- Advertisement -

Қазақы қасиеттеріміздіқаита түлетуіміз керек

48

- Advertisement -

Қазақстанның бірінші жаңғыруы осыдан 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды дербес мемлекет ретінде бастағанымыздан басталған болатын. Екінші жаңғыру «Қазақстан — 2030» Стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда — Астананың салынуымен жалғасты. Үшінші жаңғыру Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жалғасын табуда. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек — басты бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр. Оны халық та «Мәңгілік Ел» мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдауда. Ұстаздар қауымына да орасан зор міндеттер жүктеліп отыр.

Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты — ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ал ұлттық кодты сақтау дегеніміз — ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан- ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, тіліміз бен музыкамыздан, әдебиетімізден, жоралғыларымыздан бастауын алатыны белгілі. Жалпы, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілері анық. Жоғары оқу орындарында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс. Елбасы рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы ретінде бәсекеге қабілеттілікті ұсынады. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынына ел Президентінің ерекше назар аударып отырғаны бекер емес. Өйткені әлемдік бәсекеге қабілеттілік ұлтымыздың экономикада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етері сөзсіз. Сондықтан ата-ана да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары да осынау жалпыхалықтық іске өзіндік үлестерін қосуға міндетті. Мемлекет басшысы осы бағдарламалық мақаласының «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде жан-жақты тоқталып: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу — біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды. Дегенмен білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп ерекше атап көрсетті. Яғни осылай рухани жаңғыру жолындағы ұстаздардың атқаратын басты міндеттері қолмен қойылғандай нақты айқындалып көрсетіліп беріліп отыр.

Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болды. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық. Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді.

Әсіресе жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор. Бүгінде еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымын, Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер қалыптастырып жүйелеу оқу-тәрбие үдерістері мен сабақтан тыс іс-шараларда да кең ауқымда жүзеге асырылу үстінде.

«Рухани жаңғыруда» алға қойылып отырған маңызды міндеттердің бірі — «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап — әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашып, әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық. Елбасы рухани жаңғыру жолында таяу жылдары атқарылуы тиіс негізгі міндеттерді де нақты анықтап берді. Соның бірі — латын 

графикасына көшу. Бұл тұрғыда ең алдымен ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданды. Жаңа әліпбиді үйрететін мамандар және орта мектептерге арналған оқулықтар дайындалуда.

Елбасы еңбегінде атап көрсетілгендей, таяу жылдардағы орындалатын міндеттер қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары да бар.

Аталған бағдарламалық мақала ұлттық сананың рөліне байланысты бірқатар міндеттерді айқындап беруімен де құнды болып отыр. Оның ең негізгісі де осы — ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу, құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан қазақи ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек-ақ.

Қысқасы, қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болған осынау игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру — баршамыздың міндетіміз. Өйткені қазақтың рухани жаңғыруы — қазақтың рухының да жаңғыруы екенін әсте ұмытпайық.

Әйгерім ТӨЛЕКОВА, №1 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support