- Advertisement -

ТАРИХТАН ТАМЫР ТАРТҚАН ҚҰНДЫЛЫҚТАР

73

- Advertisement -

Өңірімізде кеңінен насихатталуда

Біз – сан қилы азапты жолдан өткен тағдырлы халықпыз. Алайда ұлттық рухымыздың мызғымас беріктігінен соншама аласапыраннан сағымыз сынбай бүгінгі нұрлы тәуелсіздікке жеттік. Сөйте жүріп Ұлы Даланы мекендеген ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан орасан үлесін мақтан етеміз. Осындай бүтін бір ұлттың ғажайып болмысы әрбір қазақ үшін рухани жаңғырудың қайнар көзі екені даусыз. Кез келген қоғамда, ұлтта, мемлекетте рухты көтермейінше даму болмайтыны ақиқат. Елбасымыздың тәуелсіздігімізді баянды етуге бастайтын сарабдал ойы барша қазақстандықтарды отаншылдыққа, өткенін қадірлеп, болашақты бағамдауға үндеуі де сондықтан. Бұл үрдістің ерекше айғағы – өткен жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы болып саналатын «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық рухани-мәдени құндылықтарымызды айшықтап беруі. Ұлы мұраттарға бастайтын бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандық нақты іспен үлес қосуға міндетті. Осы орайда біздің басқарма тарапынан атқарылған едәуір жұмыстарды да атап өтуге болады. Нақтырақ айтатын болсақ, басқарма қызметкерлері мәдени тарихымызды жаңғыртуда және ұтымды үйлестіруде жақсы тәжірибе жинақтады. Сондықтан да қазір басқарманың барлық буыны жинақталған тәжірибені байыта отырып, жұмыс-жоспарларын түзіп, оны жүзеге асыруға кірісіп кетті.
Соңғы жылдары облыс аумағындағы біраз тарихи ескерткіштер мен нысандар қайта жаңғыртылып, жаңа мәліметтермен толықты. Бұл әрбір мәдениет және тарих жанашыры үшін үлкен іс болды. Осы бағдарлама аясында облысымыз еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып, облыстың және жекеленген аудандардың «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің» жинағын шығарды. Бұл жинақтарда сол өңірдің мәдени тарихы нақты әрі дәйекті жазылған.
Жинақтарда облыстың барлық ауданындағы жартас суреттерінің орны белгіленіп, картасы жасалды. Онымен бірге қола дәуірінде салынған аң-құс, арба, адам суреттерімен бірге сақ қорғандары, обалары, орта ғасыр қалалары мен қамалдары және тағы басқа археологиялық тарихи ескерткіштер туралы толыққанды анықтамалар берілді. Есепке алынып, жай-күйі баяндалған тау шатқалдарындағы суреттер туралы айтатын болсақ, алдымен Қамыстыбұлақ, Қарасай, Қарағашты, Теріс, Боралдай, Қаратас, Кемер, Хантауы, Шыбынды, Шалтау және Батыс Қарақоңыз сынды өзге де мәдени-тарихи ескерткіштер ойға оралады.
Елбасының мақаласында айтылған Ұлы Дала құндылықтарының дені Жамбыл жерінде де бар. Түркі дүниесінің алтын бесігі аталатын қазақ жерінде, VI-IX ғасырларда Батыс Түрік қағанаты біздің облысымыздың аумағында салтанат құрғаны белгілі. Ұлы Жібек жолының гүлденіп, дамуының темірқазығына айналған Тараздың айналасында, Алатау, Хантау мен қарт Қаратаудың жазығында Шу-Талас өзендерінің сағасындағы 100-ден аса қала, қамал, қорған, төрткүл болғаны жөнінде дерек жеткілікті. Бұл дәйектер соңғы жылдары жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде нақтылана түсті. Көпке белгілі ортағасырлық Қысымшы, Баласағұн (Ақтөбе), Аспара, Меркі, Құлан, Өрнек, Ақыртас, Қостөбе және Тараз қалалары біздің сөзімізді айғақтай түседі.
Сөз жоқ, біздің елімізде өзге халықтарды тамсандыра алатындай тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Қазіргі таңда облысымыздың өзінде 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 711-і – мемлекеттік, 25-і – республикалық, 5-еуі – халықаралық. Облыс аумағындағы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне енген Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешендерінің туристерді қызықтыруда болашақтағы әлеуеті зор екендігіне ешкім де шүбә келтірмейді.
Өткен жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асырудың түпкі төркіні киелі мекендерді және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында орнықтыруды мақсат тұтқан болатын.
Бұл жобаны өңірімізде жүзеге асыру бойынша облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жетекшілігімен өлкетанушылардан, тарихшылардан, археологтерден құралған жұмыс тобы құрылып, «Археологиялық экспедиция» ұйымдастырылды. Экспедиция барысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне енгізу үшін ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай бірқатар тарихи-мәдени нысандар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» орталығына жолданған. Нәтижесінде 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткішіміз «қасиетті жерлер» тізіміне енгізілді. Алдағы уақытта осы мәселені ары қарай дамытып, көпшіліктің дүниетанымын арттыру мақсатында өзге де жұмыстар жүргізілуде.
Үш тілде сөйлейтін, киелі орындар жөнінде сайт іске қосылды. Онда Әулиеатаның қасиетті орындарын цифрлы форматта және мультимедиялық әдіспен көрсету қолға алынды. Бұл сайтта ескерткіштер туралы бейнематериалдар, фотосуреттер және өзге де ақпараттар орналастырылып, қасиетті жерлердің виртуалды онлайн картасы жасалды. Оны кез келген интернет браузердің көмегімен ешқандай қосымша бағдарламаны жүктемей-ақ көру мүмкіндігі бар. Цифрлы мәліметтер қолданушыларға онлайн түрде қолжетімді. Оны көшіріп алуға, сканерлеуге және керегінше пайдалануға мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ «Әулиеатаның киелі орындары» картасы мен жинақ кітабы дайындалды. Ал алдағы уақытта Қазақстанның қасиетті орындарының тізіміне енген тарихи-мәдени нысандарға сандық жүйедегі QR-код (куэр кодтар) қойылмақ.
Облыстың шығармашыл өнер ұжымдарының шет елдермен мәдени байланысын нығайту жұмыстары қолға алынып, айтулы шаралар іске асырылуда. Облыстық филармонияның «Балауса» циркінің әртістері Катар мемлекетінің астанасы Доха қаласында өткен «MAGIC FESTIVAL-2018» фестиваліне қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді. Шілде айының 25-26 аралығында облыстық орыс драма театры Велес қаласында (Македония) өткен «Стоби-2018» халықаралық антика драмасының театралдық фестиваліне қатысып, «Ең үздік ер адам рөлі» аталымын жеңіп алды. Шу ауданының «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі Түркия мемлекетінде өткен «Анадолу» фестиваліне қатысып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп қайтты. Бүгінгі таңда К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Ақкербез» би ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өтіп жатқан шейх Заид атындағы халықаралық фестивальде өнер көрсетуде.
Облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тараз кітапханасы» сериясымен жарық көретін көп томдықтың биыл 80 кітабы шығарылады. Қазір осы бағытта облысқа белгілі қаламгерлер мен тарихшы-ғалымдар тобы жұмысқа кірісіп кетті. Аталмыш кітап арқылы көпшілік оқырман облысымыздың ғасырлар бойғы тарихын, өнері мен көркем әдеби шығармаларымен және ауыз әдебиетімен танысады. Облысымыздың 80 жылдығы туралы әңгіме қозғалғанда, үстіміздегі жылы атқарылатын біраз тірліктерге тоқтала кетейін. Бұл жұмыстардың барлығы рухымызды көтеруге, рухани байлықты молайтуға бағытталатынын еске салғым келеді. Тараз қаласының орталығынан, яғни, Шахристаннан көне қаланың ғасырлардан сыр тартатынын айғақтайтын нысандар бой көтеретін болады. Мәселен, этномәдени орталықтан тарихи-өлкетану музейі, көрме орталығы, галерея, руханият орталығы және қолөнер шеберлері өнерлерін көрсететін көркем ғимараттар, «Ерлік» мемориалдық кешенінен «Данқ музейі» бой көтереді. Әрқайсының атынан-ақ олардың қандай міндеттерді атқаратыны көрініп тұр.
Мақалада «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын дайындау да басты міндеттердің бірі ретінде айтылды. Қазір архив қызметкерлері жеті жылдық бағдарламаны жасап, оны жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізуде. Қолда жинақталған дереккөздерін пайдалана отырып, өзге өңірлердегі архивтерде Ұлы Далаға және облысқа қатысты қандай құжаттар бар екендігін зерделеу ісі қарқын алды. Осы тірлік жүзеге асырылғаннан кейін мұрағатшылар Ташкент, Санкт-Петербург, Орынбор, Омск, Бішкек қалаларында жұмыс істеуі әбден мүмкін. Тарихи құжаттарды жинақтау үшін біз ең алдымен жоғарыда аты аталған қалалардағы архивтерде Ұлы Даламызға қатысты қандай құжаттар бар екенін білу міндетін шешудеміз. Бұған дейін Президент, Орталық, Ұлттық архивтер шетелдерден әкелген құжаттарды алудың қажеттілігі жоқ екендігін айтқан. Сондықтан бұрын беймәлім болып келген тарихи құжаттарды алуды ойластырудамыз. Әрине бұл оңай жұмыс емес. Шетел архивтерімен Сыртқы істер министрлігі арқылы байланыс орната отырып, өзіміздің сұранысымыздың нақты, анық әрі қажетті болуына қол жеткізу – маңызды жұмыстардың бірі.
Үстіміздегі жылы бұрынғылардан өзгеше бірнеше жаңа жоба, мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарланды. Атап айтқанда, ендігі жерде айтыс жаңа үлгімен өтуде. Қаңтар-ақпан айларында төрт кезең бойынша ұйымдастырылып жатқан «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты ақындар айтысының мәні де, мағынасы да бұрынғылардан өзгеше. Қазір ауылдық округтерден айтыс өнеріне бейімі бар оқушылар мен жастар іріктеліп, аудандық айтыстарға қатысуда. Аудандарда өткен айтыстардың нәтижесі бойынша үздік деп танылған 20 ақын 15 ақпанда облыстық айтысқа қатысады. Үздіктер облыс атынан 28 ақпанда өтетін республикалық айтыста бақ сынамақ. Таңдаулы ақындарды Ахметжан Өзбеков, Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыров сынды елімізге танымал ақындар шеберлік сыныптар ұйымдастырып, айтыстың ақтық кезеңіне жан-жақты дайындайды. Доданың жүлде қоры да қомақты. Облыс әкімінің қолдауымен өтетін республикалық айтыстың бас жүлдесі – автокөлік.
«Өз жеріңді танып біл» атты жоба туған жердің әсемдігін тануға, табиғатымызды білуге жол ашады. Облысымыздың тарихи орындарын фото және көркем сурет арқылы тануды көздеген «Әулиеата бояулары» атты фестивальге алыс және жақын шетелдерден танымал суретшілер шақырылады. «Жамбыл облысының тарихы», «Жамбыл облысының табиғаты» атты тақырыптарды қамтитын суреттер облысымыздың рухани байлығына айналады. Қазақстандық бейнелеу өнерінің мамандарынан құрылған сараптау комиссиясының қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында, ашық аспан астында туындылардың көрме-галереясы ұйымдастырылып, үздіктер марапатталады.
Ал облыстық «Taraz симфониясы» өнер фестивалі музыкалық жанрларды бір алаңда біріктіруді мақсат ете отырып, байқау немесе шығармашылық сайыс ретінде ұйымдастырылады. Фестиваль «Аспапта орындау» және «Вокал» номинациялары бойынша 4 кезеңді қамтиды. Негізгі бөлігі Тараз қаласында өтеді. Сонымен қатар облыс аудандары мен қалалар және ауыл-аймақтар назардан тыс қалмайды. Өнер мектебіндегі балалар мен өнерлі жастар іріктеледі. Одан кейін олардың өнерін шыңдай түсу мақсатында әр жанр бойынша тәлімгерлер тағайындалады.
Ұлттық болмысқа тән барлық құндылықтар жойылып кетпес үшін оларды ұлықтау – басты міндет. Тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал етіп, мәдениетке деген құлшынысын арттыруда, сонымен қатар ауыл мен қала арасында мәдени байланыс орнатуда «Ғибратты өнер керуені» мәдени-қоғамдық жобасының алатын орны ерекше.
Дәстүрлі әнші, биші, күйші, айтыс ақындары сынды сан түрлі бағыттағы өнер иелері мен мәдениет қызметкерлерінен құрылған топ алтын бесік ауылдардағы ағайынға тамаша көңіл-күй сыйлайды. «Ғибратты өнер керуені» барынша салт-дәстүрмен сабақтасып, рухани құндылықтарымызды дәріптейді. «Ғибратты өнер керуені» облыс орталығынан бекітілген кесте бойынша ауыл аймақтарға жол тартады. Аудан орталықтары мен ауыл тұрғындарына тәрбиелік мағынасы бар түрлі тақырыптарда кездесулер, сұхбат-әңгімелер өткізеді. «Ғибратты өнер керуені» әр ауданның кем дегенде ірі екі елді мекеніне барады. Аудан орталығында кітап көрмелері және қолөнер шеберлері мен бейнелеу өнерінің үздік туындыларының көрмесі бір апта бойы көпшіліктің назарына ұсынылады.
Музыка өнерін, жамбылдық композиторлардың туындыларын насихаттау, этно-фольклорлық ұжымдардың шығармашылық қарым-қатынасын қалыптастыру, көне Таразды айшықтайтын күйлер жинағын топтастыру, Жетісу әндерін жаңғырту, облыс деңгейіндегі этно-фольклорлық ансамбльдерін және олардың әнші-термешілерін таныту, шеберліктерін шыңдау, дамыту, Ұлттық домбыра күнін ұлықтау мақсатында республикалық «Көне Тараз күмбірі» этно-фольклорлық ансамбльдер байқауын өткізу жоспарланды. Сондай-ақ биылғы «Жастар жылы» аясында өтетін «Талас толқындары» музыкалық өнер фестивалі облыс деңгейінде үздік өнерпаздарды анықтауды көздейді. Аталған фестиваль аясында Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» қобызшылар конкурсы, Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер додасы, «Би керуені» хореографиялық ансамбльдер байқауы, «Жаңарған Жамбылым» эстрадалық әншілер аламаны да өтетін болады.
Мақалада айтылған дала фольклоры мен музыкасын халық арасында насихаттау мақсатында «Ежелгі Тараз шақырады» атты тақырыпта республикалық фольклорлық ұжымдардың конкурсы өткізіліп, «Әулиеатаның музыкалық мұрасының» табақшасы жарық көрді. Ендігі жерде жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін бұл бағыттағы жұмыс жандана түсетіндігі анық. Осыған дейін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өзіміздің ұлттық кодымызды терең танысақ, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы арқылы біз тарихымызды нақты айқындау жолдарын негіздейтін боламыз.
Ұлт Көшбасшысының ой елегінен өтіп, ұлтты ұлы істерге бастайтын бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді орындау және оны көпшілікке түсіндіруде атқарылатын жұмыстар өте жауапты. Ең бастысы, өскелең ұрпақты ұлттық санада тәрбиелеу арқылы олардың туған жерге, өскен елге деген мақтаныш сезімін асқақтата білу – басты мақсат. Бұл Ұлы Даланың мәдени тарихын тануда және оны насихаттауда жаңа технологияны, атап айтқанда, цифрландыруды үйлесімді және тиімді жүргізуді жетілдіруге бастайды. Қазір біздің барлық жұмысымыз осы мақсаттарға қол жеткізу бағытында жүргізілуде.

Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,
облыс әкімдігі мәдениет,
архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support