- Advertisement -

Талант ты оқушыға таңдау көп

53

- Advertisement -

Зияткерлік мектебіне құжат қабылдау мерзімі жақында аяқталады

Альмира ОМАРОВА

Елімізде 20 Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Олардан ашылған жылдан бастап 8 мыңға жуық түлек түлеп ұшқан. Қазіргі кезде 14 мыңнан аса оқушы білім алуда. Жалпы Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім беру бағдарламасының екі моделі қолданылады. Олар NIS programme және халықаралық бакалавриат бағдарламасы.
Алғашқысы білімді креативті пайдалануға жол ашып, сыни ойлау, зерттеу жүргізу, ақпараттық-коммуникативті технологияларды қолдану, тіл дағдыларымен бірге коммуникациялық әдістермен жұмыс істеуді дамытады. Ал халықаралық бакалавриат мәртебесі 2017-2018 оқу жылында Астана қаласының Зияткерлік мектебі түлектерінің 72 пайызына берілген екен.
Біздің өңірімізде Назарбаев зияткерлік мектебінің филиалы Тараз қаласында орналасқан. Ашылғанына небәрі 5 жыл енді толған білім ошағының шәкірттері бүгінге дейін халықаралық деңгейде бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Олардың осындай білім бәсекелерінде алған жүлделерінің саны – 26.
Негізі зияткерлік мектепте білім алу үшін Таразда тұру шарт емес. Ауданның талапты оқушылары үшін де есік ашық және оларға шектеу қойылмайды. Мектептің 132 орындық жатақханасы бар әрі оларға 5 мезгіл тамақ беріледі. 7-сыныптан ғана қабылдайтын мектепке 6-сынып оқушылары құжат өткізе алады. Ол үшін ең алдымен емтихан тапсырады. Сынақ тапсыру кезеңіне алдын ала дайындаламын деушілер www.nis.edu.kz сайтындағы «Үміткерлер» бөлімінен толық ақпарат алуына болады. Ал қысқы демалыс кезінде виртуалды жүйемен қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы бірнеше күн сабақ алуына да жағдай қарастырылған. Бір атап өтетіні, мектепке түсетіндердің 80 пайызы осындай әдісті пайдаланғандар екен.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2019-2020 оқу жылына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында білім алу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөнінде конкурс жариялаған. Былтыр 26 қарашада басталған науқанға талапкерлер құжаттарын 2019 жылдың 19 қаңтарына дейін тапсырып үлгеруі қажет екен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Назарбаев зияткерлік мектебінің Тараз қалалық филиалының директоры Талғат Байназаров, директордың оқу ісі бойынша орынбасары Назиля Тұрмаханбетова мен ата-ана Гүлмира Дайрабаева айтып өтті.
Мектептің білім беру жүйесі, оқу бағдарламалары мен жобалары жайлы сөз қозғаған спикерлер құжаттарды қабылдау барысы, 7-сыныпқа үміткерлерді конкурс арқылы іріктеу мен тапсыратын құжаттар тізімі туралы ақпарат берді.
Білім ошағының жас жеткіншектерге беретін мүмкіндіктері мен жетістіктеріне тоқталған Талғат Бейсенбекұлы:
– Қазақстанның ХХІ ғасыр басындағы қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуы техникалық, басқарушылық және көшбасшылық құзыреті жоғары деңгейдегі мамандарға аса қажеттілікті тудырды. Сондықтан 2008 жылы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба іске қосылды. Бұл мекемелер – бастауыш, негізгі және жоғары мектеп деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізуді және іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң.
Қазақстан Республикасындағы оқыту талаптары мен стандарттары заманауи басқару нысандарын лайықты деңгейде енгізуге, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты 2011 жылғы 19 қаңтарда «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Заң қабылданды», – дей келе Талғат Байназаров үміткерлердің 8 726 2 99-98-55 байланыс нөміріне хабарласа алатынын жеткізді. Өйткені жаратылыстану-математика пәні бойынша 90 минуттық тест 2 наурызда, 120 минутқа созылатын тілдік сынақ келесі күні өтеді екен.
Брифингте спикерлер журналистер сауалына толық жауап берді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support