- Advertisement -

Қырқында қамал алған мэнни пакьяо

39

- Advertisement -

ол едіреңдеген Эдриен Бронерді сабасына түсірді

Шаршы алаңда жетпісінші жекпе-жегін өткізген әйгілі филиппиндік кәсіпой боксшы Мэнни Пакьяо алпыс бірінші рет жеңіс тойын тойлады. Ол америкалық былғары қолғап шебері Эдриен Бронерге қарсы шаршы алаңға шыққан болатын.
Жасы қырыққа келсе де жылдамдығын жоймаған Мэнни Пакьяо бұл жекпе-жекте өзінің шын шебер екенін байқатып, бірінші нөмірде жұдырықтасты. Қарсыласына қысым көрсете жүріп, жойқын соққыларын өткізе білген филиппиндік сайыпқыран өзінің мықты екеніне күмән қалдырмады. Тіпті, жетінші раундта америкалықты есінен тандыра жаздады. Бұрышта тұрып қарсыласының бірнеше соққысын жіберіп алған Эдриен Бронер Пакьяоның қолын байлап, әйтеуір раунд соңына дейін шыдас берді.
Менменсіген Бронерді сабасына түсірген Мэнни әрмен қарай да қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Алыс қашықтықтан да, жақын қашықтықтан да әдемі шабуылдар ұйымдастыра берді. Он екі раундты бір деммен аяқтаған Мэннидің жеңісіне ешкім күмән келтірмеді. Төрешілер де бірауыздан филиппиндіктің жеңісін мойындады.
Жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түскен Пакьяо өзіне тиесілі WBA тұжырымы бойынша тұрақты чемпионның белбеуін сақтап қалды. Бұл жекпе-жекті әйгілі кіші Флойд Мейвезердің өзі келіп тамашалады. Соңғы сыбыстарға сенсек, алдағы уақытта Мейвезер мен Пакьяо арасындағы екінші шайқас өтуі мүмкін көрінеді. Әрине, бұл әзірге болжам ғана. Кім білсін… Алайда бірнеше мәрте кәсіби мансабын аяқтаған Флойд сан рет қайтадан шаршы алаңға оралған еді ғой. Соған қарағанда бәрі мүмкін секілді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support