- Advertisement -

Құс өсіру де қыруар табысқа кенелтеді

78

- Advertisement -

«Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – елімізді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында өңірімізде бұдан екі жыл бұрын қайта іске қосылған бірегей кәсіпорындардың бірі. Фабрика құс етіне деген тұрғындар сұранысын қанағаттандырумен шектелмей, өнімдерін экспортқа да шығаруда. Қысқасы, ол өзінің кеңестік кезеңдегі байырғы даңқын қайта жаңғыртып, өңірдің әлеуеті артуына қомақты үлесін қосып отыр.
Бұған «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның бастамасымен «TAMPIRA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ақпараттық қолдауымен ұйымдастырылған баспасөз туры барысында айқын көз жеткіздік.
Кәсіпорын қақпасынан бізді серіктестіктің атқарушы директоры Фарида Жүнісованың өзі қарсы алып, өздеріндегі өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
– Елбасы былтырғы жылдың қазан айындағы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытып, 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру және ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерін экспортқа шығару міндеттерін алға қойғаны белгілі. Бүгінде құс етін тереңдеп өңдейтін біздің фабрикамыз осы бағытта ауқымды тірліктер тындыруда, – деді ол.
Айта кету керек, бүгінде кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша жоғары сапалы құс етінің өндірісін жолға қойып отыр. Былтыр 4600 тоннадан астам өнім шығарған. Ал биылғы жылдың ақпан айында фабриканың жылдық өнім өндіру қуаттылығын 8000 тоннаға жеткізу көзделуде. Алғашқы экспорттық өнімі Ресей елінің тұтынушыларына өткерілген. Бүгінде құс еті Қырғыз бен Малайзия мемлекеттеріне жөнелтілуде.
Фарида Амансарықызы фабрика өз өнімдерімен еліміздің барлық өңірлерін, сондай-ақ Астана қаласын да қамтып отырғанын айтады. «Әулие-Ата Феникс» өнімдері Тараз қаласындағы 11 дүкенді қоса алғанда, өңіріміздегі 51 сауда орнында іркіліссіз өткерілу үстінде. 1978 жылы салынған өндіріс орнының жалпы аумағы 536 гектарды құрайды. Ал жаңа индустрияландыру жобасын іске асыру барысында мұндағы 16 тауыққора, қойма, зертхана, әкімшілік кеңсесі ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ сою және қоспажем цехтары қайта қалпына келтіріліп, жаңа инкубатор үйі салыныпты.
Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуінің айрықша елеулі маңызы бар екенін де атап өткен жөн. Мәселен, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде аталған нысанның құрылыс жұмыстары барысында коммуникациялық жүйелердің кеңейтілген желісі жүргізілген. Кәсіпорын басшысы фабриканың болашақ жоспарларымен бөлісіп, шешімін күткен мәселелердің де бар екенін жеткізді. «Негізінен құс шаруашылығы саласы аса басымдыққа ие емес. Сондықтан да облыс бюджетінде бұл салаға қаржы аз қарастырылған. Құс фабрикасына өткен жылдың тамыз айынан бері субсидия төлеу де тоқтатылды», – дейді Ф.Жүнісова.
Баспасөз туры барысында серіктестіктің заңгері Дарын Абжапаров кәсіпорын жұмысын кеңінен таныстырып өтсе, әкімгер Гүлмира Жаманқұлова құс шаруашылығының қыр-сырын бақылау жүйесі арқылы көрсетті.
Республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпазы атанған кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта да өңірдің әлеуеті артуына өзіндік үлестерін қоса беретініне сеніміміз мол.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support