- Advertisement -

Ұлт бірлігі – ұлы байлық

38

- Advertisement -

«Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Достық» үйінде еркін форматтағы жүздесу өтті. Онда жиылған түрлі ұлт өкілдері ғаламтордың ажырамас бөлігі, ұлтына, ұлысына да қарамайтын әлеуметтік желі және өзге де мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Мәселен, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызы басқосудың «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты тақырыбына сай, ұлт және ұрпақ жайлы сөз етті. Одан кейін журналистің ұлы, әлеуметтік желіге біршама танылып үлгерген №47 мектептің оқушысы Дархан Мәтібай ақын Күләш Ахметованың «Сен қазақсың!» өлеңін мәнерлеп оқыды. Кішкентай бүлдіршіннің нақышына келтіріп оқығаны сонша, дөңгелек үстел басына жиналған қандастарымыз ғана емес, тыңдап отырған өзге ұлт азаматтарының да тұла бойы шымырлап қоя бергені сөзсіз.
Ал «Парасат» колледжінің студенті Артур Лигостаев: «Блогерлер жастарды ғылым-білімге, спортқа бейімделуге үндеп жатады. Негізінен олардың автоблогерлер, техноблогерлер сынды түрлері болады. Олардың бірі қайсыбір фирманың өнімін жарнамаласа, енді бірі өз қаржысына тауар сатып алып, оның сапалы я сапасыз екендігін түсіндіреді. Яғни әлеуметтік желінің пайдасы – тұтынушы содан қорытынды шығарып, өзі таңдау жасайды», – деді.
«Ақ желкен» жастар қозғалысының мүшесі Зайнудин Махусеев пен хореограф Азаматбек Назаров ғаламтор желісінде түрлі ақпараттармен қатар, жалған мағлұматтар да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейгенін тілге тиек етті. Бұған жиылған қауым шындыққа жанаспайтын мәліметтер арнайы сүзгіден өткізіліп жарияланса дейді.
Іс-шараның тағы бір ерекшелігі – тілі басқа, тілегі бір азаматтардың барлығы қазақ тілінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Осылайша дөңгелек үстел басына жиылған көпшілік негізгі тақырып үдесінен шыға білді десе болғандай.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support