- Advertisement -

«МАРТ» есігін ашатын күн жақын

96

- Advertisement -

Бүгінде Тараз қаласының сәулеті мен ажары жылдан-жылға артып келеді. Өркениет талаптарына сай салынып жатқан әлеуметтік нысандар да көп-ақ. Бұл қала тұрғындарының өмір сүру деңгейі жақсара түскенінің де көрінісі. Десек те шаһарда балалардың бірегей ойын-сауық орталықтарының аздығы да жасырын емес. Міне, осы олқылықтың орнын «Көне Тараз» археологиялық паркінің іргесінен салынып жатқан «Март» сауда және ойын-сауық орталығы толтырғалы отыр.
Бұл нысан қаламызда жеке инвесторлардың қолдауымен және қаржыландырылуымен салынып жатыр. Оның жалпы жобалық құны да қомақты қаржыға түсіп отыр. Ал нысанның құрылыс жұмыстарын «Vivat-Taraz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жалпы құрылыс алаңы 55,3 мың шаршы метрді алып жатыр. Бес қабаттан тұратын бұл ғимараттың биіктігі – 27 метр. Онда 635 автокөлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Келушілер үшін сауда орталықтары, балалардың ойын алаңдары, мұз айдыны, кинотеатр залдары, бассейн, қонақтар тамақтанатын орындар, SPA салоны, конференция залдары мен қонақ үйлер ашылып, халыққа қызмет көрсетпек. Негізінен нысан тәулігіне 5 мың адам қабылдауға есептелген.
Құрылысы 2013 жылы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілуі тиіс нысанның белгіленген уақыттан кешіккені болмаса, құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілуде. Қазір мұнда төрт жүзге жуық жұмысшы күн-түн демей еңбек етуде. Құрылыс алаңында қарбалыс жұмыс. Дәнекерлеуші жігіттер ғимараттың сыртқы жабындыларын жабыстыру үстінде. Ал тас қалаушылар жаяу жүргінші жолдарына құм төсеп жатыр. Сонымен қатар ғимараттың ішінде ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Жалпы бүгінгі таңда ғимараттың құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған.

Мұндағы құрылысқа негізінен отандық және АҚШ, Италия, Германия мемлекеттерінен жеткізілген өнімдер пайдаланылуда. Сонымен қатар ғимаратқа пайдаланылған әрбір материалдың сапасына айрықша көңіл бөлініп отырады.
Біз өз кезегімізде құрылыс жұмыстарына жауапты өкілдің бірі Борис Полудоны сөзге тарттық:
– Құрылыс жұмыстарын алдағы 1 наурызда аяқтап, пайдалануға тапсыруды жоспарлап отырмыз. Оған біздің толық мүмкіндігіміз бар. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ауланы абаттандыру мен ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалып тұр. Қазір нысан аумағына құм төсеу және су бұрқақтарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта бұл нысан еліміздегі бірегей ойын-сауық орталығына айналмақ. Мұндай орталықтың Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда баламасы жоқ десек те болады. Ең алдымен біз орталықтың қауіпсіздік шараларының сапасына баса мән бердік. Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығындағыдай қайғылы жағдай орын алмас үшін мұндағы барлық іс-шараларды үш қайтара пысықтап алуды да ұмытпадық. Бұл тұрғыда алаңдауға еш негіз жоқ, – деді ол.
Жаңа нысан іске қосылған кезде мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сөз жоқ, ол Тараз қаласы мен облыс тұрғындарына, қала қонақтарына және туристерге қызмет көрсететін бірегей нысанға айналатын болады.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support