- Advertisement -

Құмөзекке су қашан жетеді?

56

- Advertisement -

Мойынқұм ауданынан шалғай орналасқан Қарабөгет ауылдық округінің жері аудандағы ең шұрайлы жерлердің қатарында. Дегенмен соңғы жылдары ауыл маңында жайылымдық жердің азайып, өрттің көп орын алатындығы ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Соның салдарынан төңіректегі аң-құс та сиреп барады.
Бүгінгі таңда Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Құмөзек, Сарыөзек ауылдарында ағын су мәселесі туындауда. Онда көл-көлшіктегі балықтар қырылып, аң-құсқа да кері әсері тиіп жатқанын мұндағы тұрғындар жақсы біледі. Бұл маңға су келмеуінің бірден-бір себебі – аудан орталығы маңындағы Радай су реттегіш нысанының істен шығуы болып отыр. Шу өзенінің төменгі жағында орналасқан елді мекендер мен оларға тиесілі жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында салынған ол нысан тек бұл ауылда ғана емес, аудан бойынша ең күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Өзендегі суды реттеу гидроқұрылғысы 2014 жылы пайдалануға берілгенімен, араға екі жыл салып нысанды су шайып кетті. Енді міне, оның зардабын аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдар көруде. Сондай-ақ бұл жер Андасай қорығының ең шұрайлы жерлерінің бірі екенін және қорықтағы аң-құстарға да қолайлы мекен екенін ескерсек, бұл жерлерге судың жетпеуі қорыққа үлкен қауіп төндіріп тұр. Жасыратыны жоқ, судың жоқтығынан мұнда жаз айларында шегіртке қаптап кетеді. Тұрғындарының алаңдайтын жөні бар. Өйткені бұндай зиянкестер егін алқаптары мен шабындықтан бөлек, жайылымдық жердің өзін тас-талқан етеді.
Ағын су мәселесін шешу үшін ауыл маңындағы каналдарды мемлекет меншігіне өткізу керегін естіп жатырмыз. Алайда ол үшін ауыл әкімі аудандық сотқа арыздануы қажет екен. Осылайша, барлық құжаттарды рәсімдеп, каналдарды мемлекет меншігіне өткізуге бір жылдан аса уақыт кететін көрінеді. Ал ауылдағы ағайын осы аралықта тағы да ауызсудың машаһатын көруге тиіс пе? Бұл мәселе неліктен бұрнағы жылдары қолға алынбады? Әлде, аудан атқамінерлері шалғайдағы ауылдардың ахуалына алаңдамайды ма? Қалай дегенде де, жергілікті билік ауызсу мәселесін жеделдетіп қолға алып, тұрғындардың тілегін орындаса екен дейміз.

Айтжан МҰХАМЕДЖАНОВ,
Құмөзек ауылының тұрғыны.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support