрап жеткізіп келеді. Тобықтай сөздің түйіні – биыл «Аq jol»-ға жазыла алмай қалған оқырмандарға «Қазпошта» бөлімшелерінде әлі де мүмкіндік бар екенін еске салу менікі.
Әбдуәлі ДАНАЕВ,
теміржолшы, доцент, газеттің байырғы оқырманы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support