- Advertisement -

Бейнетаспаға түсіп қалудан неге қорқамыз?

33

- Advertisement -

Қазір жасөспірімдерге сабаққа смортфон алып кіруге рұқсат жоқ. Оң мен солын ажырата білмейтін төменгі сынып оқушылары үшін осылай тыйым салғаны дұрыс та шығар. Әлеуметтік желідегі жазбалардан бас алмай, оқуға ынтасы болмай қалмасын дейді де… Әйтсе де бүгінде мектеп пен колледждерде әр жасөспірім берілген тапсырманы интернеттен ізденіп, керек тақырыпқа дерек тауып, өзі ізденуі тиіс деген талап қойылатынын ескерсек, кереғар пікір тағы туындайды.
Өйткені қазір баласына ноутбук сатып әперуге ата-аналардың бәрінің бірдей жағдайы келе бермейді. Содан кейін «смартфон ұстаса несі айып?» деген ойдың бас көтерері анық көпшілікте.
Тәрбие отбасынан басталады. Ата-ана перзентіне тәлім көрсетіп, жаза баспауы үшін қатерден сақтандырып отыруы тиіс. Бала түзде өз үйінде үйренгенін көрсетеді. Яғни «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» емес пе? Қазіргі жеткіншектер біздің ойлағанымыздан да көп біледі. Сіз оған телефон ұстатпай қойғаныңызбен, ол өзінің дегенін сыртта жасайды. Егер отбасындағы тәрбие дұрыс болса, ол бала сыртта өзін қалай ұстауды, кіммен қалай сөйлесу керегін жақсы біледі. Ал біз бозбалалық шаққа қадам басқан он бес-он алты жастағы балаларымызға тұлға ретінде қарамай, оларға смартфонды да сеніп тапсыра алмасақ, ол баладан не күтуге болады?
Балаға сенім артса, ол жауапкершілікті сезіне бастайды. Санасыз болса, смартфонсыз да бейәдеп қылық көрсетеді. Қазір көптеген ата-аналар баласының қауіпсіздігі үшін смартфон сатып әперетін болған. Көшеде жүргенде өзіне бейсауат жүрген біреу тиіссе, жақындарына жылдам хабарласу үшін де ұялы телефон керек. Сондай-ақ әлдекім әлімжеттік жасаса, әлдебір келеңсіз оқиға болса, бейнетаспаға түсіріп, аудиожазба жасау үшін де қажет. Рас, қазір кейбір бетімен кеткен жасөспірімдер мұғалімдерді ызаландырып алып, содан кейінгі әрекетін таспаға түсіріп, әлеуметтік желілерге таратып жібереді екен деп те естідік. Смартфон ұстауға салынған тыйымның бір себебі бәлкім осында жатқан шығар?!
Біз неге бейнетаспаға түсіп қалудан қорқамыз? Егер әр адам өзінің ар-намысы таза екеніне сенімді болса, өз қызметіне сай болып тұрса, неге өзгелерден қорқуы керек? Ондай жан қай жерде болса да өзін қорғай алады ғой. Ұстаздардың абыройын түсірмеуді желеу етіп, басқа келеңсіз әрекеттерге жол беріп жатқан жоқпыз ба?! Бәлкім мұғалім немесе басқа кез келген қызметкердің бейәдеп қылық көрсетпеуі үшін мұндай тыйым салмаған дұрыс болар. Сонда кім-кімнің де ашуға бой алдырмауға тырысып, өзін барынша мәдениетті ұстауға тырысары анық.

Салтанат Нұрмаханова,
Тараз қаласының тұрғыны.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support