Жыр додасында жарқ етіп көрінген жаңа есімдер бар ма?

Айтыс – бабалардан мирас болып жеткен бекзат өнер. Сондықтан сөз сайысын жақсы көретін көрермен қай кезде де баршылық. Бұл өнер еліміздің барлық аймағында жаңашылдықпен дамып жатыр. Сол үрдістен біздің өңір де қалыс қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, облысымызда бірнеше жыл қатарынан облыстық айтыс болмай кеткен кез де болды. Ал аудандық айтыстар өтпегелі кемі он жылдан асты десек, қателесе қоймаспыз. Бұл өткен шақ болғандықтан, кінәлі тарапты індетіп іздеуге құлқымыз жоқ. Осы олқылықты байқай білген облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен аудандық іріктеу өтіп жатқанына тәубе дейміз.

Белгілі ғалым, өнер жанашыры Мырзатай Жолдасбековтің бір республикалық айтыста: «Елдің, халықтың мүмкіндігіне шек қоюға болмайды. Ел ішінен даусыз дарындар шыға береді», дегені бар еді. Әрине, бұл аудандық іріктеудің де мақсаты – ауылдардағы жаңа есімдерге мән беру. Жаңа есім дегенді мектептің оқушысы немесе тек жастар деп түсінуге болмайды. Белгілі себептермен кезінде қабілетін ашып көрсете алмай қалған замандастарға да зор мүмкіндік бар.
Сонымен әзірге бес ауданда іріктеу айтысы өтті. Байзақ пен Жамбыл ауданындағы айтысты өткен жолы жазғанбыз. Жуалы ауданындағы іріктеуде Қанат Мырзахан көш басын ешкімге берген жоқ. Қанат – Жуалы ауданында туған, қазір Алматы қаласында тұрады. Республикалық деңгейде жиі жүлдегер болып жүрген айтыскер. Биылғы іріктеудің бір шарты – қандай беделі, жүлдесі болса да айтыскер аудандық немесе қалалық іріктеуге қатыспаса, облыстық іріктеуге өте алмайды. Қанаттың туған жерге атбасын бұруы сондықтан.
Екінші жүлде – Дидар Апбасовта. Ол да кезінде республикалық оқушылар айтысының бас жүлдесін алған, облыстық жас ақындар айтысында да жүлдесіз қалған емес. Таразда студент болып жүргенімен, Жуалыда туған.
Б.Момышұлы ауылында өткен доданың жаңалығы – үшінші жүлдегер Әуесхан Үркімбаев. Әуесхан, бұйыртса облыстық іріктеуде алғаш рет бақ сынайды. Бір ерекшелігі – бұл ауданда Құлманбет мектебі бойынша айтыс (айтыскерлердің бір тақырыпты іліп алып жырлауы) өткізілді.
Сарысу ауданындағы іріктеуде Шалқар Шыңболотов пен Дариха Үмбетиярова 16-17 жылдан соң айтысқа оралуға мүмкіндік алса, жаңа есім – Айгүл Қойлыбекова болды. Айтыстың бас жүлдесі тәжірибелі Алик Бекмұсаевқа берілсе, бірінші орынды иеленген Талғат Құсайыновтың да лайықты бағаланғанын айта кеткен жөн. Жуалы мен Сарысудағы айтысқа алты ақыннан қатысты.
Талас ауданында 10 айтыскер іріктеу додасына түсті. Мектеп оқушылары Заңғар Сәтберген, Сағадат Оңғарбай және Тәттімбет Әбілжанның болашағынан үміт күтуге болады. Ал мәдениет саласында жүрген Нүризат Мыңбосын, Ермұрат Баймырза, мектеп қызметкері Абылай Сәбиттің де қара жаяу емес екенін көрдік. Еркін Оразбеков пен Фариза Ермаханбетті – жаңа есімдер деп айтар едік.
Мысалы:

«Ауылыңнан талай-талай ел келді ме,
өте аламай нашар жолдан сенделді ме?
Фариза өзің айтшы ел алдында,
Аққұмның ескі жолы жөнделді ме?»,

деген Еркіннің шымыр да шымшыма шумағы тәнті етті.

Еркіннің белгілі әнші-термеші Алтынбек Оразбековтің баласы екенін айта кетейік. Ең қызықты айтыс Есет Досалы мен Нұржан Манатбектің арасында өтті. Есетті бала күнінен ел таныса, Нұржан да облыстық жастар айтысында көзге түсіп жүр. Нұржанның:

«Есет аға, ел көңілін тауып жүрсің,
Газеттің жұмысы деп шауып жүрсің,
Шорабек Айдаровтай ұстазыңды біз білеміз,
Бағалап еңбектерін халық жүрсін.
Сол кісідей Таласта ұстаз болмай,
Таразда жайбарақат неғып жүрсің?»,

дегеніне Есет:

«Қашанда мөлдір болар ақын жаны,
Нұржанның жөн Таласқа шақырғаны.
Ашамын Таласта айтыс үйірмесін,
Шорабек Айдаровтың атындағы»,
деп ұстазына деген шексіз ризашылықпен жауап берді. Бұл жұптың тақырыпты және елдің жайын жырлауы, бір-біріне деген әзілдері жарасымды, көңілге қонымды шығып жатты. Нәтижесінде Есет Досалы бас жүлдені иеленсе, Нұржан Манатбек бірінші жүлдеге, Еркін Оразбеков екінші жүлдеге лайық деп танылды. Фариза Ермаханбетке үшінші жүлде берілді. Аудан әкімі Досмұханбет Әлиевтің қолдауымен әр ақынға бір домбырадан және қаржылай сыйлық тапсырды.
Біз осы айтыстардың өту барысы және нәтижесі, қазылардың қалай тағайындалғаны жөнінде қазылар алқасының мүшесі, айтыскер Ербол Қамбатыровты әңгімеге тартқан едік.

Ербол ҚАМБАТЫРОВ, айтыскер ақын:

– Әрине, облыс әкімінің қолдауымен басталып жатқан іріктеу айтыстары жайлы жұрттың хабардар болғаны дұрыс. Бұл айтыстың қазысы үш адам. Олар: айтыскер ақындар Айтмұханбет Исақов, Ахметжан Өзбеков және мен.
Әзірге іріктеу айтысының барысы жаман емес. Байзақтың жас айтыскерлері бұрыннан қалыптасқан болса, Жамбыл ауданынан Айжан Сырымбетова деген бұрынырақта айтысқан қызды қайта таптық. Жуалыдан Әуесхан Үркімбаевты, Сарысудан Айгүл Қойлыбекованы, Таластан Нұржан Манатбекті, Фариза Ермаханбетті жаңа есімдер деп атауға болады.
Дегенмен бірқатар жас ақындарда олқылықтар кездесті. Біраз төселген Нұрлыбек Құрманов бұрынғы амандасуын қайталаса, «Жыр туғызған оңай ма, сәби туған оңай ма?» дегенін әдептілікке санай алмадық. Айжан да: «Оны түсіну үшін, Нұрлыбек емес, Нұрсұлу болуың керек» деп дөрекілеу жауап берді. Сарысулық Дариха Үмбетиярованың гитарамен айтысуы әбестеу дер едік. Таластық Фариза Ермахан мен Еркін Оразбековке шумақтарын көркемдеп, домбыра тартуын дұрыстау керек. Сарысудағы Айгүл Қойлыбекованың, Таластағы Фариза Ермаханбеттің қағазға қарағанына бір жолға кешірім жасадық. Алда осы олқылықтарды басқа ақындар қайталамаса дейміз.
Іріктеу әзірге бес ауданда өтті. Мұндай жаңа есімдер өзге ауданнан да шығады деп ойлаймыз. Біз әр ауданда шеберлік сабағын да өткізіп, айтыскерлерді Құлманбет мектебі айтысымен айтыстырып жүрміз. Ол жерде бір шумақ болса да суырып салмалық көрінеді. Шеберлік сабағында қазылар алқасының мүшелері өмірлік тәжірибемізбен де, айтысқа қажетті құндылықтармен де бөлісеміз.
Барлық ауданды аралап шығып және Тараз қаласында іріктеу өткізген соң, облыстық Жамбыл ақын атындағы «Руханият» орталығында тағы да аудандық және қалалық іріктеу барысын саралаймыз, талдаймыз. Оған облыстағы белгілі айтыскерлер де шақырылады. Былайша, не істесек те ақылдасып, өзара келісімге келеміз.
Ең бастысы, аудандардағы қатып қалған сең қозғалды. Енді бұл игі істің тоқтап қалмайтыны анық. Біз «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деген айтыс үшін ғана іріктеу өткізіп жүрген жоқпыз. Алдағы уақытта өтетін аудандық, облыстық айтыстарда да жаңа есімдердің аяқ алысын байқай беретін боламыз.
Бұл – облыстың айтыс өнері бір қадам алға басты деген сөз. Мұның бәрі алдағы уақытта республикалық деңгейдегі кез келген аламанда облыс намысын жоғары деңгейде қорғай алатын шын жүйрікті табу үшін қажет. Ондай жүйріктер бізде де бар. Тек шыңдалу, өсу үстінде. Жамбыл облысының айтысы да жарқырайтын күн алыс емес.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Жуалы, Сарысу және Талас аудандары.

Comments are closed.

микро займ на карту