- Advertisement -

Жылу беру жұмысы жіті қадағалауда

41

- Advertisement -

Бүгінде кәрі құда қыс бел ортадан аууға қарады. Алайда тараздықтар үшін қыс ызғары аса сезіле қоймағанмен, таулы өңірлерде қыстың қаһары қатты-ақ. Ал облыс орталығында жаңа басталған жылдың алғашқы айы жайлы өтуде.
Жалпы жылу беру жұмысының жағдайы қандай? Бұл орайда облыс бойынша орталықтандырылған 434 қазандық жұмыс істеуде екен. Оның 221-сі көмірмен, 192-сі газбен, 18-і сұйық отынмен, 3-еуі электр қуатымен жылытылады. Өңірде барлығы 3250 нысан жылумен қамтылған. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала мекемелерінің нысандары мен көп қабатты 1497 тұрғын үй бар. Атап айтқанда, Тараз қаласында – 1212, Жаңатаста – 86, Қаратауда – 138, Шуда – 56, Құлан ауылында – 4 және Аса ауылы 1 көп қабатты үй орталықтандырылған жылу қазандықтарына қосылған. Облыс орталығында жылыту маусымы 10, аудандарда 15 қазаннан басталып, көп қабатты тұрғын үйлерге жылу кедергісіз берілу үстінде.
Ағымдағы жылдың жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін оның дайындық жұмыстарына отын-энергетика кешені кәсіпорындары тарапынан 1,4 миллиард теңге қаралып, бүгінгі таңда бұл қаржы мақсатына сай игерілген. Сондай-ақ өткен жылы Тараз қаласының жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына бөлінген 1,786 миллиард теңгеге 3,1 шақырымдық магистральдық жылу желісі жаңартылыпты. Алдағы уақытта М-4 және М-2 жылу беру магистральдарын жаңғырту бойынша екі өтпелі жобаны аяқтау үшін биыл республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге сұралуда екен. Ол қаражатқа 9,3 шақырым жылу жүйесін ауыстыру көзделген. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру тараздық тұтынушыларды жылумен үздіксіз қамтуға мүмкіндік бермек.
«Қыс қыспайды» деуге әлі ертелеу. Алда қарлы, бұрқасынды күндердің аз болмасы белгілі. Қысқы шілденің шығысы, ақпан айы тұтас ақ дүлей боранын алға тосары анық. Тіпті наурыз айында да арқаны кеңге салуға болмайды. Жылыту маусымының аяқталуына әлі де үш ай бар. Ал қазіргі жағдай қандай? Бұл жөнінде бізге облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу энергетикасы бөлімінің басшысы Князь Тұртаева айтып берді.
– Жалпы өңірдегі жылыту маусымының өту барысы қалыпты жағдайда. Ауа райы да қарайласумен тұр. Қазір бюджеттік мекемелер мен көп қабатты тұрғын үйлердегі жылу температурасы тиісті мөлшерге сәйкес. Жылу беру маусымының өту барысы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің де қатаң бақылауында. Осы мәселеге байланысты бүгінге дейін облыстық штабтың екі отырысы өткізіліп, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Елді мекендердің «көгілдір отынды» пайдалануы мен қазандықтардың жұмысы қалыпты үйлестірілуде. Одан бөлек бюджеттік мекемелер мен жеке тұрғындарды тас көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Қатты отынмен қамту мақсатында бюджеттік мекемелерге 72,3 мың тонна көмір жеткізіліп берілген. Ал облыс тұрғындарына арналған 332,9 мың тонна көмір сату орындарына түсіріліп қойылған еді. Бүгінгі күні облыс тұрғындарына оның 304,7 мың тоннасы өткерілді. Ал сату орнында әлі де 28,3 мың тонна көмір қалып тұр.
Қазіргі уақытта кәсіпорындардағы резервтік (апаттық) отынның нақты қоры 2,99 мың тоннаны құрайды. Жоспарға сәйкес «Таразэнергоорталық» АҚ, «Жамбыл-Жылу» МКК, Қаратау қаласы «Игілік» КМК жүз пайыз қосымша отынмен қамтылған. Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігінің тасымалдау кестесіне сәйкес, облыста қазан-ақпан айларында жылыту маусымын жүргізуге құны тоннасына 80,0 мың теңгені құрайтын 69,1 мың тонна әлеуметтік мазут отыны жеткізілген. Оның ішінде «ЖГРЭС» АҚ-на 50,0 мың, ал облыстағы жылу жеткізуші кәсіпорындарға 19,1 мың тоннасы үлестіріліп берілді. Жалпы биыл өңір тұрғындары қыстан қысылмай шығады деген сенімдеміз, – деді ол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support