- Advertisement -

Азаттық жолында күрескен айтулы тұлға еді

185

- Advertisement -

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді халық. Кешегі әр күнімізді тарихқа айналдырып, зымыран уақыт алға озған сайын бұл өңірде кезінде қандай оқиғалардың өткені, қандай адамдардың өмір сүргені, олардың елдік істері мен өнегелі өмірі жайлы айтып отыру біздің тарих пен болашақ алдындағы қасиетті парызымыз болмақ.

Қордай өңірінде кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқандардың қатарында Мақсұт Өтелбаев есімі де аталады. Ол 1892 жылы қазіргі Күнбатыс ауылының маңайында кедей отбасында туған. Әкесі Өтелбай бар ғұмырын жергілікті байларда жалшылықпен өткізген. Оның ұлы Мақсұт Тоқпақ қаласындағы орыс-түзем мектебінде сауатын ашып, өзінің еті тірілігімен бай саудагерлердің арасында тілмаштық қызмет атқарып қатарға ілігеді. Оң-солын танып, қоғамдық істерге араласа бастайды.
Оны жақсы білетіндердің қатары бүгінде сиреп қалған. Солардың бірі 56 жылдық еңбек өтілімен халыққа қалтқысыз қызмет еткен дәрігер, бұдан 30 жыл бұрын «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» құрметті атағын иеленген Есімқұл Халықбаев ақсақал. Мұндай атақ екінің біріне беріле бермегені Есімқұлдың өз өмірінің, еңбек жолының ғибратты тұстары молдығынан хабар берсе керек. Бір жағы Мақсұттың туыс інісі ретінде аралас-құралас болған, әңгімелерін көп естіген. Кезінде ол туралы газетке мақала да жазыпты.
– Мақсұт ағамыз нағыз «сегіз қырлы, бір сырлының» өзі болатын. Ол гармонда ойнап, ән салатын, шешендік өнерден де құралақан емес-ті. Сөзге ұста, шежіреге жетік болды. Өйткені Жетісуға аты мәлім Сарбас ақынның туған жиені емес пе. Ауыл балалары одан батырлық қисса, ертегілерді естуге құмар болдық. Әрине, өзінің басынан өткендері жайлы да айтып беретін, – деп Есімқұл аға кең көсіле отырып есінде қалғандарын ортаға салды. Оның айтуынша, тақыр кедей Өтелбай тұңғыш ұлы Мақсұтты он жасында Тоқпақтағы саудагер Нығметжан Мұхаметжанов деген татар байының мектебіне береді. Ептеп хат танысын, өлсем ең құрығанда қабіріме келіп Құран оқып тұрсын дегені болар. Бірақ бай оқытудың орнына қаршадай баланы малайлыққа салады. Бай үйінің малын суару, шөбін салу, қорасын тазалау, жас балаларын бағып-күтумен алты жылын босқа өткізеді. Бірде самаурын қойып отырып ұйықтап қалып, шайдың қайнамағаны үшін оңбай таяқ жеп, ол жерден қашып шығады. Үйге барғанымен әкесі қайтадан сол байға әкелетінін білген Мақсұт осы қаладағы екі жылдық орыс-түзем мектебінің мұғалімі В.Ровнягинге келіп жағдайын айтады. Ол көзінен от ұшқындап тұрған баланы оқуға қабылдап әрі мектептің түнгі күзетшілік жұмысын тапсырады. Өжеттілігімен аз уақытта орыс тілін әжептәуір меңгеріп, 1914 жылы мектепті бітіріп шығады. Пішпектегі гимназияға жолдама да беріледі.
Сол жазда жайлаудағы ауылына келгенде Мақсұт бұрынғы қаратабан бала емес, 22 жастағы ес тоқтатқан, оқыған көзі ашық жігіт еді. Сол елдегі Мүсәпір Қожамбердіұлы деген болыстың халыққа жасап отырған қиянатын көре келе Тоқпақтың приставы Куптиковқа оның үстінен арыз жазады. Арызда болыстың күнін әрең көріп отырған кедейлердің жағдайымен санаспай, үстемелеп салық салып, олардың үй-мүлкін, малдарын сатқызып, аяусыз қанап отырғаны айтылады. Куптиков арызды тексермекке бірнеше жасауылмен келеді. Қу болыс оған күміс ер-тоқымды ат мінгізіп аузын басады. Олар кеткен соң болыс би-старшындарын ертіп мұны жазаламаққа үйіне келеді. Әкесіне «балаңды Сібірге айдатамын» деп қорқытып, ақыры ат-шапан айып тартқызып, атты ауыл ақсақалдарына байлаған болып, шапанның орнына он сом айыппұл алады. Оны бүкіл ауыл болып төлейді, ол кездегі он сомға бірнеше мал келетін көрінеді. Әкесінің жалғыз ешкісін де «селтеңдеген жігіттің серкесінің шығыны» деп былай алып кетеді.
Мақсұт енді Пішпектің уездік бастығына арыз жазады. Ол арызы да айналып Тоқпақтағы Куптиковтың өзіне келіп, ақыры аяқсыз қалады. Енді әкесі туыстарынан ат сұрап мініп, екеуі Пішпекке гимназияға аттанады. Бірақ болыстың жіберген жансыздары бұлар қонып жатқан үйден аттарын ұрлап әкетіп қара жаяу қалдырады. Амалы құрыған әкесі ауылға жаяу қайтады, гимназияға жете алмаған бұл Тоқпаққа келіп, орыс дәрігеріне тілмаш болып жұмысқа тұрады. Пристав Куптиков, Мүсәпір болыс тәрізді патша итаршыларының халыққа жасап отырған істері жүрегіне шемен болып қатып, іштей қоғамға наразылығын оятады.
Ресейдің соңғы императоры Николай II-нің Орта Азия мен Қазақстан және Сібірдегі «бұратана» халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын майданның қара жұмысына шақыру туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы көкірек көзі ояу Мақсұттың да санасын сілкінткен жай болды. Ел арасына барып жарлықтың сұрқия мәнін түсіндіріп, оған қарсы үгіт-насихат жүргізуге атсалысады. Ақыры осы аймақтағы Тоқпақ, Бірқұлақ (Ивановка), Қызылсай сынды елді мекендерде көп адам қатысқан бас көтерулер орын алып, оны патшаның жазалаушы отрядтары аяусыз басып жаншығаны белгілі. Көп ұзамай кеңес өкіметі орнап патша мен бай манаптарда есесі кеткен кедей-кембағалдардың жолын ашып берді. Өзі тұлдыр кедейдің баласы, сауаты да әжептәуір Мақсұт Өтелбаевтың белсенділігі осы кездері барынша танылып, Жетісу ревкомы басшылығының назарына ілігеді. Оған он алтыншы жылдың дүрбелеңінде бас сауғалап Қытайға өтіп, 1918-1919 жылдары арып-ашып қайта келіп жатқан қазақ-қырғыздарды ауқаттандырып, қоныстандыру тапсырылады. Бұл оңай жүзеге аса қоятын іс емес еді, кертартпалар, көпе-көрнеу аяқтан шалып, кедергі келтірушілер көп болды. Осы жағдайды ревкомының басшылығына, Тоқаш Бокиннің өзіне барып баяндайды. Тоқаш Бокин Тоқпаққа келіп, оның пәрменімен дүнгендерден бір тәулік ішінде жүздеген пұт күріш жиналады. Сортөбеде қатар-қатар қазан қойылып, 1600 адамға тамақтандыру пункті ашылады. Мақсұт осылай аштықтан аман қалған қырғыздың атеке-сарбағыш руының адамдарын Кіші кеміндегі Қасқасудың аузына көшіріп апарып, қоныстандыруды ұйымдастырады.
1919 жылы М.Өтелбаев ВКП(б) мүшелігіне қабылданады. Еріктілер қатарында шығыста кеңес өкіметіне ашық қауіп төндіріп тұрған атаман Анненковтың қашқын отрядтарын жоюға қатысады. Жаркент өңірі бандалардан азат етілген соң, Тоқпақ қалалық соты хатшысының көмекшісі қызметін атқарады. Сол жылы Жетісу ревкомының шешімімен Ташкенттегі Қызыл командирлер дайындайтын мектепке жіберіледі. Бірақ Мақсұт әкесі қайтыс болуына байланысты әскери қызметтен босатылып, туған жеріне оралып партия-кеңес қызметіне кіріседі. 1921-1925 жылдары Пішпек уезінің Қарақоңыз болыстық партия комитетінің хатшысы, Қарақоңыз болыстық атқару комитетінің төрағасы, Георгиевка селосында орналасқан кедейлердің Шу аудандық «Қосшы» одағының төрағасы, 1925-1926 жылдары Қордай аудандық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, жауапты нұсқаушы қызметтерін атқарған. Бұл кезде қазақ-қырғыз және дүнген шаруалары қоныстанған жер-суларын айқындау мәселесі өзекті еді. Ал Мақсұт Өтелбаев бұл өлкені жақсы білгендігі есепті, кедей шаруаларға жер кесіп беруші мемлекеттік комиссияға бұл мәселенің барынша әділетті шешілуіне көмектесті. 1928 жылы халыққа тізесі батқан байларды тәркілеу науқаны кезінде баяғыда әкесі мен өзін көпе-көрнеу қорлаған, мұны гимназиядағы оқудан қалдырған Мүсәпір Қожамбердіұлының мал-мүлкін тәркілейді.
Коммунист М.Өтелбаев партия тағайындауымен бұдан кейін Алматы округінің Шу, Кеген, Қастек, Қаскелең, Талдықорған аудандарында МТС директоры, «Сена центр» өлкелік кеңсесі басшысының саяси орынбасары, аупарткомның хатшысы қызметтерінде болды. Соғыс жылдары Қаскелең аудандық жер қатынастары бөлімінің меңгерушісі, ұжымшар төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде тылдағы бар істі «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» ұраны аясында жүргізуге барынша күш салады. Соғыстан соң Шамалған өнеркәсіп артелінің төрағасы қызметін атқарып жүріп, 1950 жылы денсаулығына байланысты өз өтінішімен жауапты қызметтен босап елге оралады.
Басшылық қызметте тәжірибесі мол білікті азамат туған жерінде де қарап жатпайды, бір жарым жылдай Сортөбе селолық кеңесінің төрағасы, одан кейін колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы болып 1955 жылға дейін қызмет етеді. Кеңес өкіметі еңбегін лайықты бағалап, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапаттаған. Партия жолдамасымен «Мойынты-Шу» темір жол құрылысын мерзімінде аяқтауға қосқан үлесі үшін «Құрметті теміржолшы» атағы берілген. 1968 жылы М.Өтелбаев 75 жасында өмірден өтті.
М.Өтелбаевтың әйелі осы өңірге аты мәлім Мәми байдың немере қызы еді. Мәмидің ұлдары Әбдіразақ, Досмайыл, Кампиттен қазір бір қауым ел тарап отыр. Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғын майдан даласына қалдырып келген Әбдіразақтың бір ұлы Қайрат Мәми ҚР Бас Прокуроры, Жоғарғы Соттың төрағасы тәрізді жоғары мемлекеттік қызметтерге көтерілді. Досмайылдың қызы Жәмила Мақсұтқа тұрмысқа шыққан. Олардың үш ұл, екі қызының өзі қазір зейнет жасындағы адамдар. Үлкені Әлкен мемлекет қауіпсіздігі қызметінің, Күләш пен Күлсін, Әлібек медицина саласының, Елбек ішкі істер қызметінің ардагерлері. Енді олардың балалары, яғни кезінде кеңестік жүйеге, Қордай ауданына біркісідей еңбегі сіңген атаның еңбек дәстүрін немере-шөберелері жалғастырып келеді. Осыншама деректі жадында сақтап, бізге жеткізіп отырған Есімқұл қария Мақсұт Өтелбаевтың есімі өзі туып-өскен Күнбатыс ауылының бір көшесіне берілсе деген ұсынысын да алға тартты. Біздіңше, қолдауға тұрарлық ұсыныс.

Құрманбек Әлімжан,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support