- Advertisement -

Қаланың шеткі аймағына да көңіл бөлінсе

51

- Advertisement -

Ақындар бейнелеп айтатындай, Тараз тотыдайын таранып, құлпырып келеді. Жөн-ақ! 2000 жылдан астам тарихы бар, Ұлы Жібек жолы бойында жатқан тарихи шаһардың сән-салтанаты артып, көркі көз тартарлықтай болуы керек. Заман, уақыт талабы сондай. Оның үстіне Елбасы өркениетті елдердегідей туризмді дамытып, барымызды бағалауға шақырып отыр. Сол үшін алдымызға межелі міндеттер қойды. Сондықтан әрбір отаншыл, ұлтжанды азамат, әрбір тараздық көне шаһардың көркіне көрік қосуға тиіс. «Ауылына қарап азаматын таны» деген бар, бұл қала тұрғындары ғана емес, бүкіл қазақстандықтарға сын. Өйткені тарихи Таразға табан тіреген туристер қала келбетінен бүкіл Қазақстанды көргендей болады. Міне, «Бүкіл қазақстандықтарға сын!» деуіміздің сыры осында.
Бірақ қаламызды бүкіл қазақстандықтар келіп көркейтіп бермейді ғой. Онсыз да Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның барлық облыстары дерлік Таразда көптеген нысандар салып, шаһарды шырайландыруға өзіндік үлестерін қосқан. Оған да рахмет!
Енді «өз қотырымызды өзіміз қасып» дегендей, өзіміз әрекет жасауымыз керек.
Барды бар, жоқты жоқ деген дұрыс, Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі бері қаламыз әжептәуір ажарланып қалды. Жүзеге асырылған жұмыстар көп. Міндетті қызметі ғой десек те оған ризашылығымыз шексіз! Әйтпесе бұрынғы әкімдер қайда қараған? Ешкім олардың қолдарын байлап, іс-әрекеттеріне кедергі келтірген жоқ қой. Тілім жазықты, олардың кейбіреулері «қалтаның қамынан басқаны ойлаған жоқ-ау» деген күдігім бар, шынымды айтсам.
Жаңа айтқанымдай, қаланың орталығында бірқатар көпшілік орындар адам танымастай өзгерген. Көз сүйсініп, көңіл толғандай. Бірақ осы тірліктер сұлу қатынның бетін опа-далаппен әрлей бергендей болып тұр. Қаланың шеткері аймақтары «қалада тұрамыз» деп айтуға кісі ұялатындай жағдайда. Әсіресе қаланы кесіп өтетін темір жол желісінің «За линией» деп аталатын күнгей жағы. Қаланың шығысынан басталып жолаушыны Қырғызстанмен шекаралас аймаққа шығарып салатын Абай даңғылының темір жол желісінен арғы жағын «даңғыл» деп айтуға тұрмайды. Оған лайық емес. Кезінде ол туралы ардагер-кәсіпкер Амангелді Зәуірбеков деген азамат ардагерлердің облыстық басылымы «Ғұмыр-Дария» газетінде жазған. Бірақ ол жанайқай қала әкімдігіндегі жауапты шенеуніктердің құлағына жетпеген сияқты. Қаланың шеткі аймақтарының мәселесі «Aq jol» газетінде де аз жазылған жоқ. Сондықтан қайталап ескертіп отырмыз.
Әңгімені сағыздай соза беріп қайтейін, айтпағым осы Абай даңғылының темір жолдан арғы сол жақ бетіндегі көшелердің мүшкіл хәлі. Мүшкіл демей не дейін, бірлі-жарым өткен ғасырда асфальт төселгендері шұрқ тесік, кейбіреулері асфальт дегенді атымен көрмеген. Жазда қолқаңды шаң қабады, көктем мен күзде балшықтан аяқ алып жүргісіз. Бұл айтқандарым – Мұқанов көшесі мен оның 1, 2, 3-бұрылыстарына, Амангелді, Песчанный көшесінің 2-бұрылысына қатысты. Одан әрі Жамбыл ауданының Қарой округіне ұласып жатыр.
Осы аймаққа №20 бағыттағы автобус қатынайды. Оның өзінде де жалғыз-ақ автобус. Сенбі күні жартылай, жексенбі күні мүлдем жоқ. Жоқтан жоғары осы автобустың жүргізушісі Ә.Өмірзақовқа рахмет тоқтамай жүріп тұрған! Әйтпесе, Өмірзақов болмаса, өлген-ақ екенбіз!
Песчанный көшесі 2-бұрылысының аяқ жағында ауызсу құбыры да жоқ. Ол туралы тиісті мекемеге айтсаңыз: «Бас жоспарда жоқ!» – деп бір-ақ қайырады. Әрі қарай бас ауыртып жатпайды.
Міне, қысқаша қайырғанда әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Осыны жергілікті және қалалық әкімдіктегілерге айта-айта шаршаған соң, облыс әкімінің назарына ілінер ме екен деген ниетпен облыстық «Aq jol» газетіне жазып отырмыз. Аға газетке жарияланса, тиісті жауапты мекемелер назар аударатын шығар-ау, неғыпты?! Сонсоң бір нәтиже болатын шығар» деген үміттеміз.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
ардагер-журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support