Жүзге келген кейуана ескерусіз қалды

Айтулы даталар белгіленген жылдық күнтізбенің ішінде Қарттар күні белгіленіп, өз дәрежесінде жыл сайын аталып өтіп жатқанын теледидардан көріп, газеттерден оқып жүрміз. Әйтсе де жергілікті әкім қаралардың қауырт жұмыстардан қолдары тимей немесе босқа шығынданып керегі не деді ме екен, әйтеуір, Еңбек ауылында жүзге келген кейуана Айшакүл Атамқұлованы «аз-маз, мәмпәси әкеліп қытайдың арзан жаулығын» жауып, көңілін аулай салғанды округ әкімдігі де керек етпеген сыңайлы. Аудан әкімінің аудандық ақсақалдар кеңесі мүшелерінің ауыл-ауылды аралап, сый-сияпат үлестіргенін аудандық газеттен оқыдық.
Аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиевтің бағамдауынша, «қайырымды да аса қадірлі» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов аудан көлеміндегі жүзге келген қарттарды толық білмейтін көрінеді. Білмейді деген бекер сөз. Себебі жүзге келген, жүзге қараған қарттарымыз аудан көлемінде санаулы ғана емес пе? Жарайды шалғайдағы ауылға (аудан орталығынан 10 шақырым) күш көліктің реті келмесе неге сол Қорағаты ауылдық округінің әкімдігіне тапсырма берілмейді?
– Мемлекетке рахмет! Ешқандай өкпем жоқ. Жыл сайын ескеріп, зейнетақымнан бөлек, 25 мың теңге беріп отыр. Бәрінен де Елбасының біз сияқты қарттарға жасап отырған қамқорлығына ризамын, – деп барға қанағат, жоққа салауат айтып ақтарылған кейуананың сабыр тілегіне біз де қосылдық. Немере келіні Зәуре Тоғаева: – Апам өте зерек, зағип болғанымен есте сақтау қабілеті жоғары. Өмір белесіндегі ұлағатты нәрселерді бізге үнемі айтып отырады. Қарттар күніне бір-екі күн қалғанда ауланы тазалатты, – дейді. «Қарағым,үйіңді таза ұста, кісілер келіп қалса, ұялып қалма» деп қайта-қайта ескертті. Сонда ғана біз Қарттар күні екенін есімізге түсірдік. Өкініштісі, сол есік ашылған сайын бізден бұрын, «бұл кім?» деп екі-үш күндей қатты алаңдаулы болды деді. Жүрек тебірентер көңіл түйткілін түсінер адам болса, қайырымды, бүгінде түрлі аталым бойынша марапатталып жүрген жомарт жүректі азаматтардың назарына ілінбегеніне ренішін білдірген келінінің де уәжі дұрыс. Жүзге келіп немере келінінің қолына қарап қалған зағип кейуананың алдамшы ғұмырына сәл ғана шуақ түсіруге атқарушы жергілікті орган қызметкерлерінің ұмытшақтығын Елбасы бекіткен Қарттар күніне немқұрайдылықпен қарағаны деуге болады.
– Соңғы екі-үш жылда ешқандай ескеру белгісі болмады. Сонау 32 жылдың ашаршылығы, 38 жылдардағы жазықсыз жапа шеккен жандардың ішінде апамның да әкесінің репрессияға ұшырағаны, бертіндегі екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын көрген, соғыстан зағип боп оралған жұбайының қас-қабағына қарап 30 жыл күткен үлкен жүректі кісінің ерлікке пара-пар істері, колхоз кезінде күн-түн демей жалақысыз еңбек еткен апам қандай құрметке болса да лайық деп білемін, – дейді ол. Бұл кейуананы жас баладай мәпелеп бағып отырған қазақы тәрбие көрген келіні Зәуренің ойы.

Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ,
зейнеткер.

Шу ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту