Қант қажет пе? онда қызылша өсір!

Бұрынғы кеңестік кезеңде қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар да, қант өндіретін зауыттар да мемлекеттің меншігінде болғандықтан, бәрі де жоғарыдан басқарылып, ұйымдастырылатын. Сол тұста бір ғана біздің облысымыздың өзінде 30 мың гектардан астам алқапқа «балтамыр» егіліп өсірілгені, жиналып алынған өнім қант зауыттарына өткізіліп одан қант, сірне және жом шығарылғаны естен шыға қойған жоқ. Ал сірнеден спирт, арақ өндіріліп, одан түскен табыс облыс экономикасы кірісінің 25 пайызын құрағаны белгілі.
Қазіргідей нарықтық қатынастар кезеңінде алуан меншіктік жүйе орнығып, барлығы да жеке иеліктің қолына өтті. Ірі шаруашылықтар таратылып, есесіне ұсақ шаруа қожалықтарының саны көбейді. Олар бүгінде өздеріне пайда әкелетін дақылдарды ғана өсіруде. Сондай пайдалы дақылдың бірі – қант қызылшасы деп білеміз. Өйткені одан алынған өнімді тиімді бағамен қабылдайтын өңірімізде бір емес, екі бірдей зауыт бар. Кейінгі 5-6 жыл ішінде қызылша алқаптары көлемін ұлғайту жөнінде салалық бағдарламалар жасалып, бекітіліп, бірқатар ірілі-ұсақты шаруашылықтар елді маусымдық жұмыстарға көптеп тартып, өздері де табыс тауып жатыр. Мысалы, Меркі ауданындағы «Сыпатай» шаруа қожалығы жыл сайын 300 гектар жерге қант қызылшасын өсіреді. 2018 жылы әр гектардан 70-80, тіпті 110 тоннаға дейін тәтті түбір жинап, зауытқа өткізді. Соның арқасында 50 миллион теңге көлемінде таза пайда тапты. Шаруашылық басшысы Қ. Шайхиев өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайды, қызылша өсірудің технологиясын жылдан-жылға жетілдіруде, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді толық көлемде қолдануды әсте естен шығарған емес. Одан басқа «балтамырдың» гектар қайтарымын 50-60 тоннаға жеткізген шаруалар қатары көбейіп келеді, олардың табыстары да жаман емес.
Дегенмен де қызылша өсіру мен оның тез дамуына кедергілер мен себептер де жоқ емес. Алдағы уақытта облыста бұл дақылдың егістігі көлемін 15-20 мың гектарға жеткіземіз деген де үміт бар. Ал ондай межеге қалай қол жеткізуге болады? Міне, осы жөніндегі ойымды ортаға салуды жөн деп таптым.
Ол үшін біріншіден, шет-елдерден қызылша тұқымын қымбат бағаға сатып әкеліп, әуре-сарсаңға түскенше, өзімізде облысқа қажетті тұқымды дайындайтын 1-2 тұқым шаруашылығын құру қажет. Оған онша көп қаражат кетпейді.
Екіншіден, қызылша өсіретін шаруашылықтар ауыспалы егіс жүйесін енгізуі керек. Бұл дақыл бір егілген жеріне 5-6 жылдан кейін ғана барып қайта егілуі тиіс. Өйткені ол жер қабатынан азот, фосфор, калий секілді, басқа да қоректік элементтерді көп алады. Сондықтан жердің құнарын көтерумен қатар тамыр шірігі ауруына қарсы шаралар да қоса жүргізілуі тиіс. Ал енді жері аз шаруашылықтар ауыспалы егіс жүйесін қалай енгізеді? Басқа біреудің жерін жалға алса, үкіметтің тұқымға, минералды тыңайтқышқа, гербицидтерге беретін жәрдем ақысын (субсидия) ала алмайды. Жер, су және техникалық өзара көмек мәселелерін дер кезінде реттеп отыратын әр ауданда қоғамдық агрокеңес ұйымы құрылса, оған аудан әкімі не орынбасары басшылық жасап, жер қатынастары мамандары мен тәжірибелі агрономдар тартылса және агрокеңес мүшелері қызылша өсіретін шаруалардың мүмкіндіктері мен мұқтаждықтарын зерттеп, қажет болса жан-жақты көмектер де берсе құба-құп болар еді.
Үшіншіден, шаруашылықтар мен қант зауыттары арасында әлі де шынайы әріптестік орныға қойған жоқ. Шаруалар қызылшаны қалай өсірсе де, қанша өсірсе де зауытқа апарады, өнімдерін өткерудің басқалай жолы жоқ. Ал бұл зауыт иелерінің өздерін монополист сезінуіне әкеліп соқтырмақ. Осы кезге дейін бірде-бір зауыттың қант қызылшасы шикізаты көбеюіне ықпал ететін қандай да бір шараларды қолға алғанын көрген де, естіген де емеспін. Әзірге олар шетелдерден қызылша тұқымын әкеліп берумен ғана шектелуде. «Балтамыр» өнімдерін қабылдау мен қабылданған өнімге ақша төлеу екі жаққа да тиімді болуға тиіс.
Егер зауыт басшылығы қызылша егістігі мен өнімінің ұлғайтылуына мүдделілік танытып, осы істің ұйымдастырылуына тікелей өздері мұрындық болмаса, іс алға баса қоймайды. Мысалы, жаз кезінде шаруалардың минералды тыңайтқыш, өсімдік қорғау және өсіру препараттарын алуға ақшалары жетіспеуіне байланысты оларды егістікке толық көлемде сіңірмей, ойдағыдай өнімге қол жеткізе де алмай қалады. Сонымен қатар өнімді жинау мен зауытқа тасымалдау да көп қаражатты қажет етеді. Осы жағдайды ескеріп, шаруаның болашақ өткізетін өнімі есебінен 25-30 пайызға дейін қаржылай көмек берілсе, жөн болар еді. Бұрындары мұндай қаражат зауыт тарапынан қант түрінде авансқа берілетін.
Әлбетте, аталған дақыл түрін егіп, өсіруде шаруалардың көп қаражаты мен уақытын арам шөптерді жоюға жұмсайды. Олай болатыны, көп жерлерде әлі де қол еңбегі пайдаланылады ғой.
Айта кету керек, Алматы облысының қызылша өсірушілері кейінгі жылдары жаңа гербицидтерді жүйелі түрде қолданып, қол күшін едәуір азайтуға қол жеткізді. Мысалы, Алматы қаласындағы «UKAZ group» фирмасының бас маманы Асан Кенжебеков өсімдік қорғау мен өсіру препараттарын қолдану технологиясын жасап, ұсынып отыр. Оның есебі бойынша бір гектарға басынан аяғына дейін 100 мың теңге шамасында шығын кетеді және оның біразын субсидиямен қайтаруға да болады. Аталған өнертапқыш азаматты арнайы шақыртып, өңірдің қызылша өсірушілермен кездесуін ұйымдастырғанымыз жөн.
Өңіріміздің егін шаруашылығын дамытуға айрықша қолайлы екені баршаға мәлім. Қант қызылшасын егіп, өсіруде жинақталған тәжірибелер де жоқ емес. Осы тұрғыдағы ойларымды ортаға салдым. Бұл жөнінде басқалар не дейді? Табысты істі қолға алынғаны қуантады. Бір жағынан, елге де жұмыс. Тек «тәтті түбірді» егіп, өсіру жайын көп болып ойлассақ, сөз жоқ, жоғары нәтижелерге де қол жеткізетін боламыз.

Елемес ЕСБЕРГЕНОВ,
зейнеткер-агроном.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту