- Advertisement -

Бала кезінде бәрі бауырмал…

73

- Advertisement -

Жұмысым бала тәрбиесіне қатысты болғандықтан, қазіргі қоғамда жиі көрініс беріп қалып жататын жасөспірімдердің қатыгездігінің себебі неде деп көп ойланамын. Балаң шақта баланың бәрі бауырмал болады ғой. Ағасы – қарындасына қамқор, інісі – әпкесіне жанашыр. Өсе келе осы қасиеттер қайда қалады? Неліктен жеткіншектер бір-біріне әлімжеттік жасап, өктемдік танытады? Мұның сыры біздің ұлттық тәрбиеден қол үзіп қалғанымызда жатқан жоқ па?Ұлттық тәрбие демекші, әр елдің бала тәрбиесіне қатысты өз ұстанымдары бар. Мысалы, жапондықтар өз балаларын 5 жасқа толғанша еркелетіп, ешқандай тыйым салмай, жазаламай өсіреді екен. Ал бес жасқа толысымен, оған деген талап күшейіп, қатаң бәсекелестік ортаға салады. Тағы бір айта кететіні, ұлдың да, қыздың да ойнайтын ойыншығына дейін ұлттық нақышта жасалады. Ойын арқылы жапон жасөспірімі ер бабасының ерлігін біліп, дана әжесінің шеберлігін түсініп өседі.
Сондай ойынның бірі – «Карута тори». Оны кішкене баладан бастап ересек адамдар да ойнайды екен. Бұл ойын әншейін уақыт өткізу үшін емес, елінің кешегісін санасына сіңіруге арналған. Ойыншы атанғысы келген адам байырғы әдебиеттен жүз жыр білуі керек. Бұл – жүз ақынның өлеңін жатқа айту деген сөз. Жапондар жеткіншектің ми қабілеті осылай дамиды деп есептейді.
Шығыс елдерінің біразында бала тәрбиесіне ата-әжелер өте белсенді араласады. Ал француздар мен америкалықтардың бұл мәселеге көзқарастары басқаша. Олар ұл-қыздарын ата-әжелерінен алшақ тәрбиелейді. Себебі бұл елдерде зейнеткерлікке шыққан егде кісілердің көбісі уақыттарын туристік сапарларға немесе жеке өмірлеріне арнап, отбасымен тек үлкен мерекелерде ғана бас қосады екен.
Ал қазақта бала тәрбиесіне отбасы, әулеті ғана емес, бүкіл ауыл жұрты атсалысқан. Тентегін тезге салатын ақсақалдар, қызға қырық үйден тыйым салған әжелер мектебі – соның дәлелі. Қазір біз осының бәрінен қол үзіп кеткендейміз. Ұрпақтар сабақтастығы үзілген соң, үлкен де, кіші де ұятты ұмытты. Қатыгездік те, жасөспірімдердің жөнсіз-жосықсыз іс-әрекетінің де себебі осы деп ойлаймын. Көшедегі жаға жыртысқан жеткіншектерді жөн салуға ұмтылып, соған немқұрайды қарамауға тиіспіз. Бүгін таяқ жеп, соққыға жығылған жеткіншектің орнында күні ертең сіздің ұлыңыз болуы мүмкін екенін ойлаңыз!

Балзия ҮСЕЙНОВА,
Ақарал орта мектебінің тәлімгері.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support