Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды

Биыл Ауғанстан жеріне кеңес әскерінің шектеулі контингенті кіргізілуімен басталып, бақандай он жылға созылған кеңес-ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толғалы отыр. Жалпы, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам адам қатысып, олардың 761-і майдан даласында қаза тапты. 1015-сі елге мүгедек болып оралса, 21 адам хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Бұл соғысқа облысымыздан 2236 азамат қатысып, жат жерде ерлікпен шайқасты. Соның ішінде шайқас алаңында 71 жерлесіміз шаһит болып, 1 жауынгер хабарсыз кеткендердің тізімінде. Ал 300-ден астам жауынгер әртүрлі санатта елге мүгедек болып оралды.

Бүгінгі таңда елімізде 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагері тұратын болса, соның 1080-і облыс азаматтары. Олар қазір түрлі салада еңбек етіп, жастардың бойындағы патриоттық сезімді оятуға өз үлестерін қосуда.
Ауғанстандағы сәуір төңкерісінен кейін қалыптасқан жағдайды реттеуге кеңес әскері 1979 жылдың желтоқсанында кіргізіліп, ондағы жағдайды тұрақтандыруға күш салғаны тарихтан белгілі. Сол соғыста кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында болған 200 мыңның үстіндегі сарбаз мемлекеттік марапаттауларға ие болса, оның 11 мыңнан астамы осы соғыста шейіт кеткендер. Ал 86 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Батыр атағын алғандардың 29-ы қаза тапқандар.
Батырлар арасында Қайырболат Майданов деген қазақ жігіті болды. Ол сол тұста Тараз қаласындағы әскери тікұшақ базасында қызмет атқаратын. Ауған соғысына осы жерден аттанып, сонда 50 рет ұрыс қимылына қатысты, ерлігі үшін одақтың жоғары наградасына ие болған жалғыз қазақ. Ауғанстаннан кейінгі жылдары ол Ресей Қарулы күштері қатарында қызмет етіп, Шешенстанда болған соғыс кезінде қаза тауып Ресей батыры атанды.
Біз қаруластарымызды ешқашан ұмыт қалдырған емеспіз. Жылда 15 ақпан күні Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған Сүлейменов көшесі бойындағы ескерткіш қасында бас қосып, қарулас жолдастарымызды еске алып, рухтарына тағзым етуді дәстүрге айналдырғанбыз. Сол үрдістен әлі күнге жаңылмай келеміз. Мұндағы мақсатымыз – ол соғыста қыршынынан қиылған 18-19 жас аралығындағы өрімдей жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындап, мерт болғанын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген ниеттен туындаған рәсім.
Биыл осы көше бойындағы Ауған соғысында қаза болған жауынгерлерге арнап тұрғызылған ескерткіш «Жеңіс» саябағына көшірілді. Жалпы өткен жылы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен көп өзгеріс жасалды. Соның ішінде «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіші лайықты тұғырына қойылды. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған кешен орнатылды. Осы бір игі істің жалғасы ретінде саябақ ішінен Ауған соғысының жауынгерлеріне арналған, ТМД-да кездесе бермейтін әскери техникалардан құралған ескерткіш кешені ашылды. Онда кезекті әскери тапсырманы орындап келген техника үстіндегі сарбаздардың өжеттігі бейнеленген. Бұл өңір басшысының Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің рухына көрсеткен құрметі деп біліп, осы мүмкіндікті пайдалана отырып барша жауынгерлер атынан алғысымды білдіремін.
Біз бүгінде Ауған соғысының отына шыңдалып, кейін онда жасаған ерлігі еленіп, республикамыздың жоғары наградасын иеленген Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Қарулы Күштерін құруға, оның бас штабын басқарып, «Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымына төраға болған, жерлесіміз, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевты мақтан тұтамыз.
Әр адамның қасиетті борышы – Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау екенін ешқашан ұмытпайық. Бүгінгі жастар өздеріндей жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген ниетпен облыстағы барлық әскери бөлімдерде, шекара заставаларында, полиция бөлімдерінде, жоғары және арнаулы оқу орындарында, кітапханалар мен мектептерде Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен түрлі іс-шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Онда біз Ауған соғысындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, қажыр-қайраты, олардың бір-біріне деген достық және бауырмалдық көмегі, от пен оқтың ортасындағы жанкешті тағдырын өзіміз қатысқан кездесулерде айтып, жастардың бойындағы патриоттық сезімді оятуға тырысып отырамыз.

Дүкенбай ЕРМЕК,
облыстық және Тараз қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы, Құрмет орденінің иегері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.