- Advertisement -

Ата кәсіпті нәсіп еткен шаруалар

93

- Advertisement -

Мал шаруашылығы жыл – он екі ай бойы тынымсыз тірлікті талап ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол сала екені белгілі. Әсіресе мал қыстату «екінші тың» еңбеккерлері үшін ең жауапты кезең болып саналады.
Аудан малшылары да төрт түлікті қыс құрсауынан дін-аман алып шығу ісіне күш жұмылдыруда. Жалпы ауданда дәл осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Осыған байланысты арнайы штаб құрылған. Аудандағы мал қыстауларының жалпы саны 350 бірлікті құрайды. Алыс мал жайылымы телімдеріндегі қоралардың барлығы да алдын ала жөндеуден өткізілген. Аудан бойынша бүгінде 168480 мал қыстатылуда. Оның 12528-і – мүйізді ірі қара, 6958-і – жылқы, 148994-і – қой-ешкі, 67-сі – түйе малы. Биыл 140500 тонна шөп жиналып, жоспардың асыра орындалуы да малдың қыстан қысылмай шығарына айғақ боларлықтай. Қыстаулар басына мал азығын жеткізу жұмыстары әлі де жалғасуда. Аудан бойынша жемшөп өткерумен айналысатын 14 кәсіпкерлік құрылымы да көмек беруге әзір.
Аудан орталығынан шалғайдағы Балуан Шолақ ауылдық округінің қыстауларын аралағанымызда, малшы қауымының қарбалас та қызу тірліктерінің өзіміз тікелей куәсі де болдық. Ең әуелі «Бақытжан» шаруа қожалығына атбасын бұрғанбыз. Ауылдан біршама қашықтау жерде шаруашылықтың 100-ге жуық сиыры мен жылқысы қыстатылуда екен. Қожалық басшысы Жарылқап Хакимов өзінің жеке кәсіпкерлігін 2013 жылы бастағанын айтады. Алғашында бар-жоғы 37 сиыры ғана болған, бүгінгі күні олардың санының бірнеше есеге көбейтілуіне қол жеткізіп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы аясында әр сиыр үшін 10 мың теңгеден субсидия да алады.
– Малымызды бір ғана бақташы бағып отыр. Әрине, жұмыс оңай емес. Жұмысшыларымнан жауапкершілік талап ету үшін оларға лайықты жағдай жасауға да тиіспін. Сол себепті, қыстау басынан жеті бөлмелі малшы үйін салып бердім. Оның тіпті, жуынатын орны мен әжетханасы да ішінде. Алдағы уақытта күн сәулесінен қуатталатын, 100 метр тереңдіктен су тартатын арнайы сорғылар орнатып, үйге жарық пен су жеткізуді де осы әдіспен реттеуді ойластырудамыз.
Қыстауға 4000 түк шөп пен 10 тонна жем жеткізілген. Бұдан бөлек, Қонаев ауылдық округі маңынан 100 малға арналған қоражай салып, ондағы 50-ден астам сиырға 5000 түк шөп жинап қойдық. Жалпы алғанда малшыларымыздың жағдайы жаман емес. Бұрнағы жылдары күн күрт суытып, боран соқса малшылармен байланысқа шыға алмай қалатынбыз. Қазір мұның бәрі де реттелді. Жолымыз да жаман емес, – дейді Жарылқап Хакимов.
Шыны да солай екен. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Бетпаевтың айтуынша, мал қыстауларында төтенше жағдай туындай қалса, көмек көрсетуге аудандағы жол-құрылыс, коммуналдық шаруашылық мекемелерінің жол тазалау техникалары сақадай сай әзір тұр. Ауылдық округтер аумағындағы шаруа қожалықтары да бұл істен тыс қалмақ емес. Әзірге қыстың қарсыз болуына байланысты қыстаулармен арадағы қатынас аса қиындық туғызып отырған жоқ. Десек те ата кәсіпті нәсіп еткен алыс мал жайылымы телімдеріндегі ағайындар табиғаттың тосын мінезіне қай кезде де тастүйін әзір болуымыз қажет деседі.
Шынында да, аяқ астынан көтерілетін жел де, біресе төпелете жауып, ертесіне еріп кететін қар да малшыларды сақ болуға шақыратыны хақ. Биылғы қыс аса қатты болмағанымен, шаруа баққан жұрт мал ауызы көкке тигенше тынымсыз тірліктерінен танбақ емес.

Шу ауданы.

Ерғали Қартайған

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support