- Advertisement -

«Арыстанбаб аман ба?»

61

- Advertisement -

Дана Димекеңнің ел-жұрттың, мал-жанның
амандығынан кейінгі сауалы осылай басталыпты

1969 жылдың қысы әдеттегідей емес, елді есеңгіретіп, үкімет пен партияны есінен тандырғандай болды. Ондай қысты жүз жасаған қариялар да көрмепті. Аяз күн сайын 30-40 градустан төмен түскен жоқ. Мал біткен далаға шыға алмай, қорада тұрды. «ДТ» тракторынан басқа көлік жүрмейді. Сөйтіп, қиналып жүргенде қатты жел ұйытқи соғып, қораларды қар басып, мал қардың астына көміліп қалды. Аршып алуға күш тапшы. Бұл жағдай айлап созылды. Төрт түлік аштан қырыла бастады. Күннің беті бері қарайтын ыңғай танытпады. Тірі қойлар бірінің жүнін бірі жеп жатыр. Партия мен үкімет абдырап қалды. Мал қоралардың төбесінен ұшақпен шөп тастады. Бірақ ол өзінің жинаулы тұрған шөбінен де алысқа түсті. Ақылынан адасқан ел басшылары малды жаппай сойыңдар деген нұсқау берді. Халық оған дайын емес еді. Көтерем болғандықтан, сойылған малды ешбір жер қабылдамайды. Бұған кінәлі адамдарды іздеу басталды.

Елдің бәрі көлеңкесінен қорқып жүргенде күн бірден жылынып, қар аяқ астынан ери бастады. Өзендерде мұз бұзылды. Жер-көкті топан су басты. Елді мекендер судың астында қалды. Кейбір совхоздардың орталығы бүтіндей құлап, ел жан сауғалап, бас ауған жаққа көшіп жатты. Аудан басшылары да өздері қалып, үйлерін, бала-шағасын көшіріп жіберді. Республика мен облыс басшылары малды сұрауды қойып, адамдардың жағдайына алаңдады. Сөйтіп ел қиналды.
10 наурыз күні кешкі сағат жетіде ауданның бірінші хатшысын Д.Қонаев телефонға шақырады деген хабар келді. Басқа шаруаны қойып, Т.Тайбеков аппарат қызметкерлерін тік тұрғызып, ақпарат жинады. Димекеңнің не сұрайтынын білу үшін облыс басшыларына да телефон шалды. Түнгі сағат онда тұтқадан:
– Тәліп, мен Қонаевпын, – деген Димекеңнің даусы естілді.
– Тыңдап тұрмын, саламатсыз ба? – деп жатыр.
– Тәліп, ел-жұртың аман ба? Байқасам, сен біртүрлі қобалжып тұрсың ғой. Өзіңді мықтап ұстап, өз-өзіңе келші. Рас, жаппай мал қырылып жатқанда республиканың бірінші басшысының қоңырау шалуын халық жақсылыққа жорымайды. Бұл сенің қалыпты жағдайыңды бұзуы мүмкін. Бірақ бұл жолы сенен жұмыс сұрамаймын. Малдың өлімі туралы мәлімет алдымда жатыр. Табиғат дегеннің өзінен басқаны танымайтын дүлей күші бар, ол дегенін істетеді. Табиғаттың бермегенін алуымыз керек деп, асылық айттық па? Елдің басына келген зауал малмен кетсін деп тілейік. Халық аман болса, малдың орны толар. Жерді, шөпті топан су алып кетті деп естіп жатырмын. Арыстанбаб аман ба? Судың астында қалған жоқ па? – деп сұрады Димекең.
– Арыстанбаб аман, төңірегіндегі еріген қардың суы коллекторға құйылып жатыр, – деді Тайбеков.
– Кесененің іргесіне су кетпесін, қабырғасы жарылса немесе құласа екеумізді әруақ ұрады. Жазаның ең үлкені әруақ қой. Әруақ ұрған оңалмайды. Бір көзің сонда болсын. Бүгін түнделетіп Түркістан әскери аймағынан генерал бастаған саперлар барып, вагонмен Тимур стансасында тұрады. Өзен мен көлдердегі мұз құрсауға алады деген жерлерді жарғызыңдар. Дұрыстап пайдаланып, менің көмегім керек болса, телефон шал, – деген Димекең сәлден соң. – Қазақстанда не көп, әулие көп. Оның ең үлкені – Арыстанбаб. «Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда Түмен баб, бабтардың бабы – Арыстанбаб» деп халық бекер айтпаса керек. Бұл тек қазақтардың ауқымындағы аңыз әңгіме емес. Бұл теңеуді Орта Азияда тұратын біраз мұсылман халқынан естуге болады. Баяғыда Қожа Ахмет Ясауиге кесене тұрғызып жатқанда қабырғасы екі рет қирап қалады. Сонда «ең алдымен кесенені Арыстанбабқа тұрғыз» деп, түсінде аян береді. Мұхаммед Пайғамбардың ұсынысы бойынша сонау Арабиядан келіп, Түркістанның көшесінде мектептен шығып келе жатқан 9 жасар балаға пайғамбардың аманатын берген де осы Арыстанбаб емес пе еді?
Арыстанбаб Фараби мен Қорқытты қасына ертіп, Қазығұрт тауының бойында ауа райы мен аспан денелерін зерттейді. Осы сапарында табылған Нұх пайғамбар кемесінің сынықтарын Отырарға алып келеді. Оларды өзі өлерінің алдында көзінің қарашығындай сақтау үшін шәкірті Қожа Ахметке тапсырады деген жазба деректер бар. Бабамыз халықтық геолог ретінде Қаратаудың күнгей бетіндегі үңгірлер мен сай-сайлардан тастарды теріп, олардан алтын, күміс, қорғасын, темір, сынап сияқты сирек кездесетін асыл металдарды бөліп ала білген. Үнемі таулы жерлерден шөп жинап, одан дәрі-дәрмек жасап, адам емдеген. Дәрілік шөптерді мезгілін тауып ала біл деп үйретті ол. Арыстанбаб туралы елдің аузында аңыз-әңгімелер көп. Біреулер ол ерте замандардағы Хакім Лұқпан тәуіптің ұрпағы десе, енді біреулер оны Мұхаммед пайғамбардан әлдақайда бұрын туғызып, өмір сүргізеді. Қалай дегенде де «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп Абай айтқандай, Арыстанбабтың жұмбақ жан екені рас. Өйткені оның туған-өскен жерлері мен жылдары белгісіз, ата-анасы туралы да, өскен ортасы, алған білімі жайлы да, Отырар мен Түркістанға келуі хақында да нақты деректер жоқ. Бірақ өмірде болғаны рас. Осыдан кейін бабамыздың жұмбақ жан болмағанда несі қалды?! Қалай дегенде де бір сиқырлы кереметі бар екенін бүкіл мұсылман халқы мойындайды…
Дәл осы жерге келгенде Димекең:
– Тәліп, тыңдап тұрсың ба? – деп сұрап қойды.
– Иә, тыңдап тұрмын, Димеке, – деді Тайбеков.
– Онда сен тыңдай бер. Мен айта берейін. Екеумізді ешкім бөле қоймас, көп сөйледің деме. Менің әкем діндар адам емес. Дінді оқып, уағыздамайды. Бірақ қатты құрметтейді. Оған тіл тигізбейді, оның көптеген артықшылығын мойындайды. Барлық заманның талаптарына тұп-тура келетін қағидалары көп-ақ деп отырады. Өткен пайғамбарлардың өмірі туралы қиссаларды оқып отырып таңданады, оларға бас иеді. Менің оңтүстік өңіріне барып қайтқанымды білсе, «Арыстанбабқа, Әзірет Сұлтанға бардың ба?» деп сұрап отырады. Әруаққа тағзым етіп, оны басына көтеріп, сол арқылы күн көріп, байып отырған елдер бар. Мұсылман елдерінің бірі – Сауд Арабиясы бір адамның туған жері мен өлген жерін ардақтап, табыс көзіне айналдырып отыр. Арыстанбабтың да сондай ертелі-кеш киелі орынға айналмауына кім кепіл? Осы уақытқа дейін еліміздің баяу дамуы әруаққа қырын қараумен сабақтас сияқты. Біреу байқап, біреу байқамайтын құпия сыр жатуы мүмкін. Әруақты ардақтай білейік, ағайын! Басқа елдердің әруағы тірілерге дүние тауып беріп жатыр. Біздің әруақтар құлыптаулы тұр немесе қора-қопсыға айналып кеткен.
Мен өткен қыста Қырымда болып қайттым. Онда Тегерандағы діни қоғам мүшелерімен өткен әңгіме барысында біреуі орнынан тұрып:
– Егер рұқсат болса, сізден бір нәрсені сұрамақшымын, – деді.
– Сұраңыз, рұқсат, – дедім мен.
– Олай болса, Сіздің Раббыңыз кім, дініңіз қандай, пайғамбарыңыз кім, құбылаң қайда, кімнің ұрпағысыз, миллетің кім? – деді. Мен өзінің ретімен жауап бердім. Олар өз тілдерінде «Шын мұсылман, шын мұсылман» деп бір-біріне айтып жатты. «Сіздің елде осы Мұхаммед пайғамбарға сахаба әрі ақылгөй болған, әлдеқайда жасы үлкен бір ұлы әруақ жатыр деп естиміз, бір адам басын сұқпайтын көрінеді. Тастанды боп айдалада жатса керек. Осы сөз рас па, одан хабарыңыз бар ма?» – деді содан соң. «Иә, хабарым бар. Арыстанбаб деген кісі біздің елде жатқаны рас», – дедім. Сонда залда отырған барлық адам орындарынан тұрып, күбірлеп, беттерін сипап, орындарына қайтып отырды. «Осыған байланысты менің де сұрағым бар сізге», – деді екінші бір басына сәлде ораған кісі. – Ол кісі қалың елдің ортасында жатыр ма?» – деді «Қалың елдің ортасында емес, шеткерірек, оңаша жатыр», – дегенімде кейбіреулері бастарын шайқады. «Біз қалың елдің ортасына әкеп қойып, тірілерді тәрбиелейтін ардақты да құрметті әруақ тұлғаға айналдырсақ, бізге сүйегін бересіздер ме?» – деді.
– Бұрынғы өткен адамдардың барлығы да дәл өлген жерлеріне қойылған деген дерек бар. Қозғамаған дұрыс шығар. Біздің үлкен бір оқымысты ғұлама бауырымыз Шам шаһарының орталық зиратында жатқан әл-Фарабидің сүйегін сұрағанымызда, Сирияның басшылары осындай жауап берген бір кезде. Пайғамбарлар мен сол сияқты әлемге танымал адамдар өлген жерлеріне қойылған деген әңгімені Мұхаммед пайғамбардың өзінің аузынан Әбубәкір Сыдық естіген екен. Басқалар әруақты осылай құрметтепті. Бұл бізге де сабақ болу керек. Аман болсақ оған да жетерміз, – деді Дінмұхамед Қонаев. «Арыстанбаб неге Отырардың түбіне барып дүние салған?» – деп сұрады Димекең Тайбековтен. Біздің хатшы бірден жауап бере алмай кібіртіктеп қалды. Соны сезген Димаш Ахметұлы өз сұрағына өзі жауап берді.
– Есіңде болсын, біліп қой. Арыстанбабты жақсы білу – сенің міндетің. Арыстанбабтың бұл өңірге келгені мен Қожа Ахмет Ясауидің туғанына мың жылдан асты. Ол кезде Отырар Батыс пен Шығыстың арасында ұлы Жібек жолының үстінде тұрған мәдениеті мен экономикасы шалқыған, суармалы егісі бар, бау-бақшаның ішінде орналасқан, жүз мыңдаған халқы бар жасыл қала болған. Дәл қазірдің өзінде зер салып байқаған адамға Отырардың айналасында қазған арық пен салған үйдің табы сайрап жатыр. Арыстанбабтың өлер алдындағы өмірі осы жерде өткен. Бұл кәдімгі біреудің оты өшіп, біреудің оты жанатын үйреншікті дүние ғой. Отырар құлағаннан кейін Түркістан алға шықты. Жалғыз шапқан ат әр уақытта жүйрік болады. Сонымен Арыстанбаб Қожа Ахмет Ясауиге де, әл-Фарабиге де, Қорқытқа да ұстаз. Ол – геолог, металлург, қыдыр дарыған адам, есепсіз көп жасаған ескі заманның тәберік адамы… Тәліп, мен болдым, маған сұрағың бар ма? – деді Димекең.
– Димеке, сұрағым жоқ, мың да бір рахмет! Өмір жасыңыз ұзақ болсын, табыс тілеймін, – депті ТәліпТайбеков.
– Оңтүстікке барған сайын жасы да, жолы да үлкен, Пайғамбардың көзін көрген деп алдымен Арыстанбабқа, содан кейін Қожа Ахмет Ясауиге кіріп шығушы едім. Артық айтқан жерім болса, істеген қиянатым болса, кешіре гөр деп іштей тілеуші едім. Өзімді рухани жеңілдетіп әрі жетіліп қалғандай сезім билейтін. Үнемі іштей сыйынып жүретін әруақтың амандығын естіген соң көбірек сөйлеп кеттім. Бұл әңгіме менен гөрі саған керек, Тәліп, аман бол, – деп Димекең тұтқаны қойды.
– Түс көргендей аң-таң боп қалдым. Бірақ көңілім көтеріліп, бойым сергіп, ой-өрісім едәуір артып, биіктедім, – деп отырушы еді марқұм Тайбеков.
– Димекеңмен болған осы әңгімені екеулеп жазайық та, Тәке-ау, – деп Тәліп Тайбековке екі-үш рет ескерттім.
– Рахмет, еске сап ұмыттырмай жүрсің. Мен ең алдымен мына қолымдағы таяғымды тастайыншы, содан кейін өзім айтам, – деуші еді марқұм.
Заман кейде көзді ашып-жұмғанша өзгереді екен. Сонымен бірге тарихқа деген көзқарас та өзгеріп жатады. Д.Қонаевтың «Басқа елдер сияқты әруақты ардақтауға, аман болсақ біз де жетерміз» дегені көрегендік болып шықты. Арыстанбабтың аузындағы қара құлып алынып, есігі айқара ашылды. Мұсылман халқы ағылып келе бастады. Басқаларды айтпағанда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет, Түркияның бұрынғы Президенті Сүлеймен Демирел екі рет келіп зиярат етті.
Қазақ артында тұяғы барды тіріге санайды, Арыстанбабтың артында бүкіл мұсылман халқы бар. Олар әулиенің қабіріне келіп, бас иіп, тағзым етуде. Сондықтан ол өлген жоқ, тірі. Оған деген құрмет зор. Оның әруағы тірілерге қанат бітіріп, жігерін қайрап, желеп-жебеуде. Оның аты өшпейді.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Шу ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support