- Advertisement -

Қаскөйлердің қасақы әрекет тері тыйылмай тұр

58

- Advertisement -

рейдтік тексеру кезіндегі екі
күнде заңсыз тоғыз мылтық тәркіленді

Дала заңдылығының құдіреті ерекше ғой шіркін қашанда. Жайқалған ну орманында, тауы мен қыратында өрген жануарлар, көкте еркін самғаған құстарының кең далада еркін өмір сүруі керемет үйлесімділік. Адамзат әсерінсіз де өзара бір-бірімен тығыз байланыса тіршілік етеді. Табиғаттың мұндай жаратылысының ерекшелігі осында. Алайда қазір дәл осылай сипаттаған әдемілікті көре алмайсыз. Кең даланы еркін кезген жануарларды да сирек кездестіресіз.
Біздің мекеме жүргізілген әрбір рейдтік шара барысында ұсталған азаматтардың көпшілігінің дәл осы аңшылық бойынша істі болып отырғаны – осы сөзіміздің дәлеліндей. Әдетте, жүгірген аң, ұшқан құсты көрген бетте-ақ аңшының араны ашылып, оларды беталды қырып-жоюды ойлайды. Олардың қорғаудағы аң, құстар екеніне пысқырып та қарамайды. Мұны құлқыны тоймайтындардың әрекеті демеске әддің жоқ.
Біздің басты мақсатымыз да осы – облыс аумағындағы орман қоры мен еркін аймақтардағы жануарлар дүниесін қорғау және олардың жойылып кету қаупінің алдын алу. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, өткен жылғы қазан, қараша, желтоқсан айларында табиғат заңнамасы сақталуына байланысты жүргізілген рейдтік тексерулер барысында аң-құстарды заңсыз аулау бойынша 35 дерек тіркелген болатын. Қаскөйлердің әрқайсысының атына хаттамалар толтырылып, айыппұл өндірілу үстінде. Әрине, олардың қарусыз жүрмейтіні белгілі. Тінтіп, тексеру кезінде тәркіленген 35 дана аңшы қаруы жергілікті ішкі істер бөлімшелерінің уақытша сақтау қоймаларына тапсырылды.
Бұл ретте біз әр кезде де өз міндетімізге селкеу келтірмей, қызметімізді мінсіз атқаруға тырысамыз. Аудандық мекемелер инспекторларымен бірлесе желтоқсан айының 20-24 аралығында осындай тағы бір тексеру шарасын жүргіздік. Мамандар бұл жолы Байзақ,Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Мойынқұм, Жуалы, Жамбыл, Талас аудандарында болды. Байзақ ауданындағы алғашқы күн ешқандай заң бұзушылықсыз аяқталды. Ертесіне кешкілік мамандар Дихан ауылының аумағында күдікті автокөлікті байқап қалып, нәтижесінде екі азаматтың заңсыз аңшылықпен айналысып жүргендігін анықтады. Олар өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырып та үлгерген екен. Тінту кезінде азаматтардан екі мылтық тәркіленіп, олардың заңды құжаты жоқтығы белгілі болды. Сонымен қатар олар үш қырғауыл атып алыпты.
Мамандар мұнымен де шектелмей, рейдтік шараны одан әрі жалғастырды. Келесі, яғни желтоқсанның 22-сі күні инспекторлар Т.Рысқұлов ауданына қарасты «Үмбет» ерекше қорғаудағы табиғи аумаққа атбасын бұрды. Олар сезгендей-ақ екен, күдікті екі автокөліктің ізін байқап, із кесіп, жедел әрекетке көшті. Нәтижесінде аумақтың «Қайшыбек» бөлімшесінде екі көлікпен жүрген жеті азамат ұсталды. Тергеп, тексере келе олардың аңшылық жасап жүргендігі белгілі болды. Олардың 7 (бес атар) аңшы мылтығын тәркілеп, 14 қырғауылды атып алғанын анықтады. Бүгінде қарулар аудандық ішкі істер бөліміне өткізілді. Бұл ерекше қорғалатын аймақ болғандықтан, ендігі шешім сот ұйғарымына сәйкес шығарылмақ.
Міне, осылайша небәрі екі күннің ішінде 9 мылтық тәркіленіп отыр. Енді әрбір ұсталған азамат 168350,0 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады. Жалпы мекемеміздің 3 айда атқарған жұмысының нәтижесінде келген залал мен айыппұл көлемі 4281325 теңгені құрады. Оның бүгінде 1151995 теңгесі орнына келтірілді, қалғаны сот шешімімен өндірілуде.
Өңіріміздегі жан-жануарлардың құрып кету қаупі жоғары екендігін әркез баса айтып келеміз. Бұл іске адамзат өркениетінің кері әсері бары да қынжылтады. Ендеше, қай-қайсымыз да қоршаған ортамыздың шырышын бұзбай сақтауға жанашырлықпен атсалысайық.

Кенжебек АБАЙ,
облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» КММ-ның директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support