- Advertisement -

Нақты қолдаудан ғана жарқын келешектің нышаны аңғарылады

49

- Advertisement -

Ертеңіміздің қандай болмағы – жас буынға берген тәрбиеге байланысты. Бастысы – ұрпақтар сабақтастығының үзілмегені жақсы. Өйткені бала біткен отбасындағы, өскен ортасындағы көргенін бойға сіңіреді, естігенін көкейге түйеді. Ұлт Көшбасшысының әрдайым өскелең ұрпаққа қолдау көрсетіп, жастар саясатының дамуына баса назар аударатынының бір себебі – осы. Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» жариялауы – осы сөзіміздің дәлелі.
Әрине, бұл жастар үшін – үлкен мәртебе. Мемлекет қолдауы өскелең ұрпақтың ертеңге деген сенімін арттырады. Сондықтан жалындаған жастардың 2019 жылдан жаңалық күтуі де заңдылық. Біз олардың нақты қандай қолдау күтетінін білу үшін студенттер арасында сауалнама жүргізген едік. Көпшілігі саны бар сапасы жоқ, алаулатып, жалаулатқан шаралардан шаршағанын айтып, бұл жылы жастар мәселелерінің шешімін тапқанын күтетінін айтты.
Сонымен «Жастар жылынан» не күтесіз?», «Атаулы жылда жастар кімнен қандай қолдау күтеді?», «Жолдау сізге қандай жауапкершілік жүктейді?» деген сұрақтарға нақты ұсыныс айтқандардың пікірін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Тарихи фильм түсірілсе…»

Нұрбек ҚИҒАМБЕК, ТарМУ-дың 3-курс студенті:
– «Жастар жылында» жастарға өз білім-білігін көрсетуге мүмкіндік туатынына сенім мол. Сондықтан биыл біз Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсетілгендей, тарихи сананы қайта жаңғыртуға өз үлесімізді қосуға ұмтылуымыз керек. Мәселен, көне шаһар Тараздың тарихи жәдігерлерін жас жеткіншектерге, өзге қала тұрғындарына ұлықтауымыз қажет. Тарихи мұраларды дәріптеуге арналған қысқаметражды фильмдер түсірсек деймін.
Жастардың осындай бастамаларына жергілікті атқарушы орган қолдау көрсетсе екен. Жастар шығармашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қаржылай көмек күтемін. Тиісті жағдай жасалса деп ойлаймын.
Өзім болашақ тарихшы болғандықтан шығар, қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарымыз бен болмысымызды сақтап қалу үшін жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда белсенді болуы тиіс деп есептеймін. Біз елдігіміздің іргесін нығайтып, еңсемізді тік ұстау үшін ата-бабамыз салған сара жолдан адаспауымыз керек. Ол үшін тарихымызды жақсы білуге тиіспіз. Ұлттық салт-дәстүрімізге көлеңке түсірмеуіміз қажет! «Жастар жылында» мемлекеттен қолдау күтіп, қарап отырмай, бұның бізге жүктелген жауапкершілік екенін сезіне білсек деймін. Жастар «Біз мемлекетке не береміз?» деген сауалды да өз-өзіне қоя білуі қажет. Мысалы, менің мемлекетке берерім – қоғамда тарихи сананы қалыптастыру жолында еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу.

«Мән-мағынасыз
жиындар көбеймесе екен»

Нағима ЕРЕЖЕПБАЕВА, ТарМПУ-дың 1-курс студенті:
– «Жастар жылынан» үлкен үміт күтемін. Алайда мән-мағынасыз жиындар мен түрлі конференцияларды ұйымдастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жастар жылы болғандықтан жаңа форматтағы тың жобалар қолға алынса деймін. Мысалы, қаламызда түрлі мәдени-сауықтыру кешендері салынса, сонда жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік туар еді. Атап айтар болсам, боулинг ойнайтын жер, Астана, Алматы секілді қалалардағыдай, үлкен сауда орталықтарында шағын мұз айдындары ашылса ғой. Тіпті Тараздағы жалғыз заманауи «Астана парк» кинотеатрында сеанс басталғанға дейін жастар ертерек бас қосып, жинала қалса, бір-бірімен жарысып, бәсекелесетін үстел теннисі болса деп армандаймын.
Мемлекет тарапынан білім-өнерге құштар жастарға көп қолдау көрсетіледі. Оны тиімді пайдаланып жатқандары да бар. Бірақ бізде насихат аз. Сондықтан «Жастар жылында» табысқа жеткен замандастарымыз, әсіресе ауыл жастарымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын түсіндірсе деймін. Сонда ғана бос уақытында телефонға телміріп отыратын жеткіншектер нақты іс-әрекетке көшер еді. Жергілікті билік осындай кездесулерді ұйымдастырып, қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әрбір болашақ маман өз саласының жетістіктерін саралап, өзін-өзі қамшылап, жетілдіріп отыруы тиіс. Бізге жүктелер міндет – сол. Заман талабына сай жаңаны үйренуге тырысып жүруі керек. Бұл әсіресе біз секілді жастарға екі есе жауапкершілік жүктейді деп ойлаймын. Сондай-ақ мемлекеттің қолдауына қол жеткізумен қатар, ел үмітін ақтау жолында қызмет атқару қажет.
«Өнертапқыштарға
қолдау көрсетілсе»

Әйгерім ТҮЛКІБАЕВА, ТИГУ-дің 3-курс студенті:
– Қазір әлем қарқынды түрде дамып келеді. Жаңа технологияны игеру – біздің міндетіміз. Ал бізге осы технологияларды тілін үйретіп, түсіндіретін білікті мамандар қажет. Мен болашақ физик болғандықтан, жан-жақты, сапалы білім алғым келеді. Әлемде жаңадан ашылған жаңалықтардан құлағдар болып отырсам деймін. Сол үшін қаламызда жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйретуге арналған орталықтар көбейсе, жас өнертапқыштарға жасалған қолдау болар еді.
Бүгінде жастар арасында инновациялық технологияларды пайдаланып, түрлі жобасын ұсынып жүрген студенттер көп. Соларға ғылыми жобаларын жүзеге асыру үшін қаржылық қолдау көрсетілсе деймін. Сонда ғана біздің өз мүмкіндіктеріміз көбейіп, ғылымға ден қояр едік. Менің пікірімше, елдің кемел болашағының кепілі – озық идеялы жастар.
Елбасымыз жастарға үлкен сенім артып отыр. Саналы жастар бұл жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын. Бүгінгі студент – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Өсемін, өнемін деген жанарында оты, жүрегінде жалыны бар жастар бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануы тиіс. Жолдау жүктеген міндет те – осы.

P.S.
Студенттер «Жастар жылындағы» жоспарлар өз кезегімен орындалса деп күтеді. Өскелең ұрпақ кәсіби шеберлігі шыңдалған, материалдық игіліктермен қамтылса ғана мемлекет дамиды. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі ақиқат.

Меруерт Қайнышева,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support