Елді мекендердің бас жоспарларына елеулі өзгерістер енгізілуде

Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмысты істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары бүгінде өңірімізде табысты іске асырылуда. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бұл бағдарламаларға кеңінен тоқталуы оның қаншалықты маңызды екенін айқындай түсетіндей.
Жалпы Жолдаудан туындаған міндеттер мен бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, мекеменің негізгі жұмыс жоспары бекітілген. Соның бір тармағы – елді мекендердің бас жоспар жобаларын жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста 2010 жылдан бері қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Мәселен, облыста ірілі-ұсақты 378 елді мекен бар. Соның ішінде 4 қала мен 28 елді мекеннің тұрғындары тығыз қоныстанған. Ал халық саны 5 мыңға жетпейтін елді мекеннің саны – 346.
Бүгінде жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 363 елді мекеннің бас жоспары әзірленіп, бекітілді. Қалған 15-інің бас жоспарын жасау үшін қаржы әлі қаралмаған. Оның басты себебі, тұрғындарының саны 50 адамнан аспай отырғандығы. Бірақ біз «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 2-бабындағы «халқының есептік саны кемінде 50 адамы бар елді мекен есепке алынады және тіркеледі» деген тармақты басшылыққа алып, соған қарай тиіс жұмыстар атқарып жатырмыз. Қазір сол 15-тің 9-ына аудандық бюджет есебінен 2019 жылға қаржы бөлініп, оңайлатылған сызбасын жасау көзделуде. Атап айтсақ, осы санатқа жататын Меркі ауданында – 2, Шу ауданында – 5, Т.Рысқұлов ауданында 2 шағын ауыл бар. Ал Мойынқұм ауданындағы Байтал, Арал, Кіші Қамқалы, ГРЭС-21-ді елді мекен мәртебесінен шығару туралы аудан әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданған.
Елбасы Жолдауда «Әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс. Осыған орай тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керек» – деп, өңірлерді заман талабына сай дамытуға басымдық бергені баршаға мәлім. Сондықтан кейбір шағын қала мен аудан орталығындағы ірі елді мекендердің бас жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Мәселен, Жаңатас қаласы, Б.Момышұлы, Құлан, Қордай, Отар, Ауқатты және Масаншы елді мекендерінің бекітілген бас жоспарларынан ауытқуына байланысты облыстық прокуратураның нұсқаулығы бойынша бірқатар түзетулер мен толықтырулар енгізілді.
Сондай-ақ «Қала және ауылдық елді мекендерде құрылыс салу, қала құрылысын жоспарлау» атты Қазақстан Республикасының Құрылыс нормалары және Ережесінің 4-тарауы 4.3 тармағына сәйкес бас жоспар жобаларының пайдалану мерзімі 5-7 жыл деп белгіленген. Осы мерзімнің өтіп кетуіне байланысты Сарыкемер, Мойынқұм, Аса, Меркі, Төле би ауылдарының және Шу, Қаратау қалаларының жобаларына түзетулер енгізу көзделуде. Оған аталған аймақтардың аудандық бюджеттерінен қаражат қарастырылып отыр.
Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде өңірде көп жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бағдарлама аясында республикада 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Ал 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мұның барлығы Елбасымыздың жүргізіп отырған сара саясатының жемісі. Ендігі кезекте Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің бірі – өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға кірісу керек. Қазіргі таңда облыс орталығы Тараз қаласы көшелерінің келбетін заман талабына сай қайта жасақтау үшін жобалау жұмыстары қолға алынды. Атап айтар болсақ, қаламыздағы Абай, Жамбыл, Төле би даңғылдарын, Сүлейменов, Комратов, Пушкин көшелерін жаңғырту, сондай-ақ Талас өзенінің жағалауынан демалыс орнын ашу жобалары әзірленіп, облыстық бюджеттен қаралған қаржыға жобалау жұмыстары жүргізіліп, бүгінде оң қорытындысын алды.
Басқарма мен аудан әкімдіктері арасында жасалған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Тараз қаласы мен аудандарда төмендегідей жұмыстар атқарылды. Шу ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Шу қаласы аумағынан – 290, Төле би ауылынан – 132, Алға ауылынан 22,1 гектар тұрғын алқабына жер учаскесі қаралып, жергілікті бюджеттен қаралған қаражатқа «Табыс жоба»ЖШС жобалау жұмыстарын жүргізді. Бұл мердігерлік ұйым Қордай мен Меркі аудандарының да жобаларын дайындауда.
Бүгінгі таңда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер телімдеріне Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде 107 428 азамат кезекте тұр. 2018 жылдың 1 желтоқсандағы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға 2 530 жер телімі беріліпті. Ал 2005-2018 жылдар аралығында облыс бойынша жалпы 28 907 жер телімі бөлінген екен.
Кезекке тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша бүгінгі таңда 29 тұрғын алқапта, барлығы 2403,23 гектарды немесе 13 379 жер телімін құрайтын аумақтың инфрақұрылымдық жүйелерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Соның шеңберінде биыл Тараз қаласында – 423, Қордай ауданында – 1857, Т.Рысқұлов ауданында 40 жер телімі үлестірілді. Байзақ пен Жуалы аудандарындағы 4 тұрғын алқабында инфрақұрылым жұмыстары жүріп жатыр.
Қазіргі қолданыстағы «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларының басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы жолда аянбай еңбек етіп, жұрт сенімін ақтағаннан артық абырой жоқ деп білеміз.

Дәулет ДОСАНОВ,
облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Comments are closed.