- Advertisement -

Альварес пен Джейкобс келісімге келді

31

- Advertisement -

WBC, WBA (Super) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы және «The ring» журналының чемпиондық белбеуінің иегері, мексикалық Сауль Альварес пен IBF тұжырымының чемпионы, америкалық Дэниэль Джейкобс шаршы алаңда кім мықтыны анықтайтын болды.
Кәсіпқой бокс кеші 4-мамыр күні өтеді деп жоспарланған. Екі боксшы да ілгеріде қазақстандық Геннадий Головкинмен қолғап түйістірген болатын. Отандасымыз Джейкобсты төрешілердің біржақты шешімімен жеңсе, Альвареспен екі рет жұдырықтасқан Геннадий бірінші шайқаста тең түсіп, екінші жекпе-жекте төрешілердің басым даусымен жеңілген-ді. Дереккөздерге сенсек, жұрт күткен жекпе-жек Лас-Вегастағы «T-mobile» аренада өтетін көрінеді.
«Келесі жекпе-жекті ресми хабарлайтын сәт келіп жетті. Мен өте қуаныштымын. Бұл кездесуде өзіме тиесілі әлем чемпионы атақтарын қорғап қана қоймай, Джейкобстан IBF белбеуін тартып алатыныма сенемін. Бұл шайқаста өзімнің жеңімпаз атанатыныма еш күмәнданбаймын. Кезекті жеңіс орта салмақ дәрежесінде менің абсолютті чемпион атануыма жол ашатыны анық», – деді мексикалық Сауль Альварес мамыр айында өтетін шайқасты ресми хабарлап.
Өз кезегінде америкалық былғары қолғап шебері де ойын іркіп қалмады. «Мен бұл мүмкіндікті, осынау сәтті өте ұзақ уақыт күттім. Сауль Альваресті жеңе алатындығыма әрқашан сенетінмін. Маған сол сенім күш береді. Альварестің америкалық боксшымен қолғап түйістіргеніне де төрт жылдан астам уақыт өтіпті. Бокс кеші керемет деңгейде ұйымдастырылады. Осы шайқастан кейін орта салмақ дәрежесінде әлемнің үздігі атанатыныма күмәнім жоқ», – дейді Джейкобс.
Сонымен жұрт Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жекті күтіп жүргенде, мексикалықтың Джейкобспен жұдырықтасатыны нақты белгілі болды. Алайда бұл жағдай отандасымыз бен Альварес арасындағы шайқас мүлде өтпейді дегенді білдірмесе керек. Егер Сауль Альварес алдағы кездесуде жеңіс тойын тойлап жатса, Головкинмен қолғап түйістіруі де ықтимал. Ұлыбританиялық промоутер Эдди Хирн алдағы уақытта қазақстандық боксшы мен америкалық Деметриус Андраде арасындағы шайқасты көргісі келетінін айтады. «Андраде Альвареспен де, Головкинмен де шаршы алаңға шыққысы келеді. Мен Головкин мен Андраде шаршы алаңда жұдырықтасуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Осы кездесулерде Головкин мен Альварес жеңімпаз атанса, үшінші шайқас әлемнің абсолютті чемпионын анықтар еді»,-дейді Эдди Хирн.
Әзірге Геннадий Головкин ешқандай телеарнамен келісімшартқа қол қойған жоқ. Мамандар Головкин DAZN стримингілік сервисі ұсынған шарттан бас тартып, басқа телеарнаға ауысса, Альвареспен шаршы алаңда мүлде кездеспеуі мүмкін деседі. Өйткені мексикалық боксшы аталмыш платформамен келісімге келген болатын.
Жақын күндері Геннадий Головкиннің өзіне ыңғайлы телеарнаны таңдайтынына бек сенімдіміз. Қазақстандық боксшының кәсіби мансабы туралы содан кейін толығырақ әңгімелеуге болатын секілді. Әзірге қандай да бір нақты тұжырым жасаудың өзі артық деген ойдамыз.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support