СЕКСЕН ЖЫЛДЫҚҚА – 80 ШАҚЫРЫМДЫҚ МАРАФОН

Ел ішінде ерекше жандар көп кездеседі. Солардың бірі – тараздық зейнеткер Жақсылық Мамырбекұлы. «Мен екі жылдан бері жаныма жүгіруді серік еткен жанмын, төрт бірдей немеремді де саламатты өмір салтын қалыптастыруға баулып келемін», – дейді қария.
1954 жылы Талас ауданының Тамды ауылында дүние есігін ашқан ол жастайынан жанына спортты серік етіпті. Ауыл балалары сияқты доп қуып, футбол, волейбол ойнапты. Онжылдықты бітірген соң бұрынғы Жезқазған облысының Ақадыр аудандық оқу бөлімінде екі жыл спорт нұсқаушысы болып еңбек етіп, туған өңірге қайта оралады. Темір жол саласында машинистің көмекшісі болып 16 жыл еңбек етеді.
Кейіннен облыс орталығындағы «Жасыл ел–Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қатардағы жұмысшы болады. Бүгінде зейнеткерлікке шықса да жұмыстан қол үзбеген қарияның қайсарлығына қайран қаласың.
– Әкеміз Мамырбек пен анамыз Ханзаттан 11 ұл-қыз едік. Тағдырдың жазуы шығар, қазір әпкем Райхан екеуміз-ақ қалдық. Бір ұлым мүгедек. Келін қайтыс болып кетті. Олардан 4 немерем бар. Жатсам-тұрсам осы немерелерімді қайтсем жеткіземін, қалай саналы азамат етіп тәрбиелеймін деген ой басымнан шықпай қойды. Арқасүйер бір әпкемнен басқа бауыр да жоқ. Содан Алладан бірінші денсаулық тілеп, немерелерімді қатарларынан кем қылмай өсірсем дедім. Ал денсаулық үшін бірінші жаяу жүрудің, жүгірудің маңызы зор екенін кітаптардан, түрлі басылымдардан оқыдым. Зейнеткерлікке шығысымен жүгіруді бастадым. Алғашқыда күніне 10-15 километр жүгірдім, бірте-бірте оны 25 километрге жеткіздім. Ондайда қасыма балаларым мен немерелерімді де қосып аламын.
– Сіздің Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде немерелеріңізбен жүгіргеніңіз де есте, – дедім марафоншы қарияға.
– Иә, немерелерім Абылай, Мақпал, Бақтияр және Нұрай бесеуміз халықаралық аса ауқымды шараға тым болмағанда отбасымызбен осылайша үлес қоспақ ниетпен марафонға қатыстық. Бізге астаналықтармен қатар, еліміздің әр қиырынан, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар қызыға қарады. «Жамбыл облысында саламатты өмір салтын қалыптастыру мықты жолға қойылған екен, мынадай балғындармен атасы бастап жүгіріп жүргеніне қарағанда сіздерде ел-жұрт болып жүгіретін шығар» деген астаналық бір азаматтың сөзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Мұнымен қоса әртүрлі шараларға байланысты Алматыда өткен марафонға 7 рет қатыссам, оның үшеуіне немерелерімді алып бардым, – дейді ол.
Марафоншы қария облыстың 80 жылдығына арнап, өзінің туған ауылы 80 километр жердегі Тамды ауылынан Тараз қаласына жүгіріп келуді ниет етуде. «Менің облыс мерейтойына арнайтын бұл марафоныма облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы қолдау көрсетіп отыр. Қай күні жүгіретінім әлі нақтыланған жоқ. Мерейтой қай күні аталып өтеді сол күнге ыңғайластырамын», – дейді.
Кезінде Тараз қаласының 2000 жылдық тойының салтанатты шарасы өтіп жатқан орталық алаңға 170 километр қашық жердегі Жаңатас қаласынан белгілі тіс дәрігері, саламатты өмір салтын насихаттаушы Тұрар Мысықбаев жүгіріп келіп, талайдың таңдайын қақтырып еді. Сол сарысулық марафоншы-дәрігердің жолын жалғастырған Жақсылық Мамырбекұлына өзі айтқандай, жүз ауруға ем жүгіруді жалғастырып, саламатты өмір салтын насихаттай беріңіз демекпіз!

 

Амангелді Әбіл

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту