- Advertisement -

Тағдыры талайлы өлкенің тарих бет терінен

66

- Advertisement -

(Cоңы. Басы №9 (18659) санында).

Жамбыл ауданының 7600 шаршы километр аумағындағы 11 селолық советінде 31394 адам мекендеді. Олардың 16857-сі – ер, 14537-сі әйел болды. Ұлттық құрамы бойынша 16420 қазақ, 6681 орыс, 703 өзбек, 795 татар, 2156 украин және 639 өзге ұлт өкілі өмір сүрген. 8482 адам хат танымады. 120 жоғары білімді, 1014 орта арнаулы білімді ер, 7 жоғары білімді, 161 орта арнаулы білімді әйел ауданда еңбек етті. Мектептерде 4717 оқушы оқыды.
Аудандағы 90 кәсіпорында 272 жұмысшы еңбек етті. 29374 гектар егіс алқабын өңдеуге және өнімді жинауға 254 ауыл шаруашылық техникасы, 66 комбайн қатысты. Шаруашылықтарда 17631 ірі қара, 1913 шошқа, 35153 қой-ешкі, 4800 жылқы болды. Тауар айналымы 11731 мың сомға жеткен.
Қордай ауданының аумағы – 4600 шаршы километр. Ауданның 10 селолық советінде 36295 халық тұрды. Аудан орталығы Георгиевка деп аталды. Тұрғындардың 14828-і – ер, 18467-сі әйел болды. 13864 орыс, 10461 қазақ, 172 өзбек, 292 татар, 3969 украин және 7537 өзге ұлт өкілі мекендеді. 8200 адам хат танымайтын. Хат танитындар арасында 62 жоғары, 486 орта арнаулы білімді ер, 22 жоғары, 458 орта арнаулы білімді әйел еңбек етті.
688 жұмысшы 88 кәсіпорында еңбек етті. 34940 гектар егіс алқабында 209 ауыл шаруашылығы техникасы, 52 комбайн жұмыс істеді. 18314 ірі қара, 4235 шошқа, 41476 қой-ешкі, 5513 жылқы ел ризығына айналды. Оның 53-і колхоз болатын.
6 құрылыс материалдарын, 30 металл өнімдерін өңдейтін цех жұмыс істеді. Сонымен бірге тігін, аяқ киім цехы, диірмен, наубайхана халыққа қызмет етті.1940 жылдан бастап жаңа агроқұрылым 2 совхоз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіре бастады.
Аудан бойынша 2 балабақша, 10 фельдшерлік пункт, 6 емхана, 9 перзентхана жұмыс істеді. Емдеу орындарында 4 дәрігер, 63 медбике халыққа қызмет етті. 31 мектепте 6501 оқушы оқыды. Оларға 233 мұғалім білім берді. 35 клубтық мекеме жұмыс істеді.
Красногорск ауданының аумағы – 4800 шаршы километр. Халқы 14160 болса, аудан орталығы Красногорск селосында 3164 адам тұрды. Аудан аумағында 8 селолық советте 6968 ер, 7292 әйел болды. Ауданда 3794 орыс, 7678 қазақ, 40 өзбек, 76 татар, 1916 украин және 656 өзге ұлт өкілі тұрды. 2487 адам хат танымады. Оның 1642-сі әйел еді. 20 жоғары білімді, 566 орта арнаулы білімді маман еңбек етті. Әйелдер арасында 2 адам ғана жоғары білімді болды.
49 кәсіпорын 485 мың сомның жалпы өнімін өндірді. Оларда 165 жұмысшы еңбек етті. 18174 гектар егіс алқабында ауыл шаруашылығының 86 техникасы жұмыс істеді. Оның 29-ы – комбайн. Агроқұрылымдарда 8185 ірі қара, 1967 шошқа, 34482 қой-ешкі, 2416 жылқы өсірілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарының алтауы ғана ірі деп есептелінді. Аудандағы 41 агроқұрылымның 36-сы – колхоз. Сонымен бірге құрылыс материалдарын шығаратын – 7, металл өңдейтін – 12, 1 тігін, 2 аяқ киім цехы, 7 диірмен, 4 наубайхана өз өнімдерін тұрғындарға ұсынды. 86 трактор, 7 жүк автокөлігі агроқұрылымдарда жұмыс істеді. 20037 гектар егіс алқабы болды.
