- Advertisement -

Pyraq

137

- Advertisement -

Сәлем хат

Қалайсыз, апа,
Сіз жақта бəрі жақсы ма,
Қыс жетіп, аппақ ақ ұлпалары басты ма?!
Періште сынды мейірбан ең ғой тірлікте,
Қуанып жұмақ,
Қақпасын сізге ашты ма?!

Қалайсыз, апа,
Мінезге бай ең сымбатты,
Ажалдың оғы жараламады ма тым қатты?!
Жұмада жерге жамбасың тиген еді ғой,
Сұраусыз кіріп,
Араладың ба үр бақты.

Туысқа туған елжіреуші едің езіліп.
Көзіңнен шуақ, сөзіңнен қуат сезіліп.
Мəңгілік мекен марқайтқан шығар, анашым,
Ата-ана, қызың, жарыңа сүйген кезігіп.

Пейішке кіріп…
Жайлылық жанға енді ме,
Гүл теріп əкем, күлімдеп таяу келді ме?!
Анаңыз өрген, жотаңда жатқан бұрымға,
Жұмақтың гүлін ақырын тағып берді ме?!

Білем ғой, апа,
Алаңдап жүрсің қарайлап,
Өзіңмен бірге алыстап кеткен талай бақ.
Жаулығың желмен желбіреп өзің жүрмесең,
Сұрықсыз суық көрінеді екен сарай жақ!

Сағыныш деген…
Қажытты, апа, тек мені.
Бақшаңа биыл ешкім де жеміс екпеді.
Сақырлап қайнап тұрса да сары самаурын,
Қолыңнан ішкен күрең шайыңа жетпеді.

Өзіңсіз мынау
Шарпығандай ма ғаламды от,
Жүрердей көргем,
Қасымда дəйім аман боп.
Шөңгеге емес, шеңгелге құлап жатсам да,
«Құлыншағым» деп ұмтылып келер адам жоқ!

Солай ғой, апа,
Үйіңнің кетті күйі шын,
Өзіңді іздеп, шарқ ұрам кейде үй ішін.
Орамалыңды құшақтап жатып ұйықтаймын,
Жұмақтан жетіп жатқандай ғажап иісің.

Сағыныш, аңсау,
Санамда сансыз арбасты,
Күндерге-күндер, айларым жылға жалғасты.
Ізіңді іздеп, бақшаны кезіп жүруші ем,
Əттең-ай, əттең!
Оны да мынау қар басты!

Есімің есте,
Сағыныш қанша жырда жүр,
Қарайлап тұрсаң…
Қамкөңілімді тыңда бір.
Омырауыңа басымды тығып соңғы рет,
Шерімді айтып,
Жылағым келіп тұр қазір!
Осылай, апа,
Өткізген сізсіз жəйтіміз,
Қалпыма түсем,
Қайырылмай маған қайтыңыз.
Жұмақта жүрсең, жердегі мен де мəзбін ғой,
Айтпақшы, апа,
Əкеме сəлем айтыңыз!
Əкеме сəлем айтыңыз!

Есеп берем өзіме

Кімнің кеттім байқамай кесіп алдын,
Нені ұмыттым,
Нелерді есіме алдым?..
Кеше кімді байқамай ренжітіп,
Бүгін кімнің қатесін кешіре алдым?!

Ұрындым ба бір іске тайталасқан,
Ұшырдым ба бағымды қайта бастан.
Қай жүректің жылуын сезіне алмай,
Қай құшаққа ұмтылдым айқара ашқан?

Кешіп келді мен үшін Жайықты кім,
Тыңдадым ба ақылын байыптының,
Біле алдым ба бағасын лайықтының,
Бергеніңді өзіңе қайтармасам,
Кешіріңдер, адамдар, айыптымын.

Бір жетімге жылы сөз айттым ба екен,
Кімге орынсыз сөзімді айттым бөтен.
Қай ортада асығым алшы түсіп,
Сағым сынып қай жерден қайттым екен?!

Сақтадым ба адамдық тақты берен,
Сан сұрақтар алқымдап, жатты терең.
Біреу маған жамандық жасаса да,
Жақсылықпен қайтқанын жақсы көрем!…

Махаббат теориясы

Түн…
тіліп түсті қанжардай қақпасын ойдың,
Кім?
паршалап кетті жүректі, біле алмай қойдым.
Дым…
айта алмай іште өксігім өзекті улады,
Шын…
Жанымды жарды, жарылыс екпіні жойқын!

Оң…
ете алмай жүрем өлеңсіз өмірді азық,
Ол…
қуантар емес, барады тынысым қажып.
Жол –
Жаңылып кетсем, желкелеп алып келмекші,
Сол…
жатқан жандарға асығыс көрімді қазып…

Кел…
Жүрекке жылы, қоңырқай күй шалыңдаршы,
Мен…
көргім келетін, сақадай дидарыңды алшы.
Ең…
оңайы, хабарсыз жоқ боп кетейін,
Ел,
«Махаббат үшін өліпті» дей салыңдаршы!

Мен енді…

Сен менің ғайыбымсың,
Алдыңда болса егер, айыбым шын,
Қысымын мына жолдың қиып өтіп,
Қысылмай құпияңды тану үшін.
Жетемін, күллі əлемге қарсы шығып,
Қасыңда мəңгілікке қалу үшін…
Қарсы алшы… сағынышым.
Тағдырға көнбегенмін,
Өлтіріп өгей ойды жерлегенмін,
Тұяғын Тайбурылдың тағалап ап,
Батырым бір келер деп жемдегенмін.
Желегін жетім ойдың желпіп тастап,
Құртқадай қолтығыңнан дем беремін.
Кел десең қоңыраулы ақ күйменің,
Бұрайын, саған қарай дөңгелегін.
Əттең-ай… кел демедің!

Мен енді шыдамаймын,
Сенсіз де шұғылалы шығар ай-күн.
Сылаңдап сусын алып шыға алмаймын,
Келер деп құба белде тұра алмаймын.
Жұлдыздар арасынан жылжып өтіп,
Сырласы бола салам сыңар айдың.
Содан соң…
Құламаймын!

Ақын хәлі

Тірелгенде ащы өксік алқымға кеп,
Жазылғандай жазмыш ақынға тек.
Құлақ түріп шығамын өз кеудеме,
Жарылғалы жүрегім жатыр ма деп.

Əне-міне жұлдызым жанатындай,
Қиял-құсым қағады қанатын жай.
Астан-кестен етемін түн төсегін,
Ұйықтап кетсем оянбай қалатындай.

Шырт ұйқымның шаттығын бұзғанда өлең,
Өзімді-өзім лақтырам құздан төмен.
Күллі əлемді күл етіп жіберердей,
Ой шарабын ұрттап қызған денем.

Кей кездерде налимын айлам құрып,
Түспегендей асауға жайған құрық.
Сақ-сақ күлер сайтандар
бұл хəлімді,
Ұғынбадым..
Қойғанын қайдан біліп.

Алып-ұшып алысып күн өткізіп,
Ақырғы сəт күй кешер жүрек қызық.
Сəби-өлең келгенде дүниеге,
Күллі əлемнің пердесін дір еткізіп.
Құрметтім…

Құрметтім!
Көз алдымнан зу-зу етіп жүрдек күн.
Шығыршығы шыр айналған диірмендей,
Уақытында
күнін кештім күрмектің.
Сонда деймін…
Мынау дүние-дүрмектің,
Арасында əрі-сəрі болсам да,
Миымдағы мың сəулені ысырып,
Жүрегімнің сені іздерін білмеппін…

Бір кісім!
Жылы сөздің үлестіріп жыртысын,
Басқаларға төкті ме екен күлкісін?…

Сырың сан,
Жер-анадай бусанамын балбырап,
Тəңір құйған күндей болып жылысаң.
Бұлбұл түгіл, бақшасын да саялы,
Тұрымтай да тамылжытар дұрыс əн.
Қапелімде,
Жарық əлем жалт берсе,
Жанарым да ең соңғы рет сақтауға,
Сені көріп қалу үшін тырысам…

Жаңатас қаласы.

Мехнат ТЕМІРТАСҚЫЗЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support