- Advertisement -

Өнердің шыққан өріне

118

- Advertisement -

Композитор, күйші Аман Малдыбаев атындағы «көне Тараз» республикалық байқауы өтті

ҚР мәдениет қайраткері, күйші, композитор Аман Малдыбаевтың есімі жұртқа кеңінен таныс. Оның «Көне Тараз», «Тай шолпы», «Ғаламат», «Бәйшешек», «Ақиық» атты күйлері мен «Жалын кешкен», «Шырайлым», «Қызғалдақ қырлар қайдасың?», «Астана», «Бұлбұл», «Іздедім сені» әндері көпшіліктің жүрегінен орын алған. Биыл Аман Шоңбайұлы асқаралы 60 жасқа толып отыр.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің мәжіліс залында Аман Малдыбаев атындағы «Көне Тараз» атты республикалық өнер байқауы тұңғыш рет өткізілді. Байқауды Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ержан Әмірбекұлы сөз сөйлеп ашып, Аман Шоңбайұлының ұстаздық, сазгерлік, күйшілік, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол 60 жасқа толған Аман Малдыбаевқа құрмет көрсетті.
Алғаш рет өткізілгеніне қарамастан бірнеше аталым бойынша өткен өнер аламанына Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарынан және Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан, облысымыздың бірнеше ауданынан 50-ге жуық үміткер қатысты. Олар жас ерекшеліктеріне қарай төрт кезеңге бөлініп, сынға түсті. Сахнада мерейтой иесінің әндері мен күйлері орындалды. Оның ішінде көпшілікке «Бәрекелді!» дегізген, болашағынан үміт күттірген жас таланттар да кездесіп жатты.
Сонымен, байқау жеңімпаздары әр аталым бойынша жас ерекшеліктеріне қарай анықталды. «Домбырада ойнау» аталымы бойынша әр кезеңде Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Бақдәулет Лесбек, Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада және цирк колледжінің студенті Жұмаділ Серікбайұлы, шымкенттік Байбол Төреханов, ең жас қатысушы, Тараз қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының оқушысы Нарша Тұраш жеңімпаз атанды. Тараздық Алина Маркенова да осы аталым бойынша үздіктер қатарынан көрінді. «Вокал» аталымында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Рауан Миятбек, Шымкент халықаралық «Жібек жолы» университетінің студенті Шахиор Атажанов, қордайлық Сәуле Жуасбекова топтан озып, өнерімен дараланды. «Аспапта ойнау» аталымы бойынша Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназияның оқушысы Жанайдар Есенов жеңімпаз деп танылды. Осы аталым бойынша Жамбыл ауданындағы М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің домбырашылар ансамблі бас жүлдені иеленсе, Сарысу ауданынан келген жас өнерпаздар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дипломмен, заттай сыйлықтармен марапаттады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support