- Advertisement -

Терминалдардағы қазақ тілін неге өгейсітеміз?

69

- Advertisement -

Ана тіліміз – ұлтымыздың рухани байлығы, асыл мұрасы. Халқымыздың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деп, мұның бар болмыс, табиғатын ашып көрсетіп берді емес пе?
Дегенмен бүгінгі таңда тіл мәселесіне келгенде кейбір азаматтарымызға рух, ар-ождан мен намыс жетіңкіремей жатқан секілді. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жылдан асты. Десе де тәуелсіздігіміздің басты тірегі ана тіліміздің жаппай қолданысқа енгізілуі барысы әлі де баяу. Тілі мен мәдениетін жоғалтқан елдің ертеңі де бұлыңғыр. Ана тіліміздің болашағын бүгін бағамдап, бағытын айқындап алмасақ, ертең жаһанданудың жұмырына жұтылып кете баруымыз бек мүмкін.
Бүгінгі күні біз ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз. Бұл – ілгерілеу, жаһандану дәуірі. Заман көшінен қалмай, ілесумен-ақ келеміз. Аллаға шүкір, бізде бәрі де бар. Ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсарин «Өнер – білім бар жұрттар» атты өлеңінде айтқандай, небір ғылым, біліміңді жатсынбай меңгеріп те алдық. Ересектерді былай қояйық, бүгінде бесіктен белі шықпаған баланың да қолында ұялы телефон. Біздің миымыз жете бермейтін алақандай пәлекетіңді әріп танымайтын сабаздарың шырқ үйіріп отырғанына қалай таңданбайсың. Таңданасың. Әрі сол бір алақандай құралың үш тілде сайрап тұр. Тілін таңдасаң болғаны. Осылай құлтемірдің өзі қазақша сөйлеп кеткелі қашан?!. Ғылым да қазақша сөйлейді. Ал осынау ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ана тілін үйренуге талпынбаған қаракөздерімізге не деуге болады?
Бүгінде бәріміз банкомат пен түрлі төлем жасау терминалдарының қызметіне жүгінеміз. Оның түймесін басарда «басмәзір» алдымен тіл таңдауды талап етеді. Қазақ, орыс, әлде ағылшын тілі керек пе? Қайсысының түймесін бассаңыз, сол тілде қызмет аласыз. Банкоматқа кезекке тұрған сәтте алдымдағылар қай тілді таңдар екен деп мойын созып қарайтыным бар. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі өз қандастарымыз бола тұра ресми тілдің қызметіне жүгінеді. Енді біреулері орыс тілін таңдарын таңдап алып, қай нүктесін басарға білмей аңырып тұрады. Сонда шыдай алмай «Неге қазақ тілін, ана тіліңізді таңдамадыңыз?» деймін ренжіген болып. «Қазақшаның операциясы қиындау ғой» дейді орысшаны қарық қылып тұрмағанына қарамай. Енді бірі «сенің шаруаң не?» дегендей мені ала көзімен ата қараса, біреулері «үйреніп қалыппыз осылай алып» деп ақталған болады. Әйтпесе қазақшасының еш қиындығы жоқ. Әбден түсінікті жазылған. Ал банк пен пошта бөлімдерінің қызметкерлерінің кезекке тіркеу талонын ресми тілде әперіп жүргенін де көріп жүрміз. Бұған не деуге болады? Бүгінгі таңда қазақ тілінде қызмет көрсетуге жалпы барлық техникалық құрал дайын тұр. Айналып келгенде азаматтарымыздың әлі күнге тіліміздің техника саласында да дамуына енжарлық пен құлықсыздық танытып отырғаны қынжылтады.
Бұрындары терминалдардан чек алғанда қынжылатынмын. Өйткені ондағы қазақ әліпбиінің сиқы сұрықсыз еді. Енді қарасам, банк пен «Қазақтелеком», басқа да қызмет көрсету нысандарының түбіртектері жөнге келіпті. Осыған менің мәртебем өсіп, шын марқайып қалдым. Енді жұрт терминалдардың қызметін ана тілінде жүргізіп, қазақ тілі техниканың тіліне айналуына үлес қосса екен деймін.
Тағы бір өзекті мәселе – ол соңғы кездері сөзіміздің қоспасы көбейіп, өзіміздің қай тілде сөйлеп тұрғанымызды түсінбейтін дәрежеге жеткеніміз. Бір кездері жерлесіміз, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Парламент мінберінен «айыр тіл жыланда ғана болады» деп дабыл қағып еді. Енді қазіргі тіліміздің шұбарланғаны сонша қарапайым сөз арасында ресми тілдің бір ауыз сөзін қоспай сөйлей алмайтын дәрежеге жеттік. Дүкенге барса сөредегі нанды қолына ұстап тұрып «свежий ма?» дейтіндер де, жұмыстан шығып бара жатып әріптестердің бір-біріне «жарайды, жақсы» деудің орнына «давай, көріскенше» немесе «давай, ертеңге дейін» деп қоштасатынын да естімей жүргеніміз жоқ. Одан бөлек толып жатқан «сразу», «потом», «серьёзно», «да ну», басқа да қыстырма сөздер толып-ақ жатыр. Осының барлығы түптеп келгенде, бүгінгі қазақ қоғамының, қазақ тілінің қасіреті. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін оқып үйренуге, тілі мен мәдениетін білуге, тарихын тануға құлшынып отырғанда өзіміздің өз ана тілімізге жанашырлық танытпауымыз, турасын айтқанда, өресіздік. Әсіресе мемлекеттік билік тұтқасын ұстап отырған қандастарымыздың туған тіліне өгейлік танытуы олардың адамгершілігіне, азаматтығына үлкен сын. Түптеп келгенде, ана тіліміз заң жүзінде Қазақ елінің мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болғанымен, әлі күнге еңсесін тіктеп, есін жия алмай отырғаны кейбір қандастарымыздың тіл меңгеруге енжарлығының басты бір көрінісі дер едім.
Ұлтты құрту үшін ең әуелі кірме сөздер енгізу арқылы тілін шұбарлап, түпкі мәйек-нәрінен айырудың өзі жеткілікті. Бұл тілге жасалатын астыртын шабуылдың бір түрі ғана. Тілдік ортаның қаншалықты дамығандығының басты көрсеткіші тұрғындардың көркем де бейнелі, сауатты сөйлеп, жаза алуымен өлшенбек. Ал біз бұл межеге қашан толыққанды қол жеткізе алар екенбіз?

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support