Емдеу орындарында 1 жоғары білімді дәрігер, 13 медбике еңбек етті. 1 балабақша жұмыс істеді. 18 мектепте 114 мұғалім еңбек етті, 2611 оқушы оқыды. 20 клуб мекемесі өздерінің қызметтерін көрсетті.
Көктерек ауданының көлемі – 3700 шаршы километр. Аудан аумағында 12116 халық тұрды. Аудан орталығы Бірлік ауылында 538 тұрғын тұрды. 7 селолық совет жұмыс істейді. Халықтың 6552-сі ер, 5564-і әйел болды. Ауданда 2181 орыс, 7512 қазақ, 48 өзбек, 73 татар, 606 украин және 1696 өзге ұлт өкілдері тұрды. Халықтың 2688-і – хат танымады. Олардың 1208-і әйел. 18 жоғары, 331 орта арнаулы білімді маман еңбек етті. Оның ішінде 8 жоғары, 147 орта арнаулы білімді әйел болды. Білім ұяларында 1376 оқушы оқыды.
46 кәсіпорын 157 мың сомның жалпы өнімін өндірді. Оларда небәрі алпыс тоғыз жұмысшы еңбек етті. 5881 гектар егін алқабында бір ғана ауыл шаруашылық техникасы жұмыс істеді. Агроқұрылымдарда 5985 ірі қара, 465 шошқа, 15462 қой-ешкі, 847 жылқы болды. Тауар айналымы – 249 мың сом.
Аудандағы кәсіпорындардың барлығы да майда болды. 46 агроқұрылымның 44-і колхоз еді. 28 металл өңдейтін, алты ұн тартатын, екі нан пісіретін шағын цех жұмыс істеді.
Луговой ауданының аумағы сол кезде 6700 шаршы километр болып, онда 23313 адам тұрды. Аудан орталығы Луговой жұмысшы кентінде 2263 адам мекендеді. 14 селолық совет билік құрды. Халықтың 12177-сі – ер, 11136-сы әйел болды. Ауданда 5180 орыс, 14146 қазақ, 168 өзбек, 266 татар, 2803 украин және 750 өзге ұлт өкілі тұрды. Тұрғындардың 4449-ы хат танымады. Олардың 3365-і әйел болды.
Алпыс бес кәсіпорын 1360 мың сомның жалпы өнімін өндірді. Оларда 244 жұмысшы еңбек етті. 31963 гектар егіс алқабында 203 ауыл шаруашылық техникасы жұмыс істеді. 75 комбайн астық бастырды. Ауданда 12839 ірі қара, 998 шошқа, 82552 қой, 6417 жылқы ел ризығына айналды. Мемлекеттік бюджеттің кірісі – 1937, шығысы – 1867 сом. Барлық кәсіпорынның 9-ы ғана ірі деп есептелінді. 47 агроқұрылым ауыл шаруашылық өнімін өндірді. Оның қырық төрті колхоз болды. Сонымен бірге құрылыс материалдарын шығаратын 3, металл өңдейтін 33, бидай тартатын 12, нан пісіретін 7 цех жұмыс істеді. Әр гектардан орта есеппен 4,9 центнер астық, 2,8 центнер қант қызылшасын, 4,5 центнер пісте, 69,6 центнер картоп алды.
Емдеу орындарында бір дәрігер, жиырма медбике еңбек етті. Бір балабақшада он бүлдіршін тәрбиеленді. Отыз мектепте 148 мұғалім еңбек етті. Мектептерде 4083 оқушы оқыды. Жиырма тоғыз клуб мекемесі қызмет етті.
Меркі ауданының аумағы – 12300 шаршы километр. Он үш селолық советтің, бір жұмысшы поселкесінің аумағында 1939 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, 40556 адам тұрды. Аудан орталығы Меркі селосында 3961 адам тіркелді. Аудан халқының 21346-сы – ер, 19210-ы әйел. 12187 орыс, 19861 қазақ 1039 өзбек, 400 татар, 4289 украин және 2250 өзге ұлт өкілі мекендеді. Халықтың 8487-сі хат танымады, олардың 6366-сы – әйел.
116 кәсіпорында 940 жұмысшы еңбек етіп, 5576 мың сомның жалпы өнімін өндірді. 36870 гектар егіс алқабында 260 ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 67 комбайн жұмыс істеді. 18110 ірі қара, 2906 шошқа, 14274 қой-ешкі, 5565 жылқы агроқұрылымдардың негізгі байлығы болды. Мемлекеттік бюджеттің кірісі – 4014, шығысы – 3918 мың сом. Аудандағы 116 кәсіпорынның 92-сі ұсақ деп есептелінді. 86 агроқұрылымның 75-і ұжымдық шаруашылыққа біріккен. Сонымен бірге ауданда 7 құрылыс материалдарын шығаратын, 41 металл өңдейтін, бір тігін, он жеті ұн шығаратын, төрт нан цехы жұмыс істеді.
1940 жылдың 1 қаңтарынан бастап совхоздар ұйымдастырыла бастады. Олардың әлеуеті колхоздарға қарағанда анағұрлым күшті болды. 1939 жылы әр гектар астық алқабынан 5,5 центнерден астық бастырды. 1 гектар қант қызылшасы алқабынан – 426, пістеден – 5, картоптан 8,3 центнерден өнім жинады. Ауданда тауарлы фермалар ұйымдастырыла бастады.
Емдеу орындарында 6 дәрігер, 41 медбике еңбек етті. 37 мектепте 7534 оқушы оқыды. Оларға 239 мұғалім тәлім-тәрбие берді. Жиырма клубтық мекеме қызмет көрсетті.
Свердлов ауданының аумағы 3000 шаршы километр. 24570 аудан тұрғыны 16 селолық советтің аумағында мекендеді. Аудан орталығы Михайловка селосында 1984 адам тіркелді. Халықтың 13289-ы – ер, 11281-і әйел болды. 4710 орыс, 15860 қазақ, 171 өзбек, 191 татар, 2208 украин және 1430 өзге ұлт өкілі аудан халқын құрады. Тұрғындардың 6610-ы хат танымады. Оның 4027-сі – әйел.
Аудандағы 106 кәсіпорында еңбек еткен 228 жұмысшы 706 мың сомның жалпы өнімін өндірді. Аудандағы 25579 гектар егіс алқабын 189 ауыл шаруашылық техникасы өңдеді. 44 комбайн астық бастырды. 10019 ірі қара, 869 шошқа, 22917 қой-ешкі, 4627 жылқы ауданның негізгі байлығы болды. Тауар айналымы – 6764 сом. Мемлекеттік бюджеттің кірісі – 1971, шығысы – 1909 мың сом. Барлық 106 кәсіпорынның алтауы ғана ірі деп есептелінді. 86 агроқұрылымның 76-сы колхоз еді. 14 құрылыс материалдарын өңдейтін цех жұмыс істеді. Мұның сыртында 44 ұстахана, 1 аяқ киім, 20 диірмен, 3 наубайхана тұрғындарға қызмет көрсетті.
Аудандағы 1 балалар бақшасында 13 сәби тәрбиеленді. Емдеу орындарында 1 дәрігер, 19 медбике еңбек етті. 46 мектепте 3920 оқушы білім алды. Оларға 144 мұғалім білім берді. 20 клубтық мекеме жұмыс істеді.
Сарысу ауданының 77200 шаршы километр аумағында 12194 адам мекендеді. 12 селолық совет билік құрды. Аудан орталығы Байқадам селосында 1209 адам мекендеді. Тұрғындардың 6761-і – ер, 5433-і әйел болды. 1222 орыс, 9858 қазақ, 31 өзбек, 51 татар, 300 украин және 731 өзге ұлт өкілдері аудан халқын құрады. Халықтың 2325-і хат танымады. Хат танымағандар арасында әйелдер 1391 болды.
Аудандағы 65 кәсіпорын 144 мың сомның жалпы өнімін өндірді. Оларда 81 жұмысшы еңбек етті. 7 279 егіс алқабында 3 ауыл шаруашылық техникасы өңдеу жұмыстарын жүргізді. Ауданда бірде-бір комбайн болмады және барлық кәсіпорын ұсақ етін. 60 агроқұрылымның 59-ы колхозға біріккен. 17 диірмен, 42 ұстахана, 3 ағаш өңдейтін, 1 нан пісіретін цех және 1 шағын баспахана жұмыс істеді. Егін алқабының әр гектарынан 7,3 центнерден астық бастырды.
Бірде-бір балабақша болмады. Емдеу орындарында 2 дәрігер, 13 медбике еңбек етті. 14 мектепте 1675 оқушы білім алды. 21 клубтық мекеме қызмет етті.
Талас ауданының аумағы 12600 шаршы километр болды. Сол кезде аудан халқы 17941 екен. 12 селолық советке біріккен аудан орталығы Ақкөл ауылында 1248 адам тұрды. Тұрғындардың 9738-і – ер, 8203-і әйел болды. 2068 орыс, 14373 қазақ, 51 өзбек, 97 татар, 518 украин және 834 өзге ұлт өкілі аудан халқын құрады. Халықтың 4738-і хат танымады. Олардың 3000-ға жуығы – әйел.
79 кәсіпорында 113 жұмысшы еңбек етіп, 383 мың сомның жалпы өнімін өндірді. 11832 гектар егіс алқабында 160 ауыл шаруашылық техникасы жұмыс істеді. Оның 16-сы комбайн болды. 6480 ірі қара, 81 шошқа, 107856 қой-ешкі, 335 жылқы ауданның берекесі болды.
Ауданда бір ғана кәсіпорын ірі деп есептелінді. 73 агроқұрылымның 71-і ұжымдық шаруашылықтарға біріккен. Аудан экономикасын көтеруде 9 тігін, 7 аяқ киім цехы, 14 диірмен, 2 наубайхана, 1 баспахана, 41 ұстахана жұмыс істеді. 16 автомашина жүк тасымалдады. Аудан дихандары әр гектар егін алқабынан 7,6 центнерден астық бастырды, 5 центнерден пісте дәнін, 51,6 центнерден картоп жинады.
Аудандағы 1 балалар бақшасында 17 бүлдіршін тәрбиеленді. Емдеу орындарында 1 дәрігер, 15 орта білімді медбике еңбек етті. 33 мектепте 28606 оқушы білім алды. Оларға 117 мұғалім тәлім-тәрбие берді. 14 клубтық мекеме жұмыс істеді.
Шу ауданының аумағы 7400 шаршы километр болды. 11 селолық советке біріккен өңірде 45387 адам өмір сүрді. Аудан орталығы Новотроицск селосында 3854 адам мекендеді. Аудан халқының 23980-і – ер, 21403-і әйел болды. 13747 орыс, 22487 қазақ, 549 өзбек, 575 татар, 3165 украин және 4860 өзге ұлт өкілдері аудан халқын құрады. Тұрғындардың 6769-ы хат танымады. Олардың басым көпшілігі әйелдер еді.
142 кәсіпорында жылына орта есеппен 1730 жұмысшы еңбек етіп, 4860 мың сомның жалпы өнімін өндірді. Аудандағы 23228 гектар егіс алқабында 130 ауыл шаруашылық техникасы жұмыс істеді. Оның 27-сі комбайн болатын. 13724 ірі қара, 1565 шошқа, 53477 қой-ешкі, 5244 жылқы аудан экономикасын көтеру үшін өсірілді. 12 кәсіпорын ірі деп есептелінді. 124 агроқұрылымның 106-сы колхоз болды. 1 ағаш дайындайтын, 3 құрылыс материалдарын дайындайтын, 49 металл өңдейтін, 1 тігін цехы, 6 аяқ киім жөндеу орны, жеті диірмен жұмыс істеді. 14 жүк машинасы халық шаруашылығының жүгін тасыды. Дихандары әр гектар егін алқабынан 7,1 центнерден астық бастырды, 5 центнерден пісте, 78,3 центнерден картоп алды.
Аудандағы 3 балабақшада 90 бүлдіршін тәрбиеленді. 8 дәрігер, 53 медбике халыққа қызмет етті. Елу мектепте 255 мұғалім оқушыларға тәлім-тәрбие берді. Мектептерде 7656 оқушы білім алды. 26 клубтық мекеме жұмыс істеді.
Міне, қысқаша айтқанда, облысқа біріктірілген Жамбыл қаласы мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері 1940 жылдың басында осындай болатын. Келтірілген деректерден-ақ халықтың тұрмысы қандай болғанын зерделей беріңіз. Жаңадан күштеп ұйымдастырылған колхоздардың табысы өте төмен болды. Олардың мүшелеріне ақшалай жалақы берілмеді. Тек жыл соңында ғана еңбек күніне қарай бидай берді. Соған қарамастан, салық түрлері өте көп болды. Әрекеті шектен тыс ерсі болған шала сауатты белсенділердің ұру-соғу, балағаттауы күнделікті салтқа айналды. Саяси қуғын-сүргін жылдарының қасірет-қайғысынан қорқып қалған халық биліктің айдауына амалсыз көнді. Ал билік болса, халықтың емес, мемлекеттің әлеуетін көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін атқаруға дайын болды. Күн демей, түн демей мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуге кірісті. Батыстан қасіреті мен қайғысы бүгінгі күнге дейін жететін алапат соғыс бұлты қоюлана түскен болатын.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, деректанушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support