Зүлфия «Жылдың үздік спортшысы» атанды

Таяуда Астана қаласында «Ресублика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен дәстүрлі сегізінші «Халықтың сүйіктісі – 2018» байқауының қорытындысы шығарылып, үздіктер анықталды.
Ұлттық сыйлықтың лауреаттарын марапаттау рәсімінде 14 аталым бойынша жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Онда «жылдың үздік мұғалімі», «жылдың үздік дәрігері», «жылдың үздік тележүргізушісі», «жылдың үздік кәсіпкері» секілді аталым иегерлерімен бірге «жылдың үздік спортшысы» аталымының иегеріне де зор құрмет көрсетілді.
Осы жолы тұңғыш рет олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерімен қатар, паралимпиадаға қатысатын спортшылар да бақ сынады. Бұл байқауға облыстық «дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» үкілі үміті, жүзу спортынан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Рио-де-Жанейро Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина да қатысқан-ды.
Сонымен «Халықтың сүйіктісі – 2018» байқауында халықтың 53 пайыз дауысына ие болған Зүлфия Ғабидуллина «Жылдың үздік спортшысы» атағын иеленіп, мерейімізді тасытты. Жарайсың, Зүлфия!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

микро займ на карту