- Advertisement -

Мадияр мен Мейірімнің кезекті шайқасы

38

- Advertisement -

Кәсіпқой бокс әлеміне кеткелі жақсы нәтижелерімен жанкүйерлерді қуантып келе жатқан Мейірім Нұрсұлтанов пен Мадияр Әшкеев кезекті жекпе-жекке тастүйін дайын екендіктерін байқатты. Қазақ боксшылары шайқас алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.
Шаршы алаңға он рет көтеріліп, барлық кездесуінде қарсыластарынан басым түскен Мадияр Әшкеев он бірінші жекпе-жегінде Пуэрториколық Луис Эрнандеспен жұдырықтасады. Бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген жерлесіміз, Меркінің тумасы Мадияр Әшкеев салмақ өлшеу рәсімінде лимитке сай нәтиже көрсетті. Мадиярдың қарсыласы 22 жекпе-жек өткізіп, 16 рет жеңіп, 6 мәрте жеңілістің ащы дәмін татып үлгерген екен. Соған қарағанда жерлесіміздің бұл шайқаста басым түсетін мүмкіндігі мол секілді. Бұл жолы Мадияр Әшкеев он раундтық форматта жұдырықтасатын болды.
Орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Мейірім Нұрсұлтановтан бокс жанкүйерлері үлкен үміт күтетіні жасырын емес. Қазіргі кезге дейін ол тоғыз рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңімпаз атанған-ды. Отандасымыз кезекті шайқасында мексикалық Рамон Агинагидің әлеуетін байқап көретіні белгілі. Мексикалық былғары қолғап шебері 14 кездесуінің біреуінде ғана жеңіліске ұшырапты. Қалған жекпе-жектерінде жеңісті жорығынан жаңылмаған. Салмақ өлшеу рәсімінде Мейірім Нұрсұлтановтың салмағы негізгі лимиттен сәл ғана асып кетсе, Рамонның салмағы екінші орта салмақ дәрежесіне жетеқабыл болып шықты. Әйткенмен чемпиондық белбеу сарапқа салынбайтын жекпе-жектерде бокс ұйымдары салмақтың аздап артық болғанына қарсылық танытпайды.
Жалпы алғанда Мадияр үшін де, Мейірім үшін де рейтингілік жекпе-жектің оңай түспесі анық. Өйткені әр шайқастың салмағы ауыр. Әрбір жеңіс рейтингтегі орныңды нығырлай түсуіңе мүмкіндік туғызады. Мұны біздің жігіттер өте жақсы түсінеді.
Мадияр да, Мейірім де «Main Events» промоутерлік ұйымымен келісімшарт жасасқан. Екеуі бір командамен жұмыс істейді. Олардың менеджері – әйгілі Эгис Климас. Эгис көпшілікке жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі әлемнің бұрынғы чемпионы, ресейлік Сергей Ковалевтің менеджері ретінде де жақсы таныс. Сонымен қатар ол көптеген чемпиондардың кәсіби мансабымен айналысады. Егер қазақ боксшылары жеңісті жорықтарын сәтімен жалғастырып жатса, Климастың оларға чемпиондық жекпе-жек ұйымдастыруға әлеуеті жетеді. Сайыпқырандарымыз түнде АҚШ төрінде шаршы алаңға көтерілген болатын. Жекпе-жек туралы газетіміздің алдағы санында толығырақ жазамыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support