- Advertisement -

«ов», «ев»-ті алып тастауға кедергі жоқ

421

- Advertisement -

Қазір төлқұжатыңыздағы «ов», «ев»-ті алып тастап, аты-жөніңізді қазақшалаудың еш қиындығы жоқ. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлігіңізді ғана ауыстырып алуыңызға болды. Дегенмен мамандардың айтуынша, басқа құжаттарға қатысты бірізділік те қажет екен. Яғни жеке куәлігіңізбен бірге туу туралы куәлігіңізді де ауыстыруыңыз керек болады. Ол үшін қай мекемеге барып, қандай мамандарға қайырылған жөн? Бұл сұраққа нақты жауапты Тараз қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесінің әдіскері Арай Нұрова жауап берді.
– Еліміздегі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Заңның 183-бабында азаматтық хал актілерінің жазбаларын өзгерту, толықтыру және түзету тәртібі жазылған. Біз осыны негізге ала отырып азаматтардың өтініштерін орындаймыз. Сонымен қатар аталған заңның 194-бабында баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібінде: «Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич аффикстері алынып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: –ұлы, -қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады» делінген.
Кейбір азаматтар жеке куәлігін қазақшалап алғаннан кейін, оның түбірі, яғни туу туралы куәлігін ауыстырмайды. Ол зейнетке шыққанда немесе шет мемлекетке сапарлайтындарға қиындық туғызады. Сол үшін ең алдымен жеке куәлікпен бірге туу туралы куәлікті ауыстыру керек. Оның жолдары айтарлықтай қиын емес. Ең алдымен бізге әке-шешеңіздің неке қию туралы куәлігін, туу туралы куәліктерін, өзіңіздің жеке және туу туралы куәлігіңіз және отбасылы болсаңыз, балаларыңыздың туу туралы куәліктері қажет. Туу туралы куәліктегі әкесі мен шешесі деген жерде қате бар ма, жоқ па соны тексеріп, егер қате жоқ болса, түбірін тексеру үшін азаматтың туылған жеріне сұраныс жасаймыз. Сұраныс пошта арқылы жіберіледі. Сұраныс келгеннен кейін барлық құжаттарын алып халыққа қызмет көрсету орталығына барып, туу туралы куәлік пен жеке куәлікті сәйкестендіру туралы өтініш береді. Сол өтініш негізінде «ов», «ев» алынып «қызы», «ұлы» дегенді қосып немесе тегін ғана жазып береміз. Егер Тараз қаласында туылса, онда мәселені сұраныс жасамай-ақ шешуге болады. Ал аудан немесе басқа қалада туып-өссе, сұраныс жасалады.
Біздің байқағанымыз, тегіңіздегі «ов», «ев»-тен арылу аса қиын емес. Ал егер тегіңіздің орнына әкеңіздің есімін жазғызатын болсаңыз ғана сізге қосымша арнайы куәлік қажет болады екен.
Құжат беру мәселесін жеңілдетуде биылдан бастап енгізіліп жатқан жаңа жүйенің тиімді екенін айтады мамандар. Өйткені осы жүйеде барлық мәліметтер электронды базаға жинақталып, сол арқылы сұраныстар жасалатын көрінеді. Ол толық енгізілсе, азаматтар құжатын бұрынғыдай айлап күтпейтін болады.
Туу туралы куәлік пен жеке куәлігіңізді ауыстырғаннан кейін халыққа қызмет көрсету орталығы сізге не себепті ауысқаны жөнінде анықтама береді екен. Сол анықтаманы зейнетақы жинақтау орталығына және көлігіңіз немесе басқа да мүліктеріңізге қатысты құжаттарыңыз болса тиісті мекемелерге барып, анықтамаңызды көрсетіп, жеке куәлігіңізбен сәйкестендіріп жазғызып алғаныңыз жөн. Өйткені сізбен аты-жөні сәйкес келетін азаматтар болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да ондай қиындықтар туындамас үшін құжат ауыстырғанда барлық тиісті заңдылықтарды сақтағаныңыз абзал.
Осы жерде шетелге шығатын паспортты ауыстыру керек пе деген сұрақ туындауы мүмкін. Мамандардың айтуынша, оны қазақшалаудың қажеті жоқ. Өйткені шетелге шығатын паспортыңыз және туу туралы куәлігіңізде орысша жазылуы керек екен. Ресми тіл халықаралық қатынас тілі болғандықтан да талап солай қойылған шығар. Қазір еліміз кириллицадан латын графикасына ауысуға дайындық жасап жатқаны белгілі. Сондықтан 2021 жылдан бастап жаңа әліпби бойынша жазылған төлқұжат, жеке куәлік және басқа да құжаттар беріле бастайды. Мүмкін сол кезде бәрі біріздендірілетін болар.

 

Камила Борашова

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support