- Advertisement -

Жүрекке қатқан шемен боп

98

- Advertisement -

1989 жылдың 15 ақпаны – кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Халық демократиялық Республика­сының аумағындағы әскери қимылдардан шығарылған күн ретінде тарихта қалды. 110 айға созылған қанды соғыстың зардабы өте ауыр болды. Тоталитарлық режім билеген елдегі коммунистер мен кеңес үкіметінің қате шешімімен қаншама боздақтарымыз жат жерде қыршынынан қиылды. Сол бір мағынасыз соғыста жарты миллиондай ауғандықтармен қатар, 15 мыңға тарта кеңес жауынгері мерт болды. Ауған жерінде әскери борышын өтеуде 761 қазақстандық қаза тапты. Оның ішіндегі 71 жамбылдықтың 12-сі Қордай ауданынан аттанған сарбаз еді. Аудан орталығында осы боздақтардың бейнелері бедерленіп, аты-жөндері ойып жазылған гранит ескерткіштер қойылған. Мұндай естелік орындары әрқайсысының туған ауылдарында да бар, көшелерге аты берілген. Солардың бірі Ерлан Кеңесұлы Шәріпов туыстары мен жерлестерінің есінде мәңгі жас күйінде, 19-ға толар-толмас бозбала кейіпте қалып қойды. Ауған жерінен мәйіті цинктелген қара табытпен жеткізілгеніне 38 жыл өтсе де…
Әсіресе анасы Жібек Жүкенованың жадында бәрі күні кешегідей сайрап тұр. 1981 жылдың қыркүйек айының соңы болатын. Жаңа оқу жылы басталып мектептерде қарбалас көбейген шақ. Аудан орталығындағы Ленин атындағы мектептің француз тілінің мұғалімі Жібек Мұхамеджанқызы сабақта еді. Ері Кеңес Шәріпов – Абай атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Екеуі Алматыда студенттік жылдарда табысып, шаңырақ көтергендеріне 20 жылға жуықтаған. Тұңғыштары Ерлан әскерде, одан кейінгі қызы мен ұлы әлі оқушы. Мұғалімдер отбасының әдеттегі жұмыс күні болатын. Ерінің Михаил Шкутенко деген жаттықтырушы досы кенет класқа кіріп келіп, Жібекті дәлізге шақырды.
– Сіздің қазір үйге баруыңыз керек, кісілер тосып отыр, – дейді біртүрлі жасқаншақтап. Бұл болса «қоңырау соғылып сабақтың бітуін күте тұрмады ма» деп іштей қынжылды.
– Кеңестің өзі қайда?
– Шарбақтыға мал әкелуге кетті.
Сол күндері Жібектің Павлодардан туыстары келмекші еді. «Е-е, төркіндерім келіп те қалған екен ғой, Кеңес қонақ күтудің қамымен ауылға кеткен болды» деген оймен үйге қарай аяңдап келеді. Бірақ жүрегі құрғыр бір жамандықты сезгендей, көңілі алабұртады. Бұрылыстан өткенде дәл үйдің қасынан бір үлкен жүк машинасын көрді. Көшеде тағы бірнеше жеңіл көлік, шеткерірек «жедел жәрдем» де тұр. Көршілердің бірі ауырып қалған ба деп қояды. Бір сәт аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Нұрқасым Сырлыбаевты, аупарткомның үшінші хатшысы Әсия Маханованы байқап қалды. Олар мұны көре сала жүк машинасының артына айналып кетті. «Бұлар мұнда қайдан жүр?» деп аңтарыла көшеде біраз тұрып қалған екен. Бір кезде үй жақтан шыдамай күйеуі аңырап шыға келді: «Ерланым… Ерланнан айырылдық!» деп ботадай боздап келіп, мұны бас салды. Одан арғысын білмейді. Бір есін жиса, қаумалаған жұрттың ортасында жатыр екен, дәрігерлер ине салып, дәрі иіскетіп әбігерге түсіп әлек.
Амал не, цинктелген табыт ашылмаған күйде жер қойнына берілді. Қайран ана ұлының ақтық рет жүзін көріп, маңдайынан сипай да алмады. Солдат гимнастеркасы, белдігі, котелогі, қасығы тәрізді Ерланның исі сіңген заттарды құшақтап қала берді.
– Тірі болғанда Ерланым биыл 57 жасқа толар еді, – деп қамығады Жібек апай. Ара-тұра оның суреттерін, хаттарын, марапаттарын, ол туралы жазылған сарғайған газеттерді алдына жайып қойып ой құшағына берілетіні бар. Осылай сағынышын басады. Ұлының қазасын көтере алмаған ері Кеңес бертінде Пайғамбар жасына жетпей бақилық болды. Ұлы екеуі жұмақта табысқан болар деп ойлайды, олар соған лайық жандар еді ғой.
Ерлан олардың тұла бойы тұңғышы еді. Туғаннан Шарбақтыда ата-әжесінің қолында өсті. Атасы Шәріпқожа Ұлы Отан соғысына қатысқан қарт сарбаз, ақынжанды, ал әжесі Бүбісара жүзінен нұры тамып, ертелі-кеш немерелерін айналып, толғанудан ләззат табатын жандар еді жарықтық. Ерланның бойындағы кісілік қасиеттердің барлығы солардан дарыған. Тек мектепке барарда ғана өз қолдарына алды. Ерлан аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте оқыды. Әкесінің ықпалымен спортқа бейім болды, еркін күреспен шұғылданып, жарыстарда жеңімпаз атанып жүрді. Тағы бір әуестігі фотоөнер еді. Ол кезде қазіргідей емес, сурет түсіріп, оны шығару кәдімгідей еңбек болатын. Достарымен бірге шұрқырасып жүріп сурет түсіру, бөлмені қараңғылап алып оларды фотоға шығарудың қызығына бататын. Сондағы Ерланның шығарған суреттері сыныптастарының көбінде сақтаулы да болар. Мектеп бітірген жылы Красногор кеңшар-техникумына оқуға түсті. Ауыл шаруашылығы машиналарының техник-механигі мамандығын таңдаған болатын. Келер жылы көктемде техникумның екінші курсынан әскерге шақырылды. Шығарып салу кешіне туыстары, достарымен бірге сөз байласып жүрген қалыңдығы да болған екен. Бірақ олардың ешқайсысы дәл сол күні – 1981 жылы 5 сәуірде Ерланды соңғы рет көріп тұрғанын білген жоқ-ты.
Ерлан Шәріпов Алматы маңындағы әскери бөлімге түсті. Үш ай дайындықтан соң 25 маусым әскери ант қабылдайтын күн болып белгіленді. Ұлының өміріндегі бұл салтанатты сәтке куә болуға әкесі кеткен. Бірақ Кеңес Шәріпұлы ертеңіне қатты қамығып оралды. Ол ұлын көріп үлгермеген, таң бозынан олардың әскери бөлімі Кабулға ұшып кетіпті. Әскери антты сонда қабылдамақ. Ал Кабул соғыс өрті тұмшалаған ауған елінің астанасы ғой. Ол мұнда №71184 әскери бөлімнің артиллерия полкінде қызмет етті. Дала поштасымен жаздай Ерланнан бірнеше хат келді. Бірі ата-әжесіне, бірі ата-анасына, бірі әкесінің бауырлары Ділдаш әпкесіне, Ғалия қарындасына арналған. Хаттарында бозбала алғашқы мұғалімі Райхан Кенжебаева апайы мен сыныптас достарына да дұғай-дұғай сәлем жолдаған. Ерлан әскерде жол талғамайтын «Урал» әскери көлігінің жүргізуші-оқтаушысы қызметін атқарды. Оған керекті құрал-жабдықтар тиеліп, зеңбірек тіркелген болатын. Демек, қай жерде қиян-кескі ұрыс болса ол сонда деген сөз. Ауған жеріндегі ми қайнатар аптап өз алдына, күндіз-түні бір қайтпайтын қапырық тынысыңды тарылтады. Асқан қулықпен жасырылған миналар, зұлымдықпен дуалдардың ар жағынан, жартастардың тасасынан кез келген сәтте оқ жаудыруы мүмкін қауіптің бары одан өткен зауал. Ұрыс тактикаларының дұрыс орындалуы оқтаушының шеберлігі мен жылдамдығына көптен көп байланысты. Жаумен талай беттесулерде жеңіспен оралып жүрген батарея бірде Парван провинциясында дұшмандардың жасырын тосқауылына тап болды. Шатқалмен келе жатқан автоколоннаға тұтқиылдан жау шабуылдады. Ерланның машинасы минаға ұрынды, өзі жараланды. Соған қарамастан, автоматтан оқ жаудырып, граната лақтырып жаудың бесеуін жайратты. Бірақ өзі екінші мәрте ауыр жараланды. Соңғы демі үзілгенше ұрысты тоқтатпады. Бұл 1981 жылдың 17 қыркүйегі болатын.
Қаза тапқаннан кейін Ерлан Шәріпов «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерекше әскери қызметі үшін» медалімен наградталды. Бұл марапат оның ата-анасына тапсырылды. 2003 жылы Ауған соғысында қаза тапқандарға арналып шығарылған «Боздақтар» кітабына деректері енгізілген.
– Қарағым, міне, жасым 80-нен асып барады. Ерланымның орны бөлек еді. Тар құрсағымды кеңейткен тұла бойы тұңғышым емес пе? – деп Жібек апа күрсініп қойды. – Шүкір, ел-жұрты ұмытқан жоқ. Бейітінің басына, өзі оқыған мектептің ауласына ескерткіші қойылған. Қордайдың орталық алаңында да қаза тапқан ауғандық жауынгерлердің бірі болып менің ұлымның ескерткіші тұр. Аудан орталығының бір көшесіне есімі берілген. Әскерден жазған хатын, тағы бірер заттарын мектептегі музейге қоямыз деген оқушыларға бердім. Еріміз екеуміз еңбек еткен ұжымдар, Ерланның білім алған мектебі шақырып тұрады. Оларға мың мәрте рахмет! Балаларға бейбітшілікті қадірлей білу керектігін айтудан жалықпаймын. Менің ұлым сияқты қаншама боздақтың өмірін жалмаған соғыс енді болмасын!
Ұлы Отан соғысында әкесі Мұхаметжан Жүкеновтен, Ауған соғысында ұлынан айырылған Жібек апа соғыс атаулыға осылай лағынет айтады. «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» болған ардагер-ұстаз өзге балаларының өркен жайған тірлігіне шүкіршілік етеді. Ерланмен тетелес қызы Светлана ата-анасының ізін қуып мұғалім болды, қара шаңыраққа ие Нұрлан кәсіпкерлік жолды таңдады. Келіні Айгүл де мұғалім. 20-дан жаңа асқан немересі Қанаттың Ерлан ағасынан аумай қалғаны ғажап. Ерланы 17 қыркүйекте қаза тапса, арада 17 жылдан кейін 18 қыркүйекте Талғаттың өмірге келуінде бір тылсым заңдылық бардай. Түр-келбеті де, мінез-құлқы да жат жердегі қан қасаптан табытпен оралған үлкен ұлын еске түсіреді де тұрады.
Ауған соғысы тарихқа айналды, оған төтеннен килігіп талай бейкүнә өмірдің қыршынынан қиылуына себепкер болған кеңес үкіметі де келмеске кетті. Бірақ жүректе қатқан жара бар, ол ешқашан ұмытылмақ емес.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support