- Advertisement -

Ауыл ажары ашыла түседі

44

- Advertisement -

Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылындағы түйткілдердің бір себебі – аудан орталығынан шалғайда жатқандығында. Елді мекендегі әлеуметтік және тұрмыстық мәселелердің жылдар бойы шешілмеуі тұрғындардың үйлерін тастап, басқа жаққа көшіп кетуіне түрткі болған. Қазір онда екі көшеде 15-ке жуық үй қаңырап қалған. Ал оқушы саны жетіспегендіктен, бастауыш мектепке жабылып қалу қаупі төніп тұр. Округке қарасты Ақтасты ауылында да күні кешеге дейін жағдай дәл осылай еді. Елді мекендегі негізгі мектеп сынып саны аз болғандықтан, бастауыш мектеп болып қайта ашылған. Ауылдағы демографиялық ахуалдың біршама түзелгеніне де 1-2 жылдың жүзі болды, көпшілік көшуін осы кезде тоқтатқан.

Қошқарата ауылдық округінің әкімі Рәт Бердалиевтің Қызтоған және Ақтасты ауылдарының тұрғындарымен есептік кездесуінде осы және өзге де мәселелер көтерілді.
– Жер жағдайы шаруаға барынша қолайлы, жұрт негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда 103 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Дихандар ақ егістің әр гектарынан орта есеппен 26 центнерден өнім алған. Кей алқаптарда ол рекордтық 47 центнерге дейін жетті.
Көктемгі-күзгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы кезінде мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары 5000 тал-дарақ егіп, 10 шақырым арық-атызды тазалап, ауылды көркейтуге үлес қосты, – деген Рәт Бердалиев өткен жылы атқарылған бірнеше игілікті істерді атады.
Соның бірі – Қошқарата ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің пайдалануға берілуі. Онда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жас дәрігер Сұлтанмұрат Шерметов жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ «Жас project» жобасының жеңімпазы Айдынғали Алтынбеков 1 миллион теңге жеңіп алып, жаттықтыру залын ашып, ауылдастарына тегін қызмет етуде. Одан бөлек, Ақтасты бастауыш мектебі ауласынан құдық қазылып, іске қосылған. Қошқарата ауылындағы Қонаев көшесіне көпір салынған.
Атқарылған істермен қатар, алдағы жұмыс жоспарымен де бөліскен округ әкімі Ақтасты ауылына жол салу, көшелерді жарықтандыру, ауызсу құбырларын тарту мен елді мекенге медпункт салу қажеттігін жеткізді.
Есептік кездесулерге қатысқан аудандық мәслихаттың депутаты, мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков таулы аумақтардағы ауылдарға бір-екі жылда газ, су құбырлары жеткізілетінін, жолдар жөнделіп, тұрмыстың түзелетінін айтты. Сонымен бірге тұрғындарды ауылды, ондағы білім ошақтарын сақтап қалуға шақырды.
Міндетті кездесулерде Қошқарата ауылдық округінің әкімі Рәт Бердалиевтің бір жылда атқарған жұмысына қанағаттанарлық баға берілді.

Абылайхан СӘРСЕН.

Жуалы ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support