- Advertisement -

Қор қаржысы қайырымды іске жұмсалды

28

- Advertisement -

Меркі аудандық орталық ауруханасында 153 орынға арналған 8 бөлімше бар. Жасыратыны жоқ, қазір ондағы медициналық жабдықтардың 80 пайызы ескіріп, тоза бастаған. Әсіресе перзентхана бөліміндегі ахуал алаңдатарлықтай еді. Жақында Болат Өтемұратов қоры ауруханаға 64 миллион 380 мың теңгенің жабдықтарын сыйға тартып, бұл түйткілдің түйіні тарқағандай болды. Енді нәресте өмірін құтқарып қалу үшін құрылғылардың жоқтығы кедергі келтіре алмайды. Сондай-ақ ауыр науқастарды алыс қашықтықтарға тасуға мол мүмкіндік туып отыр. Қор бөлген қаржыға сатып алынған реанимобиль, Infa Warmer-і монитор, жаңа туған нәрестелерге арналған реанимациялық жүйе, назалдық тыныс жүйесі, электрсорғыш және автоматтандырылған шприцтік дозатор дәрігерлердің жұмысын жеңілдетумен қатар, емдеу шараларын жоғары деңгейге көтереді.
– Болат Өтемұратов қорының қайырымды ісінің арқасында Меркі аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімі перинаталдық жәрдемді аймақтандырудың екінші деңгейіне жетіп отыр. Бұрын босануға Таразға жіберілетін белгілі бір патологиясы бар жүкті әйелдер, жаңа босанған аналар енді сол медициналық қызметтерді біздің ауруханамыздан алатын болады. Жаңа жабдықтар бізге әртүрлі патологиялық ахуалдағы жаңа туған нәрестелерге шұғыл жәрдем көрсету мүмкіндігімізді арттырды. Біз ұзақ уақыттан бері науқастарды тасымалдайтын заманауи үлгідегі реанимобильге қол жеткізе алмай келдік. Қажетті жабдықтармен қамтылған реанимобильмен енді бізге жүкті және ауыр науқас әйелдерді дәрігердің сүйемелдеуімен Тараз және Алматы қалаларына алаңсыз жеткізе аламыз. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Сондықтан аталған қорға, оның директоры Марат Айтмағанбетовке тек алғыс айтамыз, – деді Меркі аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бекболат Құрманалы.
Болат Өтемұратов – дипломат, бизнесмен және меценат. Ол осы қорды 2014 жылы еліміздегі денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларын дамыту үшін құрған болатын. Қор директоры Марат Айтмағанбетовтің айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жасалып жатыр екен. «Әр өңірдегі медицина мекемелерін заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз ету ісі алдағы уақытта да жалғасын таба береді», – дейді ол.
Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support