- Advertisement -

Қазақ өнерін арабтарға әйгілеп…

50

- Advertisement -

Қазақ би өнерін насихаттауға тағы бір мүмкіндік туды. Талай байқауларда қатарының алды бола білген «Ақкербез» би ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінде өз өнерін көрсетіп, қазақ халқының бай мәдени мұрасын әйгіледі.
Өткен жылдың мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктерінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шейх Заид атындағы халықаралық фестивальге өкіл жіберу туралы елшілікке хат келіп түскен-ді. Нәтижесінде аталмыш өнер аламанына Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Ақкербез» би ансамблі қатысуға лайық деп танылды.
Халықаралық деңгейдегі фестиваль тұрақты түрде 1 желтоқсан мен 27 қаңтар аралығында өтеді. Осынау іс-шараны өткізудегі басты мақсат – жыл сайын 2 желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық күнінің тойлануына орай оның халқы мен қонақтарын әлем елдерінің ұлттық мәдениетімен таныстыру.
Сегіз өнерпаздан құралған «Ақкербездің» мың бұралған бишілері 3 қаңтардан бері «Ерке сылқым», «Әлқисса», «Биле, биле», «Жайлауда» секілді қазақтың ұлттық билерін билеп, төл өнерімізбен әлемнің бірқатар елдерінен келген мамандарды тамсандырып жатыр. Шет мемлекеттерден келген меймандар қазақстандық бишілердің өнерін жоғары бағалап, ризашылықтарын білдіруде.
Бірнеше елдің ұлттық өнері дәріптелетін фестиваль 27 қаңтар күні мәресіне жетеді. Оған дейін өзге де қатысушылармен бірге «Ақкербездің» бишілері Абу-Даби қаласының түкпір-түкпірінде өнер көрсете береді. Бізді қуантқаны – байқауға қатысушылар көк Байрақты алып жүреді. Бұл – ұлтқа, елге деген зор құрмет.
Құрылғанына небәрі жеті жыл болған «Ақкербез» би ансамблінің осынау мәртебелі фестивальге жолдама алуы үлкен жетістік. Ұжымның бас балетмейстері Айжан Қонарбаеваның еңбегін де атап өткен жөн. Әріптестерінің жігерін жанып, қанаттандырып жүрген Айжанның «Ақкербезбен» бірге бағындырар биігі әлі алда.
Жалпы бұл фестивальге біздің елдің өнерпаздары осымен төртінші мәрте қатысуда. Бұған дейін еліміздің атынан Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері бақ сынаған. Олардың барлығы фестиваль қонақтары мен белгілі маман­дардың жоғары бағасын алып, ыстық ықыласқа бөленген-ді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support