- Advertisement -

ДАУ-ДАМАЙДЫ БИЛЕР ШЕШЕДІ

156

- Advertisement -

Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен қазақпыз. Жер дауы мен жесір дауын да ағайын арасынан сыртқа шығармай ақсақалдардың айтуымен түйіндеген халықпыз. Соңғы жылдары Елбасының бастамасымен қоғамда орын алатын дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешудің жолдары қарастырылуда. Ардагерлер ұйымдарының қатысуымен, әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен бүгінде билер кеңестері құрылуда. Мұндай жұмыстар біздің облыстық ардагерлер кеңесінің назарынан тыс қалмауда.
Ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында өткен жылдың 22 қарашасында облыстық соттың бастамасымен облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрамына жеті адам кірген билер кеңесі құрылды.
Билер кеңесінің алдағы уақытта арнайы ережесі бекітілетін болады және ол Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының және біздің ұлттық дәстүрлі құқықтық негіздеріміз аясында өз қызметін ұйымдастырады. Билер кеңесі түскен арыз-шағымдар мен өтініштерді қарайды, орын алған ұсақ құқық бұзушылықтар мен дауларды талқылап, шешім қабылдайды, тиісті ұйымдардың алдына мәселе қояды, сауал жолдайды.
Билер кеңесінің нәтижелі жұмыс істеуі өз кезегінде күткеніміздегідей әр деңгейдегі соттардың жұмысын сөз жоқ жеңілдетеді деп есептейміз. Сондықтан да ережеміз бекітілген күннен бастап жұмысты жандандырамыз.
Қазіргі кезде облыстық ардагерлер кеңесі жанынан осы жолдардың авторының төрағалығымен құрылған билер кеңесінің құрамында Әнуарбек Нарматов, Меделбай Катаев, Дүйсенбек Қазкенов, Уалиға Қайманова, Сатыбалды Досымбеков сынды өмірден көргені мол, көп алдында сөйлей алатын, әділ шешім қабылдауға ықпал ететін, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен құқықтық негіздерді меңгерген ардагерлер кіргендігін атап өтсем деймін. Сондай-ақ билер кеңесінің құрамында облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев та қоғамдық қызмет атқаратын болады. Ол бізге мұсылман дінінің қағидаттары бойынша көмектеседі деген ойдамыз.
Облыс бойынша барлық аудандарда бес адамнан және ауылдар бойынша үш кісіден билер кеңесі құрылды. Аталған билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты, біліктілігі мол, өмірлік тәжірибеге ие ардагер-ақсақалдар мен ардақты аналар, дін өкілдері тартылды.
Біз жұмысымызды жаңадан бастап жатырмыз. Алдағы уақытта туындаған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға ұсыныс енгізетін боламыз. Дау-дамай, түскен өтініштер, шағымдар ашық, жария түрде қаралады. Бір атап өтерлігі, билер кеңесі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін ұлттық әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрлерімізді, әдеп нормаларын, адамгершілік, имандылық қағидаттарын басшылыққа алады.
Бұған дейін аудандық, ауылдық билер кеңесінің төрағаларымен және мүшелерімен, жалпы осындай қоғамдық жұмысқа тартылған 60 бимен облыстық сотта кеңес өткіздік, оларға қоғамдық медиатор сертификаттары табыс етілді. Бұл өз кезегінде билердің дауласқан тараптарды сотқа дейін де және сотта бітімдестіруге кең жол ашпақшы.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесі «Ардагерлер орталығында» жұмыс атқаруда. Бізге облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан арнайы бөлме берілді, оны әдістемелік құралдармен жабдықтаудамыз. Біздің билер кеңесіне қайырылатын жеке тұлғалар болса осы мекен-жайға хабарласуына болады.

Оңласын ЕСІРКЕПОВ,
облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы
билер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support