- Advertisement -

Бизнес-ханымдар байқауы басталды

27

- Advertisement -

Таразда Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен республикалық «Business-Lady Qazaqstan» байқауының екінші маусымы басталды.
Аталған жобаның негізін қалаушы блогер Сәуле Қайсардың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – жас қыз-келіншектер арасында өмірлік белсенді ұстаным қалыптастыру және еліміздің іскер әйелдерінің мәртебесін одан әрі арттыру. Облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар аталмыш байқаудың ерекшеліктері мен шарттары жөнінде тарата айтып берді. «Мен еліміздің қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан бизнес-ханымдары мен кәсібін жаңа бастаушыларға қолдау көрсету үшін осындай байқау ұйымдастыру керек деп шештім. Өйткені әрбір әлеуетті қатысушының табысқа жетуінің өзіндік сыры бар, қай-қайсысы болсын жарқын тұлға. Олар жеке кәсіпкерлік ісін құрып, дамыта отырып, өздерінің жақсы ұйымдастырушылар екендігін де танып үлгерді», – дейді С.Қайсар.
Оның айтуынша, байқаудың өңірлік кезеңінің ақтық сынына 15 қатысушы өтпек. Олармен еліміздің ең үздік стильшілері мен имиджмейкерлері екі апта бойы тығыз байланыста жұмыс істейтін болады. Өйткені байқау жеңімпазы жасөспірім ұл-қыздарымыз үшін де үлгі болуы тиіс қой. Үміткерлер оларға болмыс, бейнесінің тартымдылығы ғана емес, кәсіби шеберлігі, шығармашылық белсенділігі, зиялылығы мен жоғары біліктілігі де әйелдердің басты жетістіктері екендігін лайықты деңгейде таныта алуы керек.
Жарыс үш кезеңнен тұрады. Қатысушылар өздері, саламатты өмір сүру салты, әлбетте, жеке бизнестері туралы бейнетүсірілім түсіріп, ұсынуға міндетті. Бизнес-ханымдардың бұдан кейін өздерінің қабілет-қарымдарын сынауларына да тура келеді, оларға түрлі сұрақтар басқа емес, спорт, шоу-бизнес жұлдыздары мен танымал тұлғалар тарапынан қойылатын болады. Ал үшінші кезеңде үміткер өзін шығармашылық қырынан таныта алуы тиіс. Кез келген үміткердің байқауға қатысуға өтініш беруіне мүмкіндігі бар. Жасына, айналысатын жұмыс түріне қарай ешқандай да шектеу жоқ.
Қысқасы, байқауға атсалысу кім-кімге де жеке брендтерін құрып, қалыптастыруға және дамытуға мүмкіндік бермек. Еліміздегі бизнес саласының танымал өкілдері бұл шараға қазірдің өзінде айрықша назар аударып, қадағалап та отыр. Ал қатысушылардың түсірген бейнероликтері өздеріне әлеуетті келушілер, әріптестер және инвесторлар тартуы үшін әлеуметтік желілерде де жарияланатын болады.
Баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова бастаған бірқатар әйел кәсіпкерлер аталған жобаға бірауыздан қолдау білдірісті.
Айта кету керек, байқаудың гран-при иегері биыл жыл соңына қарай Астана қаласында әйел кәсіпкерлер арасында өтетін алғашқы республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

«Aq jol-Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support