- Advertisement -

Жауға жерін бермеген Болтай батыр

424

- Advertisement -

«Жеті атасын білмеген – жетесіз» демекші, біздер үшін сегізінші баба Болтай батыр зерттелмеген, жазылмаған тарих.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға ой салғаны анық. Менің де қолыма қалам алуыма түрткі болған осы мақала. Бүгінгі ұрпақ кешегі бабалар ерлігін біліп, құрметтеп өсуі тиіс. Өзге елдің емес, өз елінің тарихына қанығып, танысып өскен ұрпақ бойында халқына, ұлтына деген сүйіспеншілік сезім, рухани таным оянары анық.
Өз тарихымызды зерделемесек, оны келешек ұрпаққа жеткізбесек, онда жетесіз ұрпақ болғанымыз. Сондықтан батыр бабамыздың өмір жолын, ерлігін зерттеп, жарыққа шығару мақсатында осы мақаланы жазып отырмын.
Болтай батыр туралы осы уақытқа дейін аз жазылған. Ол кісі туралы атадан балаға жетіп отырғаны – бабалар аманаты, тек ауызша естеліктер. Тәуке хан дүниеден қайтқаннан кейін 1718 жылы жоңғар шапқыншылығы әсерінен XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдарында қазақ елі өзінің саяси тұтастығынан айырылып қалған болатын. Жоңғарлар XVIII ғасырдың басында қазақтарға қарсы ірі-ірі шабуылдар ұйымдастырды. Олардың ішіндегі қазақтар үшін ауыр қасірет әкелгені 1723 жылғы шабуыл еді. Қазақ халқының тарихында осы кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен сақтаулы. Дәл осы қиын-қыстау кезеңде халықтың бостандығы, ел намысы, жер тұтастығы үшін атқа мініп, қатыгез жауға қарсы күресте ерлік көрсеткен Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Өтеген, Наурызбай, Хангелді, Райымбек, Қойгелді батырлардың есімі дүйім жұртқа белгілі болды. Ұлы жүздің бас батырларының бірі – Қойгелді батырдың құрамында жүзбасы болып соғысқан Болтай батыр бар-тын. Болтай батыр кім? Болтай Байтемірұлы 1705 жылы дүниеге келген. Руы – жаңабай. Әкесі Байтемір 1712 жылы дүние салған.
Байтемір өз заманында ел билеген, аузы дуалы жан ретінде аян. Байтемірдің үш әйелі болған. Бәйбішесінен Майбасар, екінші әйелінен Басыбақ, үшінші әйелі Айғанымнан Болтай есімді ұл көрген. Болтай әкесінен 7 жасында айырылып қалды.
Қазақтың әдет-ғұрпында айт – үлкен мереке. Осындай айт мерекесі кезінде Айғаным абысындарымен бірге көрші ауылға қыдырып бара жатады. Бөлек атты қайнысы жеңгесіне қалжыңдап бетінен сүйсе керек. Болтай бұл кезде 8-9 жас шамасында екен. Ат үстінде келе жатқан Болтай қалжыңды басынғандық деп түсініп, шауып барып, Бөлекті қамшымен салып жібергенде, көзі ағып түседі. Қазақта үлкенге қол жұмсамақ түгілі, қарсы сөйлеу үлкен әбестік саналған. Ол үшін билер қатаң жазаға бұйырған.
Айғаным баласын құтқарып қалу мақсатында Болтайдың жанына сенімді адамдар қосып, Арқадағы әкесіне қашырып жібереді. Болтай Қарқаралыдағы нағашы атасы Тұрысбектің қолында өседі,тәрбиесін алады.
Тұрысбек – Арқадағы атақты байлардың бірі саналған. Қазақтың байлығы төрт түліктің ішінде жылқымен бағаланғаны бәріңізге аян. Тұрысбектің он мың жылқысы болған екен. Байлықтың сәнін келтіру үшін ол кісі құланы құлаға, жиренді жиренге, күреңді күреңге, бозды бозға салған деседі. Тұрысбек – тарихта қалған танымал тұлға. Ел басына күн туып, ер-азаматтар атқа қонғанда соғысқа жарамды 500 ат берген.
Бірде нағашысы Тұрысбектің жылқыларын жоңғарлар барымталап айдап бара жатқанда Болтай он жігітпен қуып жетіп, жекпе-жекте жеңіске жетіп, жылқыларды кері айдап қайтады.Осы оқиғадан кейін Болтайдың батыр атағы шыға бастайды.
«Ер туған жеріне» демекші, Болтай да нағашы жұртымен қош айтысып, көштің басын елге қарай бұрады. Көшті Шу өзенінің бойына тоқтатып, өзі Қаратау бөктерінде қол жинап жатқан Қойгелді ағасына сәлем беруге және жасақтарымен қосылмақ ниетпен атбасын тірейді. Шатыр тігіп, тау бөктерінде жатқан батырға келген жаушылар, қонақтар аттарын көзкөрім жерге байлап, жаяу келеді екен. Жолды бөгеген жігіттердің бірнешеуін соққыға жығып, батыр Қойгелді шатырына атпен шауып келеді.
Бұл әбестікке наразы болған Қойгелді батыр сәлем беріп кіріп келген Болтайға жылы қабақ танытпаса керек.
«Алыстан алты жасар бала келгенде, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деуші еді. Мен Байтемірдің баласы – Болтаймын» дегенде, Қойгелді орнынан атып тұрып: «Арқада бір тентек інім бар деуші еді. Сен сол екенсің ғой», – деп көкірек түйістіріп амандасса керек.
Шатырда отырған қырғыздар: «Пай, пай, пай! Қойгелдінің Тайгелдісі бар екен ғой», – деп жамыраса амандасыпты. Осыдан кейін Болтайдың екінші аты «Тайгелді» аталып кеткен екен. Болтай батыр Қойгелді батырдың құрамына осылай қосылады. Әулиеата төңірегін жау қолынан азат етуге қатысқан Болтай ерлігімен көзге түсіп, аты аңызға айналады.
Әсіресе «Сұмқайтты», «Әбілхайыр» жерінде болған шайқастарда Болтай жасақтары тосыннан және тұтқиылдан жасаған шабуылдарымен жау әскерлерін үлкен шығынға ұшыратып отырған. Жоңғарларға қарсы ұрыстың (1723-1730) жеңіспен аяқталуында «Аңырақай» шайқасы шешуші рөл атқарды. Ол туралы қазақ ауыз әдебиетінде де, тарихшы М.Тынышбаевтың еңбектерінде де жақсы жазылған.
Соңғы жылдары тарихи әдебиеттерде «Итішпестің Алакөлі» туралы жиі жазылып жүр. Алакөл мен Аңырақай таулары арасы 200 шақырымға жуық жерді алып жатқан алқап.
Атақты «Аңырақай» шайқасында жоңғарлар қатты шығынға ұшырап, бытырай қашады. Қазақ жасақтарының алдында әлі де зор міндет тұрды. Ол – жауды қазақ жерінен мүлде аластату. Жоңғарлардың тылында «Итішпестің Алакөлі» жатты. Шегінген жауды өкшелей қуып, талқандау қазақ әскері үшін өте тиімді болды. Кейбір батырлар үшін бұл соғыс алғашқы соғыс болса, басқалар үшін соңғы соғыс еді.
Болтай – «Аңырақай» шайқасында ерлігімен көзге түскен батырлардың бірі. Болтай жүздігі ылғи жүйрік аттарға мінген, шапшаң қимылдайтын, ержүрек жігіттерден жасақталған еді. Бұл қолбасшы Қойгелдінің бұйрығымен жау әскерлеріне тосыннан, яғни күтпеген жағдайда шабуылдайтын арнайы жасағы болатын.
«Итішпестің Алакөліне» қарай қашқан жоңғарларды талқандау Қойгелді батырға тапсырылған еді. Сулы жерлерге жақындатпай жүз шақырым шөлге ұрынған жау әскерін Болтай жүздігі Алакөл маңында қуып жетіп, ұрыс салған. Көлдің суы ішуге жарамсыз екенін сезген жоңғарлар тез ес жиып, қарсы соғысқа шықты. «Жекпе-жек, жекпе-жек!», деп ұран салған қазақ, жоңғар қолдары садақ тартар жерге келіп тоқтады. Жоңғарлар жағынан шыққан батыр талай жекпе-жектің дәмін татқан қолма-қол айқастың хас шебері болатын. Қазақтар жағынан жекпе-жекке Болтай батыр шықты.
«Бәйдібек, Бәйдібек!» деп ұрандаған жүздіктің айқайы Болтайдың жан дүниесін тебірентіп, жігерлендіріп жіберді. Қарама-қарсы шапқан аттардың екпінімен қадалған найза жоңғар батырын аттан аударып түсірген еді. Ат жалына еңкейіп барып, денесін әзер түзеген Болтай өзінің жаралы екенін сезді. Қашқан жоңғарлар жеңіліске ұшырады.
Болтай жараның беті бері қарамасын біліп, демі таусылар алдында інісі Жантайды шақырып алып, өзінің соңғы аманатын жеткізді.
«Менің денемді Әулиеата маңындағы «Тектұрмас» зиратына жеткіз», – деп батыр көз жұмады. Бұзылып кетпесін деп Болтай батырдың денесін қайысқа орап, түйеге қомдап, Жантай екі күн жол жүріп, аға аманатын бұлжытпай орындаған еді.
«Тау баласы тауға қарап өседі» деген халық даналығын құрметтеген Болтай батыр ұрпағымның мерейі үстем, мәртебесі биік болсын деген мақсатпен Шал тауының бөктерін қалап алған екен.
Қазіргі таңда Болтайдың 10 баласынан тараған ұрпақтары Құмарық ауылында тұрып жатыр. Сонымен қатар батырдың ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, өмір сүруде.

Өмірхан НҮРПЕЙІСҰЛЫ,
Болтай батырдың
сегізінші ұрпағы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